80-ші жылдардың басы. Айтыстың аренаға шығып, аспандап, Жүрсіннің аты асқақтап тұрған кез. Екеуміз ол тұратын сол кездегі Ленин көшесімен әңгімелесіп жайбарақат келе жатқанбыз.
– Ассалаумағалейкум, Жүке, – деп бір түрі-түсі келіскен егделеу кісі сәлем берді.
– Ойпырым-ай, ақсақал-ай, бұрын сәлем беріп бір ұялттыңыз, есіміңізді есіме түсіре алмай екінші рет қысылайын деп тұрмын-ау енді, – деді абыржып қалған Жүрсін.
– Қысылма, қарағым, сен мені білмейсің. Ал сені бүгінде исі қазақ баласы қадірлейді. Өйткені, сен айтысты тірілткен адамсың ғой. Теледидарды ашсаң, көз алдымызда тұрасың. Сондықтан өзіңді өте жақсы білеміз. Аман жүр, айналайын.
Иә, ақсақал дұрыс айтты. Ұлтымызбен ғасырлар бойы бірге ілесіп келе жатқан рухани дүниесінің, баға жетпес байлығының, ешбір елде жоқ ерекше өнерінің бірі айтысты арашалап, халқымызға алып келген, жаңғыртқан, жаңартқан, тіпті оны бүкілхалықтық қозғалысқа айналдырған Жүрсін екендігі айдай анық қой. Айтысты ол елімізден де тысқары шығарып, көрші қырғыз, өзбек жұртына да апарып айбарақтатты. Оны айтасыз-ау, ер Еділ бабамыздың атының тұяғы тиген Еуропаны есінен тандырып, Әміре атамыздан кейін аспанын қазақ әнімен жаңғыртып, Парижді де бағындырған Жүрсіннің жүйріктері екендігі есімізде. «Казахское народное творчество вновь покорило Париж», деп орыс басылымдарына дейін жабыла жазып еді-ау сол кезде. Оған жалғыз Франциядағы ғана емес, бүкіл Еуропадағы қазақ диаспорасы жиналған ғой. Қазыбек Әдікенов деген әнші жігіт «Алтайдай жер қайда-ай...» деп қобызбен қосылып зарлатқанда сондағы қандастарымыздың жыламағаны қалмапты.
Жүрсіннің айтысының бір ерекшелігі – ол ақындардан басқа да талай өнерпаздың тұсауын кесіп, бағын ашты. Қазыбек бауырымыз сияқты талай талантты танымал етті.
Жалпы, өзі де ер тұлғалы Ермановтың ерлігі бір басына жетерлік. Соның бірі атышулы 86-шы жылдың ызғарлы лебі бүкіл елді ықтырып тұрғанда Қарағандыға келіп айтыс ұйымдастыруы еді. Онда жұрт ақындардың аузымен шерін бір тарқатып, талай боздақтарының басына бұлт үйіріліп, еңкейіп отырған ел бір серпіліп, рухы қайта көтеріліп, бойын бір тіктеп қалғаны Арқа жұртының есінде.
«Ленин десек партия дегеніміз», деп Маяковский айтпақшы, айтыс десек көз алдымызда алдымен Жүрсін тұрады. Қазақтың осы бір дара өнерінің кәтепті қара нарының тері оның жолында бұршақтап төгілді. Ол текке кеткен жоқ. Жүрсін бастаған азаматтардың және Мырзатай Жолдасбеков, Рымғали Нұрғалиев, Ақселеу Сейдімбеков сияқты ақылман ағаларымыздың арқасында бодандық бұғауында ұлт рухымен қоса жаншылған төл өнеріміз өшіңкіреп, өлеусіреп барып қайта жаңғырған. Содан кемеліне келіп арындаған.
Бұл енді бүгінде көптің көкейіне әбден орныққан, көп айтылған белгілі жәйт қой. Менің айтайын деп отырғаным, 90-шы жылдары айтыс өтпелі кезеңнің өлара тұсындағы үзілістен кейін қайта жанданып, халықпен қайта қауышқанда Сәниязбек Найманов деген азамат екеуміз Жүрсіннің қасында болып, қал-қадерімізше қолғабысымызды тигізгеніміз бар. Тіпті оның шаруасына бүкіл бала-шағамызға дейін жапқанымыз есімізде. Әдетте, ақындар мен көрермен бәрі әбден дайын болғаннан соң барып келе қалады ғой. Сонда көрдім, оның айтыс өткізілетін орнын дайындау, жарнама жасау, қатысатын өнерпаздарды қарсы алып, орналастыру деген сияқты шаруалары шаш етектен екен. Былайғы достық өмірде қанша жыл бірге жүргеніммен мен Жүкеңнің керемет алғырлығы мен сұңғылалығын, ұлағаты мол ұйымдастырушылығын осы жолы көрдім. Елдің үкілеген рухани өнері ғой, Жүкең бұл жолы қатты кірісті. Сірә, айтысты өзі де сағынып қалған болуы керек.
