Бұл – ақпараттық дәуірдің перзенті
Соңғы жылдары Қазақстан инновацияның дамуына, сондай-ақ ІТ, телекоммуникация, ұялы байланыс, сандық теледидар, кең жолақты интернетке қолжетімділік, электронды үкімет, «е-коммерция» мен әлеуметтік медиаға қолдауды күшейтуде. Өйткені жаңа заман талабы сондай. Оның сыртында заманауи технологияда мемлекеттік тілдің қолданысы мәселесі бар. Осы орайда жаңа қарқынмен жүзеге асырылып «Қазақша Википедияны» туған тілдің қолданыс аясын кеңейтудің әрі қазақстандық ақпараттық технология дамуының дәлелі екені дау тудырмайды. Біз осы қазақша википедия жобасын ұйымдастырып, басы-қасында жүрген азамат, белгілі журналист Рауан КЕНЖЕХАНҰЛЫНАН сұхбат алған едік.
– Ең алғашқы сұрағымыз қазақша википедияны дамыту ісіне байланысты болмақ. Жобаны қолға алуыңызға не түрткі болды? Идея қай уақыттан бастап айтыла бастады?
– «Қазақша Википедияны» дамыту қажеттігі көптен бері айтылып жүрген болатын. Көп айтылып, көп жазылды, алайда нақты іс жүзіне асырылған жоқ. Белсенді пайдаланушылар саны көбеймеді, ондағы мақалалардың саны артпады. Жалпы «Википедия» энциклопедиясының пайда болғанына биыл 10 жыл толды. Оның ішінде қазақша бөлімнің ашылғанына да оншақты жыл болып қалды.
–10 жыл?
– Иә, иә, 10 жыл. Біздің елде бұл тақырыптың алғаш көтерілуі – қазақы қауымның интернетке белсенді кіре бастауымен байланысты болды, яғни соңғы 2-3 жылдың көлемі. Не түрткі болды деген сұраққа қысқа жауап жоқ. Біріншіден, 281 тілден тұратын ғаламдық энциклопедиядағы тілдер санатында қазақ тілінің 125-орында тұруы намысқа тиді. Интернетке маманданған ортада: “Википедияда көрінбейтін тіл – өшуге бет алған тіл” – деген пікір бар. Сол себепті қазақ тілі ол санатқа жатпайтынын көрсету қажет болды. Екіншіден, біздіңше, бұл тіліміздің қолданыс аясын кеңейтудің, қазақ тілді ортадағы онлайн сауаттылықты көтерудің, көпшілік арасында қазақша жазу мәдениетін қалпына келтірудің құралы. Үшіншіден, «Википедия» – еркін ақпарат алмасу және интернет арқылы бірлесіп әрекет ету мәдениетін насихаттаудың, еріктілік (волонтерлік) мәдениетті таратудың бір жолы.
– Осы орайда wiki-технологиясына тоқталып өтсеңіз.
– Бұл технологияның әлемде кең тарауының басты себебі оның қарапайымдылығында. Кез келген қолданушы «Википедия» сайтына кіріп, кез келген мақаланы өңдей алады, оның ішінде мәтінді редакциялауға, сурет қосуға, аудио-видео файлдарды қоюға және басқа да көптеген мүмкіндіктер бар. «Википедия» қолданушыға шығармашылық еркіндік беруімен тартымды. Ол мақалаларды тексеріп, құптайтын арнайы мекеме немесе редакция жоқ, біздің адамдардың түсіне алмай қиналатыны да осы ерекшелік. Бұл жаңа замандағы шығармашылықтың, өзара ақпарат және білім алмасудың жаңа парадигмасы, яғни автор мен шығармашылық жемісін тұтынушы арасында редактор, корректор, цензор деген жоқ. Бұл қызметті атқаратын және шығармашылықтың сапасын қамтамасыз ететін пайдаланушылардың өзі. Пайдаланушылар қауымдастығы неғұрлым сауатты, білімді және талапшыл болса, мазмұн сапасы да сол дәрежеде болмақ. Сондықтан да, бұған кәсіпқой шығармашылық ортаның белсенді араласуы қажет. Мәселен, 3,5 миллионнан астам мақаласы бар ағылшын «Википедиясына» үлес қосатын адамдардың жартысы ғылыми дәрежелі мамандар.
– Кешіріңіз, осы жерде бір сұрақ қойсам. Қазақша «Википедия» ма әлде «Уикипедия» ма?
– Меніңше, «Википедия» деген дұрыс. Біз бұл мәселені пайдаланушылардың талқылауына шығарып, дауысқа салдық. Көпшілік «Уикипедия» деп жазуға дауыс берді. Сондықтан, сайттың өзінде энциклопедияның атауы «Уикипедия» деп жазылған. Бұл да Wiki технологиясының негізінде қауымдастықтың шығарған шешімі. Қазақ тіліне кірме сөздердегі в мен у дыбыстарының мәселесі туралы таратып айтып жату артық болар, көпшіліке белгілі ғой.
– Жобаның алғашқы сатысында қазақша онлайн-энциклопедиядағы мақалалар саны 200 мыңға жетуі тиіс деген мақсат көзделіп отыр. Меже қаншалықты қол жетімді?
– Ондай мақсат қойылғаны рас. Осыдан 4 ай бұрын 7 мың болған мақала саны қазір 80 мыңға жетті. Амандық болса, 200 мыңға да жетерміз деп ойлаймын. Бірақ, мәселе санда емес қой. Ең маңыздысы, тіл жанашырларын осы жобаға жұмылдыру. Тіл мәселесіне келгенде айтудан жалықпайтын әрбір ұлтжанды азамат сөзін іспен қуаттап, жобаға қатысуы қажет деп есептеймін. «Қазақша Википедияға» кіріп, бір мақала салған адам тілдің дамуына нақты үлес қостым деп айта алады. 200 мың деп биік мақсат қойған себебіміз – көпшілікті елең еткізіп, ортаға тарту еді. Шүкір, қазір белсенді википедияшылар саны өсіп келеді. Сол орта көбейіп, күшейсе, әрқайсымыз аянып қалмасақ, 200 мың да, миллион да еңсеруге болатын меже.
– Жобаға кім қолдау көрсетіп жатыр? Сондай-ақ өзіңіз басқарып отырған «WikiBilim» қоры туралы айтып өтсеңіз.
– Бұл жобаға «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры бас демеуші болды. Nokia компаниясы қолдады. Негізгі әріптесіміз Байланыс және ақпарат министрлігі мен Қазконтент компаниясы. Көптеген жоғары оқу орындары қолдауға ниеттеніп, әріптестік байланыс орнатуда. «Қазақстан» ұлттық энциклопедиясы осы күнге дейін шыққан барлық материалдарын «Қазақша Википедияға» орналастыруға келісімін берді.
Осы жерде айта кететін жақсы жаңалығымыз бар. Бүгінде «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры және «Nokia» компаниясының қолдауымен Wiki-бәйге жүріп жатыр. Википедия талаптарына сай 100 мақала жазған алғашқы 100 адамға ноутбук және үздік деп танылған 40 мақаланың иесіне смартфон табыс етіледі. Бұл пайдаланушыларды, жобаға үлес қосқысы келетіндерді ынталандырудың бір жолы деп ойлаймын.
«WikiBilim» қорына келер болсақ, бұл – интернеттегі қазақ тіліндегі мазмұнды дамытуды көздейтін коммерциялық емес ұйым. Біздің Википедиядан бөлек «Қазақстанның ашық кітапханасы» атты жобамыз бар. Аталмыш жоба арқылы қазақ оқырманын осы күнге дейін жарық көрген және шықпай жатқан туындылармен сандық үлгіде қауыштыру көзделіп отыр. Әңгіме тек мәтін жайлы емес, фото, аудио және видео туралы да. Барлық туындылар авторлық келісімдер негізінде заңды түрде интернетке шығарылады. Мұның сыртында, “WikiBilim” қоры еркін контент өрісін кеңейту идеясын насихаттайтын Creative Commons ұйымының Қазақстандағы өкілі. Бұл енді бөлек әңгімеге арқау болатын тақырып.
– Қазір «Википедия» жобасындағы материалдар саны 70 мыңнан асып кетті деген дерек бар. Осы жерде жоба қандай ақпарат көздерінен толтырылып жатыр деген заңды сұрақ туады.
– Жоғарыда айтқанымдай, біз жобаны бастаған кезде «Қазақ Википедиясындағы» мақалалардың саны 7 мың төңірегінде еді, ал белсенді пайдаланушылар, яғни энциклопедияға кіріп мақала қосатындар саны бар-жоғы 4 адам болатын. Бүгінгі мәлімет бойынша, мақалалардың саны 80 мыңға таяп қалды, белсенді қолданушылардың қатары 200 адамға дейін өсті. «Қазақстан» ұлттық энциклопедиясының арқасында мақалалар саны 50 мыңға артты. Қалған материалдарды қарапайым қолданушылар толтырды. Көп мақала аймақтық және түрлі салалық энциклопедиялардан келді.
– Бұрын-соңды мұнша мол мәліметті қазақ сайты жоқ болатын. Сайтқа тіркеліп, күнделікті кіру арқылы қолданып жүргендер туралы айта кетсеңіз. Қазіргі таңда олардың саны қанша?
– Жалпы «Қазақша Википедияның» пайдаланушысы ретінде тіркелгендер саны қазір 11 мың адамға жуықтады. Жоба аясындағы бәйгеге қатысушылар саны 100-ден асты. Оқу жылы басталғалы бері адамдардың саны тез өсіп келеді. Ол оқушылар мен студенттер, жас ғалымдар және интернетті пайдаланатын орта. Бұл адамдар өздерін қызықтырған: “Ол кім, бұл не?” деген сұрақтарға қазақша жауап іздеп, қазақша Википедияға келеді. Егер осы адамдар кез-келген сұрағына жауапты қазақша тауып алып, оның мазмұнына риза болса, онда «Қазақша Википедия» жобасының өз үдесінен шыққаны.
– Сайттарыңызда «Википедияда» кез келген тұтынушы өз білгенімен бөлісе алады деген хабарлама бар. Осындай ниеттегілер жобаны толтыруға қалай үлес қоса алады? Жолын көрсетіп өтсеңіз.
– Көп адам бізге: «Сіздердің сайттарыңыз» деп жатады. Бұл дәл айтылмаған тіркес. Себебі «Википедия» біздің жеке сайтымыз емес, ол әлемге ортақ дүние. Оған мақала қосу жолы да қиын емес. Қызығушылығы бар адамдардың алғашқы қадамы оңай болуы үшін www.wikibilim.kz сайтына кіргендері абзал. Осы сайттан Википедия туралы барлық сұраққа жауап тауып, оны қалай қолдану керектігі жөніндегі мәлімет аласыздар. Ішінде тіпті видео дәрістер де бар. Сондай-ақ, осы сайтта Wiki-бәйгеге қатысты егжей-тегжей ақпарат орналастырылған.
– Ғаламтордан «WikiBilim» қоры 2011 жылдың ғаламдық википедияшысы атанып, Джимми Уэйлстің жеке грантын жеңіп алғандарыңызды оқыдық. Бұдан кейін Д.Уэйлс Қазақстанға келеді деп естідік. «Википедия» негізін қалаушы «Қазақ википедиясының» қарқыны туралы қандай ой білдірді?
– Жыл сайын әлем википедияшылары бас қосатын Уикимания конференциясы өтіп тұрады. Биыл бұл конференция Израильдің Хайфа қаласында өтті. Конференция қорытындысы бойынша «Қазақ Википедиясы» әлемнің үздік «Википедиясы» атанды. Оның негізін қалаған Джимми Уэйлс «Қазақ Википедиясының» қысқа мерзімде осындай нәтижеге қол жеткізгенін көпшілікке таныстырып, бұл тәжірибені Орта Азия елдеріне насихаттау үшін Қазақстанда арнайы конференция өткізу туралы ұсыныс айтты. Өзінің де елімізге келуге ниетті екенін білдірді.
– Сіздің ойыңызша, «Қазақша википедия» ақпарат көзі ретінде сілтеме жасауға қаншалықты сенімді?
– Дәл осы сұрақ жаңа есімі аталған Джимми Уэйлске де қойылған. Оның жауабы былай болды: “Егер сілтеме ретінде пайдаланатын ақпарат көзін іздесеңіз, ғылыми әдебиет оқыңыз, ал «Википедия» оған арналмаған”. Ал сенімділікке келер болсақ, өзінің әпсәтте толығып отыру мүмкіндігінің арқасында «Википедия» «Британика» секілді басылымдардан да асып түсті. Әлемдік ақпарат құралдарының «Википедияға» жиі сілтеме жасайтынын көріп жүрміз.
– Соңғы сұрақ. Қазір латын әліпбиіне көшу туралы ойлар айтылып жатыр. Егер түбінде ол болса осыншама қыруар жұмысты тағы да аударып, екі жұмыс қылып жүрмейміз бе? Қалай ойлайсыз?
– Өте орынды сұрақ. «Қазақша Википедия» Қазақстанда және өзге елдерде тұратын қандастарымыздың қолданысындағы барлық әліпбиде жұмыс істейді. Яғни кирилл әліпбиімен жазылған мақаланы оп-оңай латынға және төте жазуға аударуға мүмкіндік бар. Әліпби ауысқан күннің өзінде, жиған-тергеніміз жоғалмайды. Сондықтан «Википедия» әлем қазақтарын біріктіретін интеллектуалды алаң.
Әңгімелескен Венера ТҮГЕЛБАЙ.
Джимми Уэйлстің тегін интернет-энциклопедия құру туралы идеясы әлемді тез жаулап алды. Алғашқы мақалалар идея авторы мен оның досы Лари Сэнгер ашқан «Википедия» атты сайтта осыдан он жыл бұрын пайда болды. Қазір бұл әлемнің 281 тілінде жұмыс істейді. Барлығын қоса есептегенде оның қорында 19 миллион мақала бар. Мұның 3,7 миллионы ағылшын тілінде, неміс және француз тарауларындағы мақала саны миллионнан асса, ал орыс тілінде 770 мың мақала жарияланған. Тіпті атақты «Британика» энциклопедиясы сияқты ауқымды академиялық басылымының өзі мазмұнның ауқымы мен жаңару жылдамдығына келгенде осындай жаһандық интернет-ресурспен теңесе алмайтын көрінеді. «Википедия» – ақпарат алмасу және баршаға ортақ білім қорын жасаудың бүкіләлемдік әмбебап платформасына айналған.