Өзінің нелер хикметке толы ғажап өмірімен, терең пәлсафалық білімділігімен, толқымалы терең ойлылығымен, дарақтай дара бітімді парасаттылығымен, туған жұртының жыртығына жамау, тесігіне қамсау болсақ деумен жетпіс үш жасында өмірден баз кешкен Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының текті тұлғасы қатты қызықтырып, құмарлығымызды арттыра түсіп келіп еді. Иншалла, сол аңсардың бір парасының орындалуы осы таяуда ғана жүзеге асқандай болды.
Сапарымыз оң болып Мәшекеңнің мәңгілікке тыныс тапқан тұсына жетіп еңселендіре тұрғызған кесенесіне зиярат еттік. Шырақшы моллаға аят оқытып, тәу етіп, бас иістік. Қызыл граниттен жонып жасалған қыздың жиған жүгіндей тап-тұйнақтай құлпытастың астында алып жүректі, ақыл ойдың кемеңгері, туған жұртына өлшеусіз қызмет еткен аяулы Мәшекеңнің – Мәшһүр Жүсіптің мәңгілікке уақыт құдіреті жүрмес, сүйегіне сызат салуға да күші жетпес асыл денесі тыныстап жатыр.
Сонау төменнен кесенені бетке ала шаншыла көтерілген мәрмәр сатының өз қапталында Мәшекеңнің ақындық ойының төгіліп түскен інжу маржанындай жыр шумақтары тасқа бәдізделіп ойылып, түсірілген екен.
Әр шумақ өлең жолдарында ғұлама ойдың сары алтынның буындай буырқана қотарылған сұңғатты ойпаттары сені де терең тебіреніске жетелеп, жетеңе жетерлік небір асыл пікірлерімен баурай түседі.
Мәшекең өзін таныстыру өлеңінде жанды портретін жасайды, әкесі мен бабасының діни жолда имани жол кешкенін жеткізеді. Тірлік пен денсаулықта – баста бағым, Онан соңғы дәулетім – тіл мен жағым. Құдай берген он екі мүшелерім, Өз өнерім өзіме – алтын тағым.
Алты алашқа жайылып кеткен атым, Жүрген жерім – ду базар, қылып хатым. Ұстаз пірдің һумматы болып жәрдем, Бір ұшсам, кете берем, бар қанатым.
Баянауыл, Қызылтау – өскен жерім, Кірім жуып, кіндігім кескен жерім. Қалам, сия, қағазды қолыма алсам, Келер қоршап бойыма ғайып пірім.
Айдабол мен Күліктен – таққан затым, Мәшһүр деген – бір лақап, Жүсіп – атым. Орта бойлы, қой көзді, пітір мұртты, Аққұба, бидай өңді қияпатым.
Жылым қой, тоғыз беске келіп жасым, Жарастықты, көрнекті сақал, шашым. Жел қайықтай жел сөзге есуші едім. Тұрған күнде: «домалап өрге тасым!»
Әкем Көпей – жетпіс үш жасында өткен, Дін жолына жас күнде бізді үйреткен. Өзі жастай тариқат жолын іздеп, Әбілқасым ишанға қызмет еткен.
Бабамыздың аты екен – Шермұхаммед, Құдайға құл, Нәбиге болған үмбет. Балаларын оқуға сүйрейді екен, Екі қолдан жетелеп, қылып һүммер.
Өзінің өнер жолындағы сәтті самғауларын елестете сөйлеп, әкесі мен баба салған сара жол – дін жолын таңдап алып, имани асыл қасиеттерге бой алдырғандығын зор құрметпен мәлімдейді.
Мәшекең өзінің тағы бір өлеңінде туған жұртының қараңғылық халін барынша ашына сөз етеді.
Түзелер қашан жұрт боп мына қазақ, Қылмаған кім бар дейсің бізді мазақ. Кешегі өткен дәуірде тұншығумен Өлуге, өлмесек те, қалдық аз-ақ!
Аяқты бір баса алмай емін- еркін, Өтті ғой ит қорлықпен өмір шіркін! Жүргенбіз, өліп қалмай не ғып шыдап, Қарашы күдерідей жанның берігін!
Өшпейді өсіп зорайған өтірік, ұрлық! Қалған жоқ әлімжеттік, әлі озбырлық! Өткіздің өмір жасты жылауменен, Жалғаннан таяқ жеумен көріп қорлық.
Ат шауып айнала алмас біздің мінген, Тышқанша жан сақтадық шықпай іннен. Замана баса көктеп билеп кетіп, Кетіппіз болып кәпір, шығып діннен!
Жүрдік-ау тіріміз деп біз де ұялмай, Өздігіңнен өлуге жан қия алмай. Өнер, білім, талапқа жол жоқтықтан, Хайуанша қаңғып қалдық оқи алмай.
Осынау ащы шындықтың басты нысанасы, сөз етер тақырыбы қазақ. Осы жұрттың міскін халін кезінде осындай сорлаусыз, мінсіз суреттеу дәрежесіне екі ақынның бірі жете алған жоқ. Зор жанашырлық күйзелісінен туған бұл өлең өз өткірлігін бүгін де жоймаса керек. Әсіресе:
Кедейдің шықпайды өнер саяғынан, Байлардың ғапыс болған таяғынан. Бірі шаба жөнелсе ілгері озып, Шап етіп бірі алады аяғынан, – деген ішмерез мейірімсіздікті бүгінгі қазақ бастан өткермей отыр демесек керек.
Мәшекеңнің «Алаш» баспасынан жарық көрген жиырма томдығы ұлы адамның артында қалған бізбен бірге жасай берер мұрасы екендігі даусыз. Тек оқыр көз, қотарып алар сана болсын дейміз. Сатымен көтерілер тұстың қос қапталында көрнекті шайыр Нартай Бекежанов пен ірі ақын Ғафу Қайырбековтің бір-бір ауыз өлеңдері тәбәрік етіп берілген екен.
Ғафу ақын: Мен келдім мүзейіңе жолым түсіп, Егілдім рухыңызды сүйіп-құшып. Өмірдің жолдарында жар бола гөр, Қазақтың пайғамбары Мәшһүр Жүсіп, – деп тебіренеді. Ақ жал тұлпар айтулы ақын асқақ сөйлейді, Мәшекеңді пайғамбарлық парасат биігіне бір-ақ көтереді. 1931 жылы ғана өмірден өткен Мәшекеңнің қырық томдық еңбегін зерделей білген кез келген пенде (көрсоқыр болмаса!) оның ой-толғаныстарының ұшы-қиырына жетіп, сарқып ішуі мүмкін емес. Әйтпесе хакім Абай: «Мен де ақынмын, Мәшһүр де ақын, дегенмен ол ақын болғанымен құдайға жақын. Сондықтан да Мәшһүр Адамзаттың әулиесі ғой», – демес еді. Сөз басында ұлы тұлғаларды танып білетін өз ортасы, көзі ашық, даналық даңғылында жүргендердің мол болғандығы жөн деп едік. Мәшекеңді де жаңа қоғам түсінбеді, діни мистикалық тұрғыдан ғана қабылдады. Бұл, әрине жаңалық емес. Қазіргі төрт көзі түгел ашық қоғамымыздың да басыр тұстары аз емес.
Осы орайда ұлы қаламгер Жүсіпбек Аймауытов «Сіз қазақтың қазақ заманында дүниеге келіп қалған гауһарысыз. Сіз құлашыңыз ұзын, қиялыңыз терең, арманыңыз алыстағы өмірде.
Жаңа заманның бұйынтық сөзі, жыбырлақ мінезі сізді жаратпайды, тосаңсытады, күні өткен жат адам қылады. Жаңа заман өйте берсін. Сіз онда жалғыздығыңызды, сәнді-салтанатты ескі күніңізді жырлап өтіңіз» – деп ақылды, есті кеңес береді. Жаңа қоғам қабылдамаса қабылдамасын, бірақ сіз қазақтың қазақтығын сөз ете беріңіз дейді. Жобасы, Жүсекең Мәшекеңнің арнасы кең де терең ой ағысын сергек сезініп, тап басып таныған соң осындай ойға өріс ашқандығы даусыз. Біз бұл арада жаңа қоғам ағысына қарсы жүрген қаһарман ойшылдың сыршыл сезім талшықтары келер ұрпақ кәдесіне жарап кететіндігін бүгін көріп,біліп отырмыз ғой. Өйткені Мәшекең өз сөзін қазақ жұртына арнады, соның жоғын жоқтады, мұңына ортақтас күй кешті.
Мәшекең жалаң өлеңмен өріс ашқан талант емес. Ол ең алдымен өз жұртының тарихын, өмір жолын, салт-дәстүрін, жол-жоралғысын түптей зерттеген этнограф ғалым. Бүгінгі ауыздан ауызға ауысып, кітаптан кітапқа көшіп жүрген мұралардың дені Мәшекең жиыстырған жауһарлар екені даусыз. Ол өз халқының тұтас бір энциклопедиялық үлгідегі ұлы мұрасын жиыстырушы. Тарыдай шашылып кеткен иесіз мүліктің басын құрап, кәдеге жаратты, бүгінгі ұрпақ игілігіне айналдырды. Осы орайда ғұлама ғалым Әлкей Марғұлан: «Мәшһүр ақындықтан басқа ғалым адам. Күншығыс, араб, парсы халықтарының тарихын, пәлсафасын жақсы білген. Химия, физика, география, астрономия ғылымдарынан жақсы хабардар болған Мәшһүр бұл сияқты терең ғылымдармен танысуына көз болған көбінесе атақты Әбдулғали Сина, Әл-Фараби сияқты орта ғасырдағы Бұхара ғалымдарының шығармаларын, жаңа араб, фарсы, түрік кітаптарын көп оқиды» деп Мәшекеңнің білім алудың бастау бұлағын дөп басып айтады. Біздің бұған қосарымыз, Мәшекең әлем қалаларын, олардың тұрмыс тіршілігімен, ең алдымен білім орындарымен танысуды мақсат етіп қойған. Орта Азияны аралайды, Тәшкент, Түркістан, Самарқан, Бұхара, т.б. шаһарларды көреді. Тілдерді жете меңгеруі арқасында Шығыстың классикалық әдебиетін зерделейді. Ол орыс түркологы В.В.Радловпен танысып, әдеби үлгідегі дүниелерді жиыстырып, жарыққа шығарумен айналысады. Солардың ішінде «Хал-ахуал», «Сарыарқа кіндігі», «Тірлікте көп жасағандықтан көрген бір тамашамыз» атты өз еңбектерін жарыққа шығарды. «Дала уалаяты» газетіне де көптеген еңбектерін жаздыртып тұрды.
«Керұғылы», «Сайын батыр», «Ер Көкше» тәрізді тарихи дастандарды жинады. Бұқар жырау, Шортанбай, Шөже мұраларын жиыстырып хатқа түсіруші де осы Мәшекең еді. «Гүлшат-Шеризат», «Ғибратнама», «Шайтанның саудасы», «Баяннама», т.б. дастан-қиссалар жазды.
Мәшекең Ақан сері өмірін көп зерттеді. Осы еңбегінің бір тұсында: «Ақан серінің Құлагері өлген соң бұрынғы серілік мінезін де қалдырып, көп бас қосқан жиын-тойға бармайтын болып, дүние махаббатынан мүлде көңіл суытты. Ақан сері адамзаттың сұңқары, қызыл тілдің ділмәрі еді. Жігіттіктің құлпы, жібегі еді», деп баға береді, ұлы әншінің басына түскен трагедиялық халінен хабардар етеді. Кезінде Сәбит Мұқанов Мәшекеңнің «Мес» атты жинағын оқып отырып: «Мес» жинағына қарасаң көңілің тояттайды, оқысаң көзің қуанады», деп өз бағасын береді. Бұл шынында да солай еді.
Мәшекең бір сөзінде: «Адамзат ақыл-ойының шамшырақтары Сократ, Аристотельдер «өз бойындағыға» ие болып, ешкімнен үйренбей, өз білімімен тапты», дейді. Осы пікірді Мәшекеңнің өзіне қарата айтсақ еш артықтық етпейді.
Мәшекеңнен Шәрәпи, Мұхамәди – Пазыл атты үш ұл тараған. Бүгін солардың бірсыпыра ұрпағы тарихи кесенені, мейманхана қызметін өз қолдарына алып, тәу етушілерге үлгілі қызмет етуде екен. Біз соған разы болдық.
Бұл күнде бір кездегі Ескелді ауылының жұрты да қалмаған. Мәшекеңнің үйінің орнында бұлақ басында жаңа үй тұрғызылған. Үй ешкімге қызмет етпейді, бос тұр. Сол үйден екі-үш шақырым тұста Мәшекеңнің кесенесі төбеден асқақ қарайды. «Тап осы төбеге бос жіберген түйе келіп шөккенде мені сол араға жерлеңдер. Тәнімді ашық қалдырыңдар. 41 жыл тәнім бүлінбейді. Тек жыл сайын бетімді жапқан орамал мен кебінімді ауыстырып отырыңдар» деп өсиет еткен. Тағы бір көк тасқа жазып қалдырған сөзінде: «73-ке келгенше балталасаң да өлмеймін, 73-тен ары қарай сүйресең де аспаймын» деген екен. Әулиенің сөзі тура келгендігіне қалай таңдаңбасқа. 1932 жылғы ақсүйек аштықты болжай «қазақ жұрты алапат аштықтан қырылады екен, бірақ мен оны көрмеймін» депті.
Жолай Екібастұз қаласындағы Мәшекеңнің жуырда тұрғызылған ескерткішін тамашаладық. Бұрынғы Ленин көшесі енді М.Ж.Көпеев болып аталыпты. Бір әпербақан коммунист Ленинді алмастыратын бұл не қылған қазақ деп қарсылық білдіріпті. Сол күні түнде екі аяғын баса алмай домалап қалыпты деп қала халқы дуылдасып отыр.
Бұл да ұлы әулиенің аруағы жағалаған шара болған болар дестік. Зор әсер, терең тебіреніспен жолға шықтық. Бағытымыз Көкшетау.
Төлеген ҚАЖЫБАЙ, жазушы
Көкшетау – Баянауыл – Екібастұз – Көкшетау