* * *
ЖЕТІСУ ЖЕРІНІҢ ЖЕТІСТІГІ
Жер жәннаты Жетісу бүткіл көркі мен келбетін, барша сәні мен салтанатын Арқа төсіне ала келген сияқты. Бас қаламыздағы Жастар сарайының алдындағы алаң да, сегіз қатар кең жолдан тұратын Республика даңғылы да дүбірлі мереке құшағында. Атшаптырым алаңда қаз-қатар тізілген ақшаңқан киіз үйлер мен көгілдір шатырлы сауда сөрелері Жетісу жерінен бір дүйім ел көшіп келгендей сауда-саттықты қыздырып, ән мен күйді күмбірлетіп жатыр. Тау десе тауы, бау десе бауы бар, айдынды көл, сарқыраған өзенді өлке атанған Талдықорған өңірі тамылжыған табиғатымен қатар өндірісі өркендеп, ауыл шаруашылығы дамыған өңірлердің бірінен саналады. Биылғы жылдың қаңтар-қыркүйек айларында облыста ауылшаруашылық өнімінің жалпы көлемі 202 миллиард теңгені құрады. Облыста жеміс-жидек өсірумен 800-ден астам шаруашылық құрылымдары айналысады. Қазір шаруа қожалықтары 317 бақ пен 7 гектар жүзімдік өсіріп, 35 гектарлық 459 жылы жайда өнім өсіреді. Қазір облыста алманың атасы – Алматының апортын қайта түлету бағдарламасы жүзеге асырылуда. 2011 жылдың қаңтар, қыркүйек айларында облыста өнеркәсіп өндірісінің көлемі 308,3 миллиард теңгені құрады. Өңдеу өнеркәсібі 253,7 миллиард теңгенің өнімін шығарды. Азық-түлік өндірісінің үлесі 62,4 миллиард теңге болды. Индустрияландыру картасы аясында биылғы жылдың екінші жартысында облыста 5 ірі жоба іске қосылды. Мүйізді ірі қара етінің экспорттық әлеуетін арттыру мақсатында осы бағыттағы шаруашылықтарға 878 асыл тұқымды бұқалар сатылды. Соңғы кезде жаңадан 7308 бас асыл тұқымды ірі қара өсіретін 83 фермерлік шаруашылық құрылды. Облыста мал басын өсіру мәселесі де ойдағыдай жүзеге асырылып келеді. Биылғы жылы облыс экономикасына 249,1 миллиард теңге инвестиция тартылды. Тәуелсіздік алған жылдар ішінде өңір экономикасы ерекше дамуда. Әсіресе, Алматы облысының орталығы Талдықорған қаласына көшірілгеннен бергі кезеңде өңірдің әлеуметтік-экономикалық жағдайы серпінді даму баспалдағына көшті. Биыл өңірде 578 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Құрылыс жұмыстарының көлемі өткен жылдың 121,5 пайызын құрап, 125,4 миллиард теңгеге ұлғайды. 2011 жылдың қаңтар, қыркүйек айларында облыс бойынша 14401 жаңа жұмыс орындары ашылды.* * *
ТОЛАЙЫМ ТАРТУЫМЫЗ
Жетісудің сулы да нулы өңіріне орналасқан Балқаш ауданының еңбеккерлері негізінен ауыл шаруашылығымен, оның ішінде жайылым сәні – мал басын арттырумен айналысады. Біздің ауданымыздағы 15 селолық округтің тұрғындары бүгінде асыл тұқымды мал басын өсіруге ден қойған. Ауданымызда қазір асыл тұқымды мал өсіретін 13 ірі шаруашылық жұмыс істейді. Мұнда негізінен қазақтың етті ақбас сиырлары және мұхиттың арғы жағынан әкелінген америкалық герефорд тұқымды етті бағыттағы қара мал өсіріледі. Балқаш ауданында қазір ақтылы мал өсірумен 907 шаруа қожалығы айналысуда. Жалпы алғанда, ауданымызда қазір 67 мың ірі қара, 14 500 жылқы, 125 мың қой өсіріледі. Бұл ретте өңіріміздің айтулы азаматы, Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіровтің иелігіндегі «Жақсылық» шаруа қожалығын ерекше атап өтуге болады. Сол сияқты күрішші Әбен Қыстаубаевтың «Бірлік агрофирма» ЖШС биылғы жылы 1600 гектар күріштіктің әр гектарынан 48 центнерден өнім алды. Тәуелсіздігіміздің 20 жылдық торқалы тойы қарсаңында Астанада өткізіліп жатқан облысымыздың жәрмеңкесіне Балқаш ауданының еңбеккерлері өздерінің қомақты үлесін қосты. Атап айтқанда, біздің ауылшаруашылық тауар өндірушілері бұл жәрмеңкеге 3 тонна күріш, 3 тонна пияз, 2 тонна картоп, 2 тонна көкөніс, 700 кило ет әкелді. Бұл біздің еңбеккерлердің бүкілхалықтық мерекеге тартқан толайым тартуы. Мейрамбек ҚАНАТБЕКОВ, Балқаш аудандық ауылшаруашылық және малдәрігерлік бөлімінің бастығы.* * *
ҚОС ҚҰРЛЫҚТЫ ҚОСҚАН ҚАЗЫНАЛЫ ӨҢІР
Ежелден Еділ мен Жайық арасында қоныс тігіп, қос құрлық – Еуропа мен Азияның арасындағы алтын көпір атанған Батыс Қазақстан облысының тарихи шежіресі мол, өндірістік қуатының әлеуеті ортаймаған тұғырлы өлке екендігі белгілі. Бұл өлкеде кезінде Алтын Орда, Ақорда, Ноғайлы ордалары ту тіккен. Бүгінде құрылғанына 210 жыл толып отырған Бөкей хандығы да сол ұлы шежіренің сабақтастығы. Кезінде қазақ даласына азаттығын аңсаған күнбатыс Алашорда тарихы да осы өңірде бастау алған. «Мың өліп, мың тірілген» қазақ халқының қолы жеткен бүгінгі мерейлі Тәуелсіздік осы өңірлердегі айтулы күрес шежірелерімен шыңдалған. Сондықтан да ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы аясында Астанада өтіп жатқан Батыс Қазақстан облысы күндерінің мерейі ерекше салмақты. Өркенді өңірдің 2011 жылғы қаңтар-қыркүйек аралығындағы өнеркәсіп өнімдерін өндіру көлемі 1124,8 миллиард теңгені құрады. Газ өндіру көлемі 12886,3 миллион текше метр болып, 2010 жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 18,2 пайызға өсті. Машина жасау саласында 11982,0 миллион теңгенің өнімі өндірілді. Мұнай өңдеу өндірісінің өнім шығару көлемі 35320,1 миллион теңгені құрап, 2010 жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 1,6 есе өсті. Сонымен бірге 381,6 миллион теңгенің тоқыма бұйымдары және киімдері шығарылды. Тамақ өнімдерін шығару көлемі 19813,5 миллион теңгені құрады. Осы мерзімде облыста негізгі капиталға 114,5 миллиард теңге инвестиция тартылды. Оның 54,7 миллиард теңгесі шетелдерден тікелей құйылған инвестиция болып табылады. 2010 жылы облыста республикалық және аймақтық индустрияландыру картасы шеңберінде 9 инвестициялық жоба жүзеге асырылды. Олардың ішінен 54 мВт газ-турбиналы электр стансасы, «Қарашығанақ – Орал» газ құбырының 2-кезеңі және басқа ірі жобаларды атап айтуға болады. Облыста осы мерзімде ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемі 51,8 миллиард теңге болды. Облыстың барлық санаттағы шаруашылықтары есепті кезеңде 51,7 мың тонна ет, 194,2 мың тонна сүт, 105,9 миллион дана жұмыртқа өндірді. Облыста орта және шағын кәсіпкерлікті дамытуға ерекше көңіл бөлінеді. Қазір мұнда 36,1 мың шағын кәсіпкерлік субъектілер тіркелсе, оларда 65 мың адам жұмыспен қамтылған. Осы мерзімде шағын бизнес субъектілері 108,4 миллиард теңгенің өнімін өндірді. Облыста үстіміздегі жылдың 10 айында 10199 жаңа жұмыс орны ашылды.* * *
САПАЛЫ ӨНІМ САУДА СҮРЕСІНДЕ
Биыл еліміз үшін ерекше айтулы жыл болып отыр. Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен еліміз өз Тәуелсіздігінің 20 жылдығын толайым табыстармен қарсы алуда. Тәуелсіз Қазақстанның өндірісі өркендеп, ауыл шаруашылығы қарқынды даму үстінде. Оның айқын мысалын біздің Батыс Қазақстан облысының ауыл шаруашылығы саласынан да айқын көруге болады. Облыс диқандары биылғы жылы бітік егін өсіріп, әр гектардан 10 центнерден астық жинады. Мал басын қыстан қоңын төмендетпей алып шығу мақсатында 1,5 жылдық жем-шөп қоры әзірленді. 2011 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша 2010 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда облысымыздағы қой саны 1,4 пайызға, жылқы 13,3 пайызға өсті. Облысымыздың ауылшаруашылық еңбеккерлері Тәуелсіздік тойының шеңберінде бас қаламызда өткізіліп жатқан облыс күндеріне мол тарту-таралғылармен келіп отыр. Еділ мен Жайық, шежірелі қос өзеннің жағасынан жол тартқан оралдық керуен 2,5 мың шақырым жол жүріп, астаналықтар мен қала қонақтарына өсірген өнімдерін, ән мен жырларын тойға шашу ретінде алып келді. Атап айтқанда, облыс ауыл шаруашылығы еңбеккерлері Астанадағы жәрмеңкеге 80 тонна ет, 20 тонна балық, 180 тонна көкөніс жеткізді. Бұл айтулы күнге облысымыздың 12 ауданынан 56 ауылшаруашылық субъектілері келіп отыр. Оралдықтар бұл күнге жәрмеңке сөресіндегі сапалы азық-түлік өнімдерімен бірге өнерлі өңірдің ән мен жырын да тарту етуде. Сонымен бірге Батыста ежелден бастау алған қолөнер шеберлерінің неше түрлі бұйымдары да жәрмеңкеге келген қонақтарды тамсандыруда. Марат ОҢҒАРБЕКОВ, Батыс Қазақстан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы.* * *
ӨНДІРІСТІ ӨҢІРДІҢ ӨРКЕНДІ ӨРІСІ
Астана қаласы әкімдігінің алдындағы орталық алаң асқақ әуен құшағында қалықтап тұр. Керекуден жеткен күмбірлі күй, Баянауылдың балауса әуезі алаңға жиналған астаналықтар мен қала қонақтарын өнер құдіретімен баурап, мерейлі ел мерекесінің асқақ рухына тәнті еткендей. Алаң төріндегі ақ шатырлы сахнада мың бұрала билеген керекулік керім қыздардың шеберлігі жәрмеңкеге жиналған жұрттың жанарын еріксіз өзіне тартып, сауда сөрелерінен гөрі рух құдыретінің әлеуетін арттыра түскендей. Құрылғанына 73 жылдың жүзі болған Павлодар облысы Тәуелсіз Қазақстанның өндірісті де өркенді өңірі екендігі бүгінгі осы бас қаламызда өтіп жатқан облыс күндерінің аясында айрықша паш етілді. Иә, Павлодар облысы республикамыздың бірегей өндірісті өңірі екендігі анық. Облыстың үлесіне республикадағы өңдеу өнеркәсібінің 7 пайызы, көмір өндірісінің 70 пайызы, ферроқорытпа өндірісінің төрттен үш бөлігі, электр энергиясының 40 пайызы тиесілі. Сонымен бірге бұл өңірде соңғы жылдары мәшине жасау, металл өңдеу өндірістері ерекше қарқын алып, ауыл шаруашылығы саласы да толайым табыстармен дамып келеді. Өткен жылы өңірлік өнім өндірісі көлемі 1993 жылмен салыстырғанда 430 есе өсіп, 1031,9 миллиард теңгеге жетті. Жан басына шаққандағы өңірлік өнім өндіру 1993 жылғы 531,9 АҚШ долларынан 2010 жылы 9387,1 АҚШ долларына жетіп, 18 есе артты. 1993 жылдан бергі уақытта облыстағы өнеркәсіп өндірісінің көлемі 256 есе өсіп, 2010 жылы 844 миллиард теңге болды. Міне, береке-бірлігі толысқан, өндірісі өскен өңірдің тәтті Тәуелсіздіктің 20 жылдығы ішінде жеткен жетістіктерінің бір белесі осындай. Аймақ экономикасының өркендеуіне Елбасының тікелей бастамасымен елімізде жүзеге асырылып жатқан үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы қарқынды серпін берді. Бағдарлама шеңберінде 168 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Қазірдің өзінде 42 ірі өндіріс орталығы іске қосылды. Соңғы 10 жылда облыста 45 ірі өндірістік кәсіпорын ашылды. Өңірде 1990 жылдан бері ауыл шаруашылығы саласында өнім өндіру көлемі 73 есе өсіп, өткен жылдың соңында 60,7 миллиард теңгеге жетті. Ауылшаруашылық құрылымдарының саны 1991 жылы 618 бірлікті құраса, 2010 жылы 4120 бірлікке жетті. Агроөнеркәсіп кешенінде мал шаруашылығы, қайта өңдеу және ауылшаруашылық өнімдерін сақтау саласында 35 инвестициялық жоба жүзеге асырылды. Өндірісті өңірдің өркенді өрісі облыс тұрғындарының әлеуметтік әлеуетін арттыруға барынша жағдай жасауда. Тәуелсіздік жылдары облыста 2535,9 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Осының есебінен тұрғындарды баспанамен қамту көрсеткіші жақсарып, 1994 жылы облыстың әрбір тұрғынына 16,9 шаршы метрден келсе, 2010 жылы әрбір тұрғынға шаққанда 20,9 метрден айналды. Халықты сапалы ауыз сумен қамту мақсатында да айтарлықтай шаралар жүзеге асырылды. 2005-2011 жылдары облыстың денсаулық сақтау саласы 20 жаңа нысанмен толықты. Осы мерзімде облыста 30 жаңа мектеп ашылып, 15,5 мың оқушы сапалы білім бастауына ден қойды. Мәдени мекемелер желісі 271 нысанға көбейді. 2008 жылы республикамызда алғаш рет Павлодар қаласында Достық үйі ашылды. Онда 19 этно-мәдени бірлестік жұмыс істейді. Соңғы жылдары 328 спорт ғимараты салынып, күрделі жөндеуден өткізілді. Облыста 838 спорт шебері, 133 халықаралық дәрежедегі спорт шебері және 3 Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген спорт шеберлері дайындалды. Облыс күндері аясында орталық алаңда ашылған «Кереку-Баянауыл жәрмеңкесі» атты ауылшаруашылық жәрмеңкесіне облыстың 152 ауылшаруашылық құрылымы өздері өндірген азық-түлік тауарларын әкелді. Павлодарлықтар жәрмеңкеге 800 тоннадан астам 27 түрлі сапалы азық-түлік өнімдерін жеткізген. Оның ішінде 101 бас сиырдың тұтас еті, 52 жылқының тұтас еті, 210 бас қойдың тұтас еті, 1800 құстың тұтас еті әкелінген. 