• RUB:
    5.47
  • USD:
    473.29
  • EUR:
    512.81
Басты сайтқа өту
26 Қазан, 2011

Асқар таулар аясындағы шипажай

736 рет
көрсетілді

Атына заты сай аталмыш «Спутник» шипажайы Іле Ала­тауының теріскей беткейінде теңіз деңгейінен 1700 метр биік шыңда орналасқан. Бұл шатқал­дың тарихи атауы «Монах» шат­қалы екен. Бұл шатқал Тал­ғар қаласынан 11 шақырым, ал Алматы қаласынан 55 шақы­рым қашықтықта орналасқан. Бұл мекен негізінен 1931 жылы құрылған Алматы мемлекеттік қорығының жері. Ал 1961 жы­лы осы қорықтан Қапшағай қо­рығы бөлініп шыққан және мемлекет қарауына алынған. Қо­рық­та түрлі емдік дәрі шөп­терді былай қойғанда, қоңыр аю, барыс, сілеусін, қасқыр, түл­кі, қоян, бұғы, ақтиін, елік, арқар, қабан сияқты аңдармен бірге тау қыраны бүркіт, ла­шын, тұйғын, сұңқар, құрлар, кекілік, шілдер, т.б. хайуанаттар тіршілік етеді. Бұл жерде ертеде пионерлер лагері болыпты да, 1980 жылы 120 адамдық шипажайлардың кешені тұрғызылып, мұнымен қа­тар 500-дей пионерлерге арнал­ған шипажай ғимараттары салынған. Маусым уақыттарында шипажай айына 120-дан астам демалу­шылар мен емделушілерді қа­был­дай алады. Шипажайға зағип­тер, бірінші, екінші және үшінші топтағы мүгедектер тегін жолдамамен қабылданады екен. Демалу мен емделу ұзақтығы 12-14 күн. Бізді – Қарағанды облысынан барған 30 демалушыны І Алматы вокзалынан шипажайдың өкілі қарсы алып, үш қабатты шипа­жай­дың тамаша да жайлы екі кісілік бөлмелеріне орналастырды. Риза болғанымыз сол, біз орналаспай жатып-ақ дәрігердің қа­былдауы басталып, бұдан кейін 10 түрлі ем ала бастадық. «Ас – адамның арқауы» дегендей, төрт мезгіл дәмді тамақтанудың өзі неге тұрады. Оның үстіне өте таза ауасымен демалу да денсау­лыққа шипалы әсер етеді. Шипажайда мәдени-көп­ші­лік жұмыстары да жақсы жолға қо­йыл­­ған. Күнде кешкілік ән-би, ата­­лы сөздер, әжелер, аталар са­йы­сы деген бағдарла­ма­лар өт­кі­зіп, жеңімпаздарды анық­тап, сый­лықтармен мара­пат­талады. Мен өзім де бірнеше халық ән­дерін орындап, сый­лықтарға ие болдым. Бір айтарым, өкінішке орай, аталмыш шипажай бір кездері  жекешелендірілген екен. Бұл дұрыс шара емес қой деп ойлаймыз.  Егер қорық сияқты мем­лекет қарауына алынып, игі­лікті жұмыс істетсе, нұр үс­тіне нұр жауар еді демекпіз. Айткен ЫБЫРАЙ. Қарағанды облысы, Шахтинск қаласы.