Қазір әлем киносының Люмьерлердің алғашқы екі-үш минуттық сюжеттерінен бастап, күні бүгінге дейін түсірілген кез келген фильмін интернеттен немесе арнайы лицензиясы бар дискілерден таба аласыз. Әсіресе Еуропа, Америка фильмдерін іздеп-табу ешқандай қиындық туғызбайды. Көрші Ресей елі де біраз жылдар бұрын «Мосфильм», «Ленфильм», «Свердловфильм», т.б. киностудияларында түсірілген фильмдерді заманауи цифрлы форматқа көшіріп, халыққа ұсынғаны мәлім. Әрине бұл – әлем жұрты өзінің кинотарихын көрерменге бір табан жақындатты деген сөз.
Осы тұста фильмдердің сақталуындағы мұндай тәсілдің қаншалықты қажеті бар деген сұрақ туындауы мүмкін. Әрине кинематограф таспадан басталды, сонда әлем, оның ішінде қазақ киносының қаншама інжу-маржаны дүниеге келіп, мәңгі өлмейтін рухани азыққа айналды. Бірақ таспаға түсірілген фильмнің көркемдік сапасы жоғары әрі сақталуы қанша жерден ұзаққа созылады десек те, мәңгілік ештеңе жоқ екені белгілі ғой. Күндердің күнінде ол кинотаспалардың да сыры кетіп, бояуы оңа бастауы бек мүмкін. Мұның бір ұшы біздің де кинотарихымыздың болашақ ұрпаққа жету-жетпеу мәселесіне әкеліп тірейді. Себебі соңғы жылдары цифрлы технологиямен түсіріліп жүрген фильмдерді есепке алмағанда, қазақ киносының тарихы негізінен пленкада сақтаулы тұр. Бұл – кинематографистеріміздің келешекке аманат етіп қалдырған орасан зор мұрасы ғана емес, еліміздің мәдениеті мен руханиятының тарихы ғой. Сондықтан осынау орасан байлықты сақтап қалу, оны келер ұрпақтың қолына аман-есен жеткізу бүгінгі буынның абыройлы міндеті екені белгілі.
Цифрлы тасымалдағыштағы фильмнің тағы бір ұтымды тұсы – көрермен үшін бүгінгі ғана емес, кешегі кинотарихымен де кез келген уақытта емін-еркін таныс болуына мүмкіндіктер береді. Қазақ киносының тарихында, тіпті мамандардың өздері арнайы әдебиеттерден оқып-білгені болмаса, көре қоймаған қаншама фильмдер бар. Себебі түсінікті: архивтерде пленкада сақтаулы тұрғандықтан, оларға үнемі қол жете бермейді. Оның үстіне, Кеңес өкіметі жылдары түсірілген қазақ фильмдерінің басым көпшілігінің түпнұсқасы Мәскеудегі «Белые Столбы» мемлекеттік фильмдер қорында жатыр. Ал олардың елімізде қолданылып жүрген көшірмелері әлдеқашан сапасы кетіп, өңі тозғаны соншалық, көрерменге көрсетпек түгілі, өзге бейнетасымалдағыштарға көшіруге жарамсыз болып қалғаны белгілі. Нәтижесінде бұл жағдай қазақ киносының көрермен үшін қолжетімді болуын қиындата түсті. Есесіне, әсіресе Тәуелсіздіктің алғашқы он-он бес жылында өзінің киносынан гөрі, еліміздің экрандары мен дүкен сөрелерінде қаптап кеткен шетелдік фильмдермен (басым көпшілігінің тәрбиелік мәні жоқ) әлдеқайда жақсы таныс болды. Ал енді интернет пайда болғалы жағдай тіптен өзгерді. Ендігі жерде көрермен қалаған дүниесін сол жерден тауып, көре беретін уақыт келді. Онсыз да көрерменіне жете алмай жүрген қазақ киносы үшін тағы да сын сағаты туды. Өйткені бірен-сараны болмаса (онда да соңғы жылдары түсірілгендері), қазақ фильмдерінің басым көпшілігі не дүкеннен, не интернеттен табыла бермейтіні белгілі ғой. Сондықтан ендігі бірер жылда «қазақ киносы «Жаужүрек мың баладан» басталады» дейтін ұрпақ келсе, аса таңдана қоймаспыз.
Осыдан біраз жылдар бұрын (2005-2006) «ТұранӘлем» банкінің қолдауымен Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы мен «Хабар» агенттігінің «Белые Столбы» архивінде жатқан 30 қазақ фильмінің қайта өңделіп, заманауи бейнетасымалдағыштарға (DVD дискілері мен VHS кассеталарына) көшіріліп, елімізге қайтарылуына мүмкіндік жасағаны есімізде. Одан бері он жылдан астам уақыт өтсе де, жаңағы 30 фильмнен өзгесі әзірге елге орала қойған жоқ.
Алайда жақында осы мәселеге қатысты бір жақсылықтың нышанын байқағандай болдық. Мәдениет және спорт министрлігінің жанындағы Қазақ ғылыми-зерттеу институтының бастамасымен Қазақ ұлттық академиялық кітапханасында өткен «Ұлттық цифрлы кинотоптамасын жарыққа шығару» атты дөңгелек үстелдің жұмысына қатысушылардың назарына цифрлы форматқа көшіріледі деп жоспарланып отырған «Қазақфильм» киностудиясы мен Ресейдің Мемлекеттік кино қорында жатқан фильмдердің тізімі ұсынылды. Сол тізімдерге сүйенсек, мысалы, Ресей мұрағатының өзінде 300-ден астам фильмнің түпнұсқасы сақтаулы екен. Ал олардың арасында қазақ көрерменіне мүлдем таныс емес дүниелер жиі кездеседі. Сондықтан еліміздегі, шет жердегі болсын архивтердегі фильмдердің цифрлы топтамасын жарыққа шығару – халықтың өзінің төл киносының тарихына етене жақын болуына ықпал етері сөзсіз. Әрине кешегі кеңес кезеңінен бастап, күні бүгінге дейінгі қазақ фильмдерін цифрлы форматқа көшіру оңай шаруа емес. Әйтсе де кинопленкалардағы осынау байлықты халыққа жеткізудің уақыты келген сияқты...
Нәзира РАХМАНҚЫЗЫ,
кинотанушы, өнертану кандидаты