Ең алдымен, айтысты қайда өткіземіз деген сұрақ бірінші тұрды. Ол бірден республикамыздағы ең үлкен Ленин сарайын таңдады.
– Ойбай-ау, көрерменді қалай толтырамыз, – деп біз шошып кеттік.
– Жығылсаң нардан жығыл деген. Осы бас сарайымыз талай жыл небір шетелдік жын-шайтанның ойнағы болып бітті ғой, айтыспен аластайық оны. Ұлтымыздың ұлы өнері онда өтпегенде қайда өтеді, – деп ол өзіне тән мінезімен зеңбірек атқандай дүрс еткізді.
Халық, қалай дегенмен де, қанша жыл көз жазып қалғандықтан болар, айтысты жатырқап та, тосырқап та қалыпты. Оның үстіне бұрынғы қоғамымыздың астан-кестеңі шығып, өз бетімізше елдік құрып жатқан аласапыран уақыт. Арба сүйреткен ғалым, ала дорба арқалаған қыз-келіншек. Жабайы нарықтың жан таптырмай тұрған кезі. Осындай уақытта концерт қайда, біреу қайда?.. Иә, көп ұзамай күдігіміз расқа шығып, билетіміз өтпей, зал толмайын деді. Радио мен телевизиядан жарнама жапырлап беріліп жатыр. Сонда да көңіл күпті.
– Залдың 300 мың теңге жалдық ақысын алақаныма әкеліп салмасаңдар, сарайдың есігі ашылмайды, – деп шарт қойды бір күні оның директоры.
Ол кез үшін бұл дегеніңіз сұмдық ақша. Жабыла демеуші іздеудеміз. Қысылтаяң уақыт, ешкімнен ештеңе шығар емес. Сол кезде қаулап шыға бастаған байшыкештерге кірудің өзі бір қиямет. Күзет, оққағар дегенге әуестеніп алған, одан өтсең көмекші дегені бар, қат-қабат бір қамал. Айтыстың ашылар күні таяп-ақ қалды. Шынымен-ақ сасайық дедік. Осы арада Жүрсіннің сұңғылалығын тағы бір рет көрдім.
– Осы Рымбекке неге бармайсың? Нағыз жерлесің, талай өнерпаздар шыққан қазақы жердің тумасы ғой. Түсінуге тиіс.
Бұл Күләш пен Манарбек, Шашубай сияқты өнердің шашасына шаң жұқтырмас талай дүлдүлдері өмірге келген Ақтоғай ауданының басшысы болған Рымбек Жүнісов еді. Алматыға келіп базарком болды, жағдайы жақсы екен деп еститінбіз. Өмірден ертерек кеткен досымыз, ақын Дәуітәлі Стамбековтің аузынан «нағашым еді» деп отырғанын сан рет естігем.
Ол кісінің алдына барғанымда «жібітейін» деген оймен осы жағын баса айттым. Сонау 80-ші жылдары салиқалы да салмақты басылым болған «Қазақстан коммунисі» журналының іссапарымен Рекең райком хатшысы болып тұрғанда алдына барған ептеп таныстығым да бар еді. Осылар әсер етті ме, әйтеуір, ол кісі жылы қарсы алды. Жүрсін айтысты қайта ашып жатыр дегенді естігенде елегізіп, айрықша пейіл білдірді. Қойшы әйтеуір, үлкен азаматтық жасап, бақандай бір мың долларды ұстатып-ақ жібергені ғой. Анығын Жүкеңнің өзі айтар, айтыстың мен білетін алғашқы демеушісі осы Рымбек Жүнісов еді.
Ұзамай ақындарымыз да келе бастады. Шымкенттен Әселхан Қалыбекова жетті. Жамбылдан Әзімбек Жанқұлиев пен Шорабек Айдаров, Қостанайдан Әсия Беркенова келді. Торғайдан ұшқан Қонысбай Әбіловті аэропорттан өзім тосып алдым. Оның сол кезде «халық ақыны» атағын алып асқақтап тұрған кезі. Арнайы дайындаған қонақүйімізге ертіп келгенімде неге екенін білмеймін, жеке куәлігінің орнына сол атағын айғақтап берген құжатын ұсынғаны. Тіркеуші дегенмен де төлқұжатын сұрағанда, Қонаңның: «Әй, шырағым, мен бұл куәлікпен сендер түгілі Мәскеудің бас қонақүйінің люкс нөмірінде де жатқанмын», – деп қоқиланғаны есімде қалыпты.
«Қаңқу сөзі қазақтың неге өлмейді, ұлыңды да құлдай ғып көгендейді», деп Жүрсіннің өзі айтпақшы, жақсының артына сөз еретіні рас қой. « Айтыстың әділқазылары Жүрсіннің айтқанымен жүреді, ол қай ақынды ұйғарса, бәйгені сол алады», деген өсектің басы қылтия бастаған тұс еді ол. Айтыс басталарда Жүкеңе ақыл салдық.
– Анау КВН-дегі Масляковті көрдің бе, жұрттан да, қазылардан да мүлдем бөлек, сахнада тұрады. Сен де сөйтсең қайтеді. Әрі басқаруыңа да жақсы, әрі қазылар алқасынан да аулақсың, жұрттың жел сөзінен де құтыласың, – дестік. Сөйтіп, ол сол айтыстан бастап өз бетінше бөлек, сахнада отыратын болды. Жұрттың әлгі өсегі де саябырсыды.
«Айтыс үшін сайтанды да алдауға бармын», дейтін ол, кім бергені есімде жоқ, әйтеуір сахнаның төріне айтыстың алғашқы бәйге-мәшинесін жалтыратып шығарып қойды. Мұның әсері керемет болғаны айтпаса да түсінікті болар деп ойлаймын.
Біреу үшін су кешіп, от оранып,
Құтқарғам жоқ төнгенде қатер анық.
Ат мінгізе алмадым бір адамға,
Бір адамға бергем жоқ пәтер алып!
– деп өзегі өртене жыр жазып жүрген Жүрсін кейіннен осы айтыстың арқасында ақындарға қаншама мәшине мінгізді, тіпті олардың кейбіреулерінің пәтер алуына да көмегі тигенін естіп жүрміз.
– Жеңген ақынның өнеріне риза болып, шапан жауып, ат мінгізу бұрынғы заманда да болған. Халық ақынға деген ризашылығын осы арқылы білдірген. Ақынды риза етіп аттандырған. Айтысқа мәшине тігіп, қомақты қаржы беруді шығарған мен ғана. 1984 жылдан бері 150-ден астам көлік жүлдеге тігіліп, ақындардың алды кемі 14-15 көліктен алды. Соның ішінде үкіметтің берген бір тиыны жоқ. Оның бәрі осы отырған Ерманов деген қазақтың аннан-мыннан құрап-сұрап тапқан ақшасына келген дүние, – дегені бар бірде оның өзі сахнада ағынан жарылып.
Айтпақшы әлгі өзім қатысқан алғашқы айтыста бәйге алған ақындардың біріне жүлде жетпей қалғаны бар. Сонда Жүрсіннің бала-шағасының нәпақасы деп жинаған бар қаражатын сол ақынға жүлде ретінде беріп жібергенін көзіміз көрді. Сондағы зайыбы Бақытжамалдың шырылдаған даусы әлі құлағымнан кетпейді.
Бақытжамал – Жүкеңнің құдай қосқан қосағы. Оны ауыл, ағайын туыстары жасынан еркелетіп Шәмкен деп атап кеткен сияқты. Жүрсін де, біз де солай атаймыз. Енді айтайын деп отырғаным, менің осы қарындасымның айтысқа сіңірген еңбегі үнемі қалыс қалып келеді. Жүрсін – айтыстың атасы болса, Бақытжамал анасы дер едім мен. Өзі де ел аузына іліккен телевизия дикторы болған оның өмір бойы дерлік осы айтыстың отымен кіріп, күлімен шығып келе жатқанын көпшілік біле бермейді. Мінезі көбіне алақұйындау болып келетін ақындарға талай сапарда ие болып, тамағына дейін мезгілімен ішкізіп, қамқор болып жүрген аяулы жанды ана демегенде не дейсің.
Айтулы айтыскер Оразалы Досбосыновтың қазасы талайдың қабырғасын қайыстырды ғой. Оған Жүрсіннің азаланып та, назаланып та шығарған өлеңі бар. Бірде осы Бақытжамалдың Оразалының қазасы туралы көзінің жасын бұршақтатып төгіп отырып айтқан әңгімесін тыңдап, біздің де босағанымыз бар.
Бақытжамал мен Жүрсін жиырма жастың маңайында ерте қосылған жандар. Алпысқа келгенше сол алғашқы сезімдерін аялап сақтап келе жатқандары ғажап енді.
«Сыңарым» деген әнеу бір тамаша ән бар ғой. Былай деп келетін сөзі қандай әдемі десеңізші:
Жастықтың қызығын бірге кешкен,
Шығар ма шырайлы күндер естен.
Жылуын сезініп махаббаттың,
Бір асып келеміз мың белестен.
Аяулы жыр әнімсің
Сен менің шынарымсың
Сен менің тағдырыма
Балаған сыңарымсың
Осы әннің сөзін жазған – Жүрсін. Әдетте әдебиетшілер «типтік образ, мұның ар жағында бүкіл қазақ әйелдерінің бейнесі тұр», десіп жатады ғой. Ал Жүрсіннің осы сөздерді тек қана Шәмкенге арнап жазғаны айдан анық енді.
Қарындаштай көп жазған –
қысқарамын,
Бір күн өмір легінен тыс қалармын,
Сен аман бол – тірегі үш ғаламның,
Ей, ардақты анасы үш баламның!
– дейді одан әрі. Жаныңа балаған жарыңа бұдан артық қандай сөз табылуы мүмкін. Жүкеңнің бұл реттегі аяқ тастасы тіпті ерекше.
«Поэзиясыз Жүрсін – Жүрсін емес», деп марқұм Асқар Егеубаев досымыз айтпақшы, Жүкең қайраткерлігі мен ақындығын қатар алып келе жатқан азамат екендігі даусыз. Мен ақын да емеспін, әдебиетші де емеспін. Сондықтан Ермановтың поэзиясын оқырман ретінде ғана түсініп, түйсініп бағалай аламын.
Жүрсін жалпы бір қараған адамға түсі суық, батыр мінездес, жау қабақтау жан. Содан ба, маған оның өлеңдері қара жартастың түбінен қайнап шығып, мөлдіреп ағып жатқан бұлақ сияқты болып көрінеді. Әшейінде мінезі тік, кімге болса да бет қаратпайтын ол, өлең жазғанда өзгеріп сала береді. Барынша сыршыл, жаны ауырмайтын нәрсесі жоқ.
Алматыда отыз жыл өмір сүргенімде онда Қасым ақын тұрған үй бар екенін де білмеппін. Ал Жүрсін оның бұзылғанына дейін көріпті. Жай ғана көрген жоқ, жан күйзелісін айтсаңшы:
Дегені қайда – басылды құйын?
Ақылым жетпей ашиды миым.
Виноградов көшесіндегі,
Қиратып жатыр Қасымның үйін, –
деп шырқырайды ақын жаны. Қайдағы бір келімсек Виноградов дегеннің көшесі көсіліп жатыр, ал Қасым ақынымыздың соңғы белгісі тас-талқан болуда. Жаның қалай түршікпейді бұған.
Шықпаған кез елдің әлі бүйірі,
Ең тәуір ас – жүгерінің түйірі.
Кешке келсе, күтіп оны тұратын,
Жанбаған от, сауылмаған сиыры, –
деген жыр жолдарын оқығанда соғыстан кейінгі жоқшылық пен таршылықтың ызғары бойыңды қариды. Бұл Ермановтың «Ертегі» деген өлеңі. Осыны курстасымыз Жанболат Аупбаевтың алыстағы ауылы Нарынқолда бір әженің немересі жатқа оқып берген ғой.
– Өлеңнің әсері сондай, кейуана екі көзіне жас алып, үнсіз отырып қалды, – деп еске алады осы оқиғаға куә Бақыт Жағыпарұлы деген азамат. – Сәлден кейін ғана немересіне көңіл аударған әжесі. – Мынау әлгі ділебизордағы айтысты жүргізіп отыратын сақалды жігіттің өлеңі дедің бе? Мың жасасын шырағым! Бұл өлеңі біздің өткенімізге қойылған мәңгілік ескерткіш қой, деп күбірлеп бетін сыйпады.
«Мың ойланып, жүз толғанып» шыққан ақын шығармасының тамаша төлеуі бұл.
Құдайға шүкір, Жүрсіннің ақындығы мен азаматтығы туралы көп жазылды. Жазылып та келеді. Солардың ішінде айтулы ақын Серік Ақсұңқарұлының мақаласы маған өзгеше болып көрінді. Ақын жанын ақындай түсіну қиын деген рас-ау, сірә. Серіктің өзі де «еменнің иір біткен бұтағындай» жұрт жүрген жолмен жүрмейтін, ел көнген нәрсеге көнбейтін, көнгеніңіз не, өзіңнің әп-сәтте ию-қиюыңды шығаратын алапат мінез иесі ғой. Біздің өмірден ертерек кеткен досымыз Дәуітