• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 04 Қазан, 2017

Астанада діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу бойынша семинар-кеңес өтті

539 рет
көрсетілді

Астана қаласы әкімдігінде қала әкімінің орынбасары Ермек Аманшаевтың төрағалығымен діни экстремизм мен терроризмнің алдын алуды одан әрі ұйымдастыруға қатысты семинар-кеңес өтті.

Семинарға Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті лаңкестікке қарсы орталық штабының сарапшылары, Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының, Орыс православ шіркеуінің өкілі қатысты.

Діни экстрмизмнің пайда болуы әр қоғамда әр түрлі болғанымен, оның таралуына байланысты базистік жағдай ортақ. Әрі ол кез келген қоғам мен мемлекетке тән.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес үкіметтің  бақылауымен жұмыс істейтін діни саладағы мемлекет саясатын үйлестіру жөніндегі ведомствоаралық комиссия құрылғаны белгілі.

Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі мәдениет және дін халықаралық орталығының басшысы Айдар Әбуовтың айтуынша, бүгінгі таңда осы аталған комиссияға  мемлекеттік, атқарушы және басқа да органдар мен мекемелердің  бірыңғай ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізуді  ұйымдастырып, үйлестіру міндеттері жүктелген.

«Ведомствоаралық комиссия аясындағы барлық органдар мен қоғамдық бірлестіктердің негізгі міндеттері –алдын алу жұмыстарын жүргізе отырып,  жат діни ағымдарға еретіндердің санын азайту. Бүгінгі таңда дінге сенушілермен  жүргізіліп отырған жұмыс тәсілдерін түбегейлі өзгертуге негіз жоқ. Өйткені елдегі діни жағдай тұрақты», — деді ол.

Қазіргі уақытта Қазақстанда он сегіз діни конфессия мен 3693 діни бірлестік ресми түрде тіркеліп, заң аясында жұмыс  жүргізуде. Астана қаласы әлемге дінаралық форумдарды өткізу орталығы ретінде танылды. Ашық пікірлесу алаңында әлемдік және дәстүрлі діндер басшыларының бес съезі өтті. Алтыншы съезді келесі жылы ұйымдастыру жоспарлануда.

Сондай-ақ, семинар-кеңесте  ҚР ҰҚК лаңкестікке қарсы орталықтың басқарма басшысы Мұрат Қонақбаев, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, теолог Асылбек Ізбасаров, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының наиб-мүфтиі, Астана қаласының бас имамы Наурызбай қажы Өтпенов, тағы басқалар пікір білдіріп, қойылған сұрақтарға жауап берді.

Семинар-кеңес соңында терроризмге қарсы комиссияның жұмыс тобы мүшелері терроризмге қарсы тұру саласындағы нормативті-құқықтық актілерді білу деңгейін тексеруден  тест тапсырды.