Ұлтымыздың латын әріптаңбалы жаңа әліпбиінің жасалуы – рухани жаңғырудың басты темірқазығы. Ұлттық сананың кемелденуі мен білім көкжиегінің кеңеюі. Латын әліпбиі арқылы алаштың ана тілін алты құрлыққа танытуға бетбұрыс жасап отырмыз. Саяси маңызы бар тарихи сәтке куә болу бақыты бұйырған азамат ретінде мен осыған қуанамын.
Латынға оралу, әліпбиді жаңарту – ұлттық мәселе. Саяси-мәдени, лингвистикалық, әлеуметтік, экономикалық, тағы басқа тұстары бар латын әліпбиіне көшу туралы Елбасының шешімін жоғары бағалаймыз, қолдап қуаттаймыз. Болашақтың тұтқасы – ұрпақтың мақтанышына айналар бұл қадам жаңа өмірге бастар баспалдақ. Қазақ елінің білім, ғылым саласындағы ұлттық ұстанымы, өмірлік қолтаңбасы.
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың 2006 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясының ХІІ сессиясында: «Латын әліпбиін қарайтын кез келді. Қалай болғанда да, латын әліпбиі бүгінде телекоммуникациялық салаларда басымдыққа ие болып отыр. Мамандар осы мәселені зерттеп, нақты ұсыныстарын жасауы тиіс», – деген болатын. Осы тұжырымнан-ақ латын әліпбиіне көшу мәселесі тәуелсіздік алған сәттен бері көкейкесті болғанын айқын аңғарамыз.
Н.Ә.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында өзекті тапсырмалар берді, бағыт айқындалды. Қазақ халқының рухани құндылықтарын дәріптеп насихаттау, оны түгендеп саралау, заман талабын ескере отырып дамытуға арналған келелі ойларды бүгінгі күні қазақ елі бойтұмар тұтынады.Ұлтын сүйген Елбасының бұл мақаласы санаға сілкініс сыйлап, ойға тағдыршешті қозғау салды. Халық латын графикасына негізделген ұлттық әліпбиіміздің жасалуын ұлы жаңалық деп қабылдады. Ұсынылған әліпбидің қызу талқыға салынуы да халықтың болашаққа бейжай қарай алмайтынын көрсетті. Бұл – сүйсінерлік іс.
Жаңа әліпби – түркі тiлдес халықтардың тарихи мұражайын ортақ мәдени мұраға айналдыра отырып, кедергісіз тура жолмен әлемдiк ақпараттық кеңiстiкке енуге мүмкіндік беретін негізгі құрал. Ұлтты, мемлекетті біріктіретін алып күш.
Жаңа әліпбиге өту – өркениеттік таңдау. Түркі тілдес елдерді жақындастыратын маңызды шешім. Латын графикасына өту дегеніміз қазақ тілін таңбалау. Латын әліпбиі қолданысқа енсе тіл өзгеріске ұшырайды деген жаңсақ пікір – аңғалдық. Ұлттық дамудың ұлағатты үлгісі саналатын бұл реформа сананы жаңғырту ғана емес, білімділікке ұмтылу. Ұлт тарихындағы ұлы белесте бірлік танытып, қазақ халқының кемеңгер ұлт екенін көрсету бәрімізге асқақ мәртебе. Бабалар батасы дарыған, ата аманатын арқалаған келесі ұрпаққа қажымас, таусылмас қазына сыйлағанымыз аға ұрпаққа абырой. Ол қазына – латын әліпбиі.
Бұл істе күдікке бой алдырмай, шуақты үмітке орын бергеніміз жөн. Ана тiлiмiз – бiздiң рухани түпқазығымыз. Тiлiмiздiң халықаралық деңгейде биiк мәртебеге ие болуы – елiмiздiң өсіп-өркендеуі. Латын әлiпбиiне ауыса отырып қазақ өз руханиятының тiзгiнiн өзi ұстайды. Бұл бағасы жоқ, теңдессіз құдірет. Бiр әлiпби, бiр тiл. Аңсаған арман қол созым жерде.
Келісім түбі келелі іс екенін ескерсек, ұлттық ортақ мүддеде бірігуіміз шарт. Елбасы ұсынған бұл шешім біз үшін тағдырлы бетбұрыс. Қазақ халқы Президенттің көрегендігіне сай болып, іс-әрекетін ширатып, үміт артқан жастар білімпаздыққа іскерлікпен ұмтылып, бүгіннен бастап латын әліпбиін игеруге кірісуі абзал. Ертеңгі күні жаңа әліпби ресми қабылданғанда бар қазақ латын әліпбиін қолданысқа енгізуге сақадай сай болуы керек. Бұл жауапкершілік біз үшін азаматтық парыз.
Оңалбай АЯШЕВ, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор