• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Медицина 05 Қазан, 2017

Биосфера да жаңғыруы қажет

798 рет
көрсетілді

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы өміршең де өзекті мәселені күн тәртібіне қойып отыр. Сөз жоқ, «Туған жер» бағдарламасы – ұлтты ұйыстыратын тағы бір тың ұсыныс. Оның өн бойынан нағыз патриоттық тәрбиенің рухы сезіледі. 

«Қазақ «Туған жерге туыңды тік» деп бекер айтпаған. Патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады.  

Туған жер – әркімнің шыр етіп жерге түскен, бауырында еңбектеп, қаз басқан қасиетті мекені, талай жанның өмір-бақи тұратын өлкесі. Оны қайда жүрсе де жүрегінің түбінде әлдилеп өтпейтін жан баласы болмайды. Туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүрлеріне айрық­ша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы пат­риотизмнің маңызды көріністерінің бірі.

Басқа аймақтарға көшіп кетсе де туған жерлерін ұмытпай, оған қамқорлық жаса­ғысы келген кәсіпкерлерді, шенеуніктерді, зиялы қауым өкілдері мен жастарды ұйым­дастырып, қолдау керек. Бұл – қалыпты және шынайы патриоттық сезім, ол әркім­де болуы мүмкін. 

Жергілікті билік «Туған жер» бағдар­ла­ма­сын жинақылықпен және жүйелі­лікпен қол­ға алуға тиіс. Үрдісті мұқият ойластырып, халыққа дұрыс түсіндіру қажет. Туған жері­не көмек жасаған жандарды қолдап, құр­мет­теудің түрлі жолдарын табу керек...» – деп атап көрсетті Н.Ә.Назарбаев «Бола­­шақ­қа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында.

Жалпы, бағдарламалық мақаланы нақ­тылы қазақ халқы үшін, оның ата­мекені ауылдар үшін жазылған десек те артық емес. Бұл – мазмұны терең, ауқы­мы өте кең, ұлт руханиятын ХХІ ғасыр­дың биігіне шыға­ратын үлкен бағдар­лама­­лық құжат. Ол туған елі мен жерінің тағ­дырына жаны алаң әр­бір азаматты бей-жай қалдырмайды деп білемін.

Менің туған жерім – Нұра өңірі. Нұра – менің кіндік қаным тамып, туып-өскен жерім. Туған жерім – менің мақтанышым, бүгінім мен келешегім. Қорғаным да, барым да, асылым да осы – қара Нұра. Мен оған мәңгі қарыздармын. Өмірдің қай белесіне көтерілсем де, қазақ байтағының қай қиырында жүрсем де туған жерімді бір сәт жадымнан шығарған емеспін. Жиі ат басын бұрып, тыныс-тіршілігімен хабардар болып отырамын. Түрлі сән-салтанат, жиын-тойларынан қалмауға тырысамын. Қанатымен су сепкен қарлығаштай, қал-қадерімше көмек қолын созуға ұмтылып тұрамын, мұны өзімнің перзенттік парызым санаймын. Кезіндегі Нұра өзенін сынаптан тазарту жөніндегі жобам да ел қамын ертеден ойлаудан туындаған еді. Онда біз еліміздің ірі өзендерінің бірі – Нұраның ластануы тек өсімдіктер мен жануарлар ғана емес, адамдар үшін де аса қауіпті екенін ғылыми тұрғыда дәлелдеп берген едік. Осындай азды-көпті еңбегімізді, іске деген жанашырлығымызды ескерді ме, қайсыбір жылы жерлестерім маған «Нұра ауданының құрметті азаматы» атағын ыстық ықыласпен табыстаған еді. Ол маған бір жағынан ерекше мерей, мәртебе болса, екінші жағынан қосымша жауапкершілік жүктейді.

Осы ретте, Елбасының рухани жаң­ғыру орайындағы мақаласын оқи отырып, ту­ған жерім туралы толғанғым келеді. Оның ішінде, адамзат үшін аса маңызды қор­шаған ортаны қалыпты сақтау, бір сөз­бен айтқанда, қызметтік, ғалымдық өрісіме байланысты, эколо­гия­лық саламат­тылық жөнінде ой бөліссем бе деймін.

Экология мәселесі қазіргі таңда өндіріс­ті өңірдің кез келген тұрғынын толған­ды­рады. Экологиялық қауіпсіздік – табиғи экологиялық жүйенің тұрақты дамуы мен негізі сақталуына және кеңеюіне кепіл бо­лып табылатын ұлт­тық қауіпсіздіктің құрам­дас бөлігі. Қара­ған­ды облысының қор­ша­ған ортаға әсер ету жөнінен өзіндік ерек­шелігі бар. Рес­пуб­ликаның бірде-бір облысы дәл біз тәрізді техногендік ауырт­па­лықтың зардабын тартып отырған жоқ. Тау-кен металлургиясы, кен шығару, шығарылған кенді өңдеу, жылу энергетикасы және тағы басқалары облыс өнеркәсібінің жетекші салалары болып табылады. Өнеркәсіп кешендері өздерінің жұмыс істеуі барысында облыстың эколо­гия­лық ахуалына техногендік әсерін ти­гізу­де. Өңірдің экологиялық жағдайы­ның ушығуына «Байқоңыр» кешені, «Сары­шаған» әскери зымырандар полиго­ны­ның жұмыс істеуі, сондай-ақ Семей ядро­лық сынақ алаңының ұзақ жылдар­дағы салдары ерекше зардабын тигізуде, оның бәрі жан-жақты зерттеп, баға беруді талап етеді.

Қарағанды облысы – Қазақстандағы эко­ло­гиялық жағынан ең ластанған, өнер­кəсіптік өндіріс орындары көп шоғыр­лан­ған ірі өнеркəсіп орталығы. Бұл өңірдегі өндіргіш күштердің даму барысы көптеген жылдардан бері экологиялық зардаптар ескерілмей іске асырылды. Соның салдарынан облыстың атмосфералық ауасы бұзылды. Мəселен, тұрақты көздерден атмосфераға тарайтын лас заттар жылына бір миллион тоннадан асады. Ал бұл жалпы республикадағы барлық қалдықтардың үштен бірі деген сөз. Негізгі ластаушы көздер Теміртауда, Жезқазғанда, Балқашта, сол сияқты Қарағандыдағы энергетикалық кəсіпорындардың өзі жылына 96,2 мың тонна ластандыратын қоспа таратады екен.

Қала маңына орналасқан ГРЭС-1, №3 ЖЭО жəне Қаражал ЖЭО-ның күлі мен түтіні бұрқырап мазаны алуда, сол сияқты, Ақжал байыту фабрикасының, Қайрақты, Жамбыл, Қарағайлы Ақшатау кеніштерінің қалдықтары да бұрқырап, желге ұшып жатыр. Бұларда қауіптілігі 1-3-ші сыныпты қорғасын, мырыш, берилий, висмут және радионуклидті флотация қалдықтары көп. Тозаңданып аспанға ұшудың салдарынан мұндай заттар маңайын да шаңдатып жібереді. Бұған қоса, атмосфералық ауаны автокөліктер де ластандырып, одан шығатын тастанды қалдықтар жылына жүздеген мың тонна көлемінде зиянды заттар таратса, оның ішінде 200-ге жуық әртүрлі қоспа бар екендігі анықталғаны баршаға мәлім. 

Бүгінгі таңда су ресурстарын қорғап, ұтымды пайдалануда да проблема көп. Облыстың жалпы жылдық су ресурсы 3,4 млрд текше метрге жуықтайды. Оның жыл сайын 2-2,3 миллиард текше метрі пайдаланылады. Негізгі су көздері Нұра өзені, оның Шерубай-Нұра жəне Соқыр құймалары, Ертіс-Қарағанды каналы, Қаракеңгір жəне Жезді өзендері, Балқаш көлі болып табылады.

Облыстағы жер ресурстары да қиын жағдайда. 854 мың гектардай жер азып-тозған, жел эрозиясына ұшыраған. Оның басты себебінің бірі – жерді қорғайтын орман алқап­тарының қанағаттанғысыз жағдайы. Жер ресурстарын ғана емес, жалпы қоршаған ортаға зиянын тигізе­тін негізгі ластану көздерінің бірі – кәсіпорын­дардың өндірістік қызметі үдерісінде және тұрғындардың тұрмыс-тіршілігінде пайда болған қалдықтар. Облыста тұрмыстық қатты қалдықтардың өте көп болуы да біраз проблемалар туғызуда. Соны­мен қатар қоршаған орта мен адам денсау­лығы­на ықпал ететін проблеманың бірі – қазы­лып, кен өндіріліп алынған соң қалып кеткен, жабылмай аузы ашық қалған радиа­ция­лық қауіпті кен орындары мен карьерлер мәселесі.

Қазіргі кезде игеріліп отырған минералды шикізат көзі өте көп. Солардың ішін­дегі ең маңыздылары мыс, темір, марганец, полиметалдар, вольфрам, молибден, вана­дий және құрылыс материалдары. Өлке­нің мыс кендері кембрийге дейінгі заманнан бастап, кейінгі палеозойдың пермь дәуіріне дейін жиналған тау жыныстарымен байланысты. 

Бүгінгі таңда саналы тіршілік иелерін ғаламдық деңгейде алаңдататын өзекті жайттың бірі – қоршаған ортаны қорғау мәселесі. Адамдардың салғырттығы мен бейқамдығынан бастау алған экологиялық күрделі ахуалды табиғи қалпына қайыра түсіру осы саладағы ғалымдар мен мамандарды соңғы жылдары терең толғандырып келеді. Өндірістің дамуы мен өнеркəсіп орындарының ұлғаюы, техниканы пайдаланушылар санының өсуі секілді өрке­ниет үрдісімен үндес шаруалар, екін­ші жағынан, табиғатты тамылжыған таза күйде қалдыруға кері әсерін тигізуде. Нұра өзенінің суын Қарағанды және Теміртаудан құйылатын өнеркәсіп сарқын­дыларынан кешенді түрде тазарту қажет. Ғалымдардың зерттеулеріне қараған­да, Нұра өзенінің табанында мыңдаған тонна сынап қалдықтары шөгіп жатыр. Бұған кінәлі деп «Карбид» АҚ, «АрселорМиттал Теміртау» АҚ деп ашық айта аламыз.

Өндірісті өлкемізде осындай ойды онға, сананы санға бөлетін салмақты əрі түйінді шаруаларды оңтайлы шешуде жүзеге асырылып жатқан шаралардың бар екені де күмəнсіз. Бүгінде бұл проблема ішінара «ҚР Ақмола, Шығыс Қазақстан, Павлодар, Қарағанды облыстары және Астана қаласының тұрақты дамуы үшін қоршаған ортаны жақсарту» атты Үкімет жобасы көлемінде шешілуде. 

Қазіргі уақытта Қарағанды облысында өнер­кәсіп пен ауыл шаруашылығын да­мы­тудан бұрын экологиялық салдарын ескер­местен, табиғи ресурстарды бей-бере­кет пайдаланудан туындаған күрделі эко­ло­гиялық ахуал орын алып отыр. Осы­ған байланысты экологиялық қауіп­сіздік өте маңызды және ол үшін қоршаған орта­ға барынша антропогендік әсер ету сал­дары­нан жеке тұлғаны, қоғамды және мем­ле­кетті қорғауды қамтамасыз ететін кешен­ді шараларды тұрақты түрде іске асыру қажет. 

Экология – адамдардың бақытты өмір жолында өзін қоршаған табиғи, рухани ортамен жарастықты қарым-қатынас жа­сай білуі. Ендеше, ол барша тіршілік әре­кеттердің бәрін біріктіреді. Қорек айыру жолында қалай қол қусырып отыра алмайтын болсақ, экологиялық үйлесім жолында да дәл солай қарекеттенген ләзім. Сау-саламат тіршілік жолындағы майданға отбасынан бастап күллі адамзатқа дейінгі ұйым, бірлестіктің бәрі де атсалысуға тиісті. Сонда ғана экологиялық жарасым жолын­дағы күрес әлеуметтік әділетті­лік жолын­дағы күреске айналады. Өз денсау­лы­ғың­ды күтуден бастап, аймақ, ел мен жердің тыныштығын қамтамасыз етуге дейінгі жарастықтың бәрін қамтитын бұл күрес майданында әрбір адам шешуші қыз­мет атқаруға тиіс.

Дамудың діңгегі – рухани байлықтар. Деген­мен, қоршаған орта, табиғи жараты­лыстың да жаңарып, жаңғырып отырғаны абзал. Қазіргі таңда дүниежүзінің көпте­ген елдері жасыл экономика қағидасын қабылдаған. Соған орай, 2013 жыл­дың 1 маусымында Қазақстан Прези­денті Н.Ә.Назарбаев Қазақстан Республикасы­ның «жасыл экономикаға» өту Тұжырым­дамасы жөніндегі Жарлыққа қол қойды. Жасыл экономика – экономикалық теория­дағы жаңа бағыттардың бірі. Ол табиғи ресурстарды «табиғи капитал» ретінде қарастырады. Міне, бұл тұрғыда да ойлас­тырар, атқарылар жұмыстар жеткілікті. Яғни, рухани жаңғыру мен биосфера жаңғыруы қатар жүргізілетін жұмыс.

Елімізде аса табысты өткен халық­ара­лық ЭКСПО-2017 мамандан­дырыл­ған көрмесінің бір бөлігі «Жасыл эконом­и­ка­ға», қоршаған ортаны қорғауға арнал­ғаны да тегін болмаса керек. Бұл бағыт­тағы Ел­ба­сы­мыздың тың ойлары барша қазақ­стан­­дық­тарды жігерлендіріп, осы идеяны іске асыру үшін барынша талпыныс жасауға серпін береді.

Менің ұзақ жылғы экология саласын зерт­теуімнің, жиған тәжірибелерімнің нәти­жесінде 2013-2016 жылдары «Эколо­гия­ның рухани өрісі» атты монография кітап болып жарыққа шықты. Осы зерттеу еңбекте ұлттық салт-дәстүр, әдет-ғұрып, табиғатты қорғау, ел мен жердің тарихы мен тағдыры, Отанды сүю, жас ұрпаққа патриоттық тәрбие беру мәселелері тегіс қамтылды. Бұл – менің туған жерге, Еліміз бен Отанымызға деген тамшыдай болсын қосқан үлесім деп білемін.

 

Қайыржан БЕКІШЕВ, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің профессоры