37 тонна шұжық өнімдері, 23 тонна еттен жасалған жартылай фабрикаттар жәрмеңкенің сауда сөрелерінен орын алған. 255 тонна картоп, 80 тонна сәбіз, 35 тонна қызылша, 40 тонна қырыққабат, 17 тонна сүт өнімдері, 12 тонна бал, 14 тонна балық астаналық тұтынушылардың жоғары талғамынан шықты. Баянауыл өңірінен жеткен 7 мың литр бал қымыз жәрмеңке тұтынушыларының таңдайын тамсандырды. Алаң ортасына тігілген ақшаңқан киізді ақ ордалар келушілерді ерекше эстетикалық әсерге бөлеп, шынайы таңдай қақтырды. Бұл ақ ордалар өзінің мән-мағынасына қарай «Ұлттық өнер киіз үйі», «Дәстүр», «Ғасырлар үні», «Айтыс», «Саятшылық киіз үйі» деген атаулармен ерекшеленеді. Бұл киіз үйге келушілер суретке түсіп, экзотикалық суреттерді ескерткішке алады. Ақиқатында Астана қаласының орталық алаңында қанат жайған Павлодар облысының жәрмеңкесі мен қолөнер көрмесі, үлкен сахнадан тыңдармандарына сыйлаған асқақ әндері қала жұртшылығын ұмытылмас әсерге бөлеп, шынайы ризалық сезіміне бөленді.* * *
ІРГЕЛІ ҚОЖАЛЫҚТЫҢ ІРІ ЖЕТІСТІГІ
Мен 1998 жылы шаруа қожалығын құрып, асыл тұқымды мал басын өсіруді мақсат тұттым. Алғашқыда қиындық болды. Қазір жағдайымыз түзеліп, шаруашылығымды ірілендіруге қол жеткіздім. Мен басқаратын «Табыс» шаруа қожалығында бүгінде 1600 бас асыл тұқымды ірі қара, 1200 бас қой өсіріледі. Сондай-ақ қазақтың жабы тұқымдас жылқысын өсіруді қолға алдым. Қазір шаруа қожалығымда 620 бас жылқы бар. Ақкөл ауылдық округіне қарасты біздің қожалықта қазір ауылдың 32 тұрғыны тұрақты жұмыспен қамтылған. Шаруа қожалығы өз өнімдерін игілікке жарату мақсатында да жемісті жұмыс істеп келеді. Қазір шаруа қожалығы Екібастұз қаласының әлеуметтік орындарын ет және сүтпен қамтамасыз ететін бірегей шаруашылыққа айналды. Елбасының ауыл шаруашылығы еңбеккерлеріне деген шынайы қамқорлығының нәтижесінде шаруа қожалығында өндірілетін әрбір кило сиыр етіне 120 теңге, жылқы етіне 92 теңге, қой етіне 50 теңге, қымыздың әрбір литріне 60 теңге субсидия беріледі. Бұл біздің шаруашылығымыздың экономикалық жағдайын жақсартуға қомақты қолдау болып отыр. Соңғы кезде іріленген іргелі «Табыс» шаруа қожалығы қаладағы аз қамтамасыз етілген отбасыларына қайырымдылық көмек жасайды. Ауылдың ауруханасын, мектебін қысқы көмірмен қамтамасыз етуге қолұшын береміз. Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы барша қазақстандықтар үшін ұлы мереке деп есептеймін. Сондықтан да мен облыс күндері шеңберінде өтіп жатқан осы жәрмеңкеге 3,5 тонна ет және басқа азық-түлік өнімдерін әкелдім. Еттің әр килосын 800-850 теңгеден саудалаймыз. Манат АЛҒАМБАРОВ, «Табыс» ШҚ жетекшісі. ______________________ Бетті дайындаған Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ; суреттерді түсірген Орынбай БАЛМҰРАТ