• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Аймақтар 05 Қазан, 2017

Бесқарағай жұрты ақынын ардақтады

728 рет
көрсетілді

Ұлы адамдар күн секілді айналасына шуағын шашып жүреді деген рас-ау.

Небәрі 10 жасында ұлы Абайдың тәлімін ал­ған, өнеге тұтқан, ақынның хатшысы болған Ахметшәріп Молдажановпен кез­десіп, һәкім өлеңдерімен танысуы, ор­да бұзар отызында сонау Орынборда Мұх­тар Әуезовпен жүздесуі айтыскердің өмі­рін мүлде басқа арнаға бұрған секілді. Кей­інгі жыр алыбы Жамбылдан бата алуы, Нартай Бекежанов, Иса Байзақов, Төлеу Көбдіков, Маясар сын­ды дүл­дүл­дермен сөз қағыстырып, өнер жарыс­тыруы, Жүсіпбек Елебеков, Әмі­ре Қашаубаев, Жүсіпбек Аймауытов, Қай­ым Мұхамедханов сынды алаштың ар­дақ­тыларымен аралас-құралас болуы қайраткер ақынның тұлғасын одан әрі биіктете түскен сияқты. Жақында Бес­қарағай жұрты қазақ айтыс өнерінің көр­нек­ті өкілі, жазба ақындығы бір төбе, қай­рат­керлігі, азаматтығы бір төбе, өмірдің қы­зығын да, шыжығын да аз татпаған, бар­шылықты да, таршылықты да көп көр­ген Нұрлыбек Баймұратовтың 130 жыл­дығын есте қаларлықтай тағылымды шаралармен атап өтті.

Айтыскердің тойы айтыссыз өткен бе? Нұрлыбек ақынның есімін ұлық­тау­ға арналған екі күнге созылған мерей­той­лық шаралар Бесқарағай ауылында рес­публикалық ақындар айтысынан бас­талды. Өнер додасына есімі көпке та­ныл­маған жас айтыскерлермен қатар Əсем Ережеқызы, Фархат Маратұлы, Саягүл Бірлесбекқызы сынды жүйрік ақын­дар да қатысып, жыр бәсекесінің кө­рі­гін қыздырды. Бес сағатқа жуық уа­қытқа созылған сөз сайысының бас жүлдесін Қытай халық республикасынан келген Саягүл Бірлесбекқызы иеленді. Бірінші орынды семейлік ақын Манарбек Сатыпалды, екінші орынды Фархат Маратұлы (Алматы) еншілесе, екі үшінші орынды Аяулым Жұмабекқызы (Алматы) мен Қазыбек Байжұманов (Аягөз) өзара бөлісті.

Екінші күнгі шаралар дүлдүл ақынның ауылы Қарағайлыдағы айтыскер атындағы білім ордасында «Өз дәуірінің үні болған ақын» атты ғылыми-тәжірибелік конфе­рен­циядан басталды. Конференция ая­сын­да «Нұрлыбек Баймұратов» атты де­ректі фильм көрсетіліп, айтыскер туралы естеліктер мен ақынның бірнеше шығармалары топтастырылған жинақтың тұ­саукесер рәсімі өтті. Аталған еңбекті құрастырушы, белгілі журналист, аудан­дық «Бесқарағай тынысы» газетінің бас редакторы Асылбек Қожахметов конференцияда жасаған баяндамасында Нұрлыбек Баймұратов пен ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтің ағалық-інілік қарым-қатынасына кеңінен тоқталды. Айтыскердің «Қала сұлуы» атты поэмасын жазуға, 1939 жылы Мәскеуде өткен Қазақстанның мәдени онкүндігіне қатысып, үлкен сый-құрметке бөленуіне ғұлама ғалымның ерекше ықпал еткенін айтты. Басқосуға жиналған жұртшылық ақынның 110 жылдығында Нұрлыбек Баймұратовтың атын Қарағайлыдағы мектепке бергізіп, мұражайын ашқызуға үлес қосқан жергілікті журналист Уәлихан Түкісов пен Тоқтаған Кәкенов есімдерін ерекше ықыласпен еске алды. 90, 100 жылдығы туған жерінде атаусыз қалған айтыскер ақынды Бесқарағай жұртымен қайта қауыштырып, соңында қалдырған мұраларымен таныстырған Уәлихан Түкісовтің еңбегі қандай құрметке де лайық секілді. Ол кісінің «Дүлдүл ақын Нұрлыбек Баймұратов» атты естелігін шолып шыққанымызда тұлға туралы көп­теген тың мәліметтерге қанығып, ақын­ды басқа қырынан тани түскеніміз рас. Ел біле жүрсін деген ниетпен соның бір-екеуін келтіре кетсек артық болмас дейміз. Нұрлыбек ақын атағы аспандап тұрған бір шақтарда әйгілі Шашубай Қошқарбайұлымен кездесіп қалса керек. Шашубай ақын: 

Нұрлыбек сөз сөйледің аз бен көпке, Сыйындым бабам Шаншар, Қазыбекке, Алдыңа келген ақын шақ келмейді. Келе ғой ақын болсаң жекпе-жекке, – деп домбырасын қолына алғанда, Нұрлыбек: «Ойбай, Шашеке, Шашеке, жеңілдім, жеңілдім», деп айтысудан бас тартып, інілік ізет көрсетіпті. Сонда қарт Шашубай екі көзі жасаурап, Нұрлыбек ақынға ризашылығын білдіріпті. Ал Нұрлыбек Баймұратов пен әйгілі тарихшы Ермұхан Бекмахановтың 1953 жылы Колыма лагерінде кездесуі өз алдына бөлек әңгіме. «Бір күні мен жатқан камераға екі жағынан қолтықтап бір адамды есікке енгізді де итеріп тастап кетіп қалды. Қара көлеңкеде жылжып қасына бардым. Сөйлесе келе, Нұрлыбек ақын екенін білдім. Сонда ол: «Қанды жорық» деген дастан жазып едім, сол үшін жазаға тартылдым. Ал өзің кімсің?», деді. Мен: «Ермұхан Бекмахановпын», – дедім. Сонда Нұрекең: «Ойбай, бауырым, мен сені сыртыңнан жақсы білемін ғой. Құдайдың мына тар жерде кездестіруін қарашы», деп басын көтеріп алып, мені қуана құшақтап, табысып едік екеуіміз», деп жазыпты өзінің естелігінде Ермұхан Бекмаханов. Абайтанушы ғалым Қайым Мұхамедханов Нұрлыбек Баймұратов туралы естелігінде 1922 жылы Семейге режиссер Жұмат Шаниннің қызметке келіп, драма труппасының жұмысын қолға алғанын, Иса Байзақов, Әміре Қашаубаев, Нұрлыбек Баймұратов пен Жүсіпбек Елебековтің театр ойынына қатысқанын жазыпты.

Ал семейлік ұстаз Ғазиз Нұрпейісов бір естелігінде Қажымұқан балуан күреске шығар алдында оны цирктегі қалың көрерменге суырып салма өлеңмен таныстыратын екі ақын болғанын, оның бірі – Иса Байзақов, екіншісі Нұрлыбек Баймұратов екендігін айтыпты. Жазушы, журналист Жайық Бектұров 1958, 1959, 1960 жылдары ақынмен үш мәрте кездесіп, соның бірінде Мағжанның «Батыр Баянын» тыңдағанын тамсана әңгімелепті. «...Нұрекеңнің алдында жас шәкірттей иілдік те отырдық. Адам жылайтындай. Бұрын-соңды «Батыр Баянды» келістіріп айтқан адамды көргенім осы. Нұрекеңнің бұл дастанды айтқандағы үні, сарыны әлі құлағымнан кеткен жоқ», депті жазушы. У.Түкісовтің жазбасынан ақын өмірінің қиын да қызықты кезеңдерін, ел білмейтін қырларын бейнелейтін осындай естеліктерді көптеп кездестіруге болады. Мұның бәрі Нұрлыбек Баймұратовтың тек айтыскер, жазба ақын ғана емес, актерлік, әншілік қабілетінің де зор болғанын анық аңғартса керек. Мазмұнды баяндамалар жасалып, құнды естеліктер айтылған конференциядан кейін мерейтойға келген қауым мектептегі ақын мұражайын аралап, білім ордасы алдындағы Нұрлыбек Баймұратов бюстінің ашылу салтанатын тамашалады. Ақынның еңселі кеуде мүсінінің ашылу рәсімінде сөз алған Бесқарағай ауданы әкімінің міндетін атқарушы Ерболат Рахметуллин айтыскердің мерейтойы Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында аталып өтілгенін айтты. «Биылғы жыл біздің аудан үшін ерекше жыл болды. Өйткені биыл ауданымыздың ғана емес, облысымыздың, еліміздің мақтанышы деуге тұрарлық дауылпаз ақын Нұрлыбек Баймұратовтың 130 жылдық мерейтойы. Біз биылғы жылды ауданымызда «2017 жыл – Нұрлыбектану жылы» деп жариялап, қаңтар айынан бастап көптеген іс-шаралар өткіздік. Осы ретте ақын мерейтойын жоғары деңгейде өткізуге ерекше атсалысқан жергілікті кәсіпкерлерге, бесқарағайлық барша азаматтарға алғысымды білдіргім келеді», деді ол. Ақын мерейтойына арналған екі күндік шаралар ат бәйгесімен түйінделді. 

 

Азамат ҚАСЫМ,  «Егемен Қазақстан»

Шығыс Қазақстан облысы, Бесқарағай ауданы Суреттерді түсірген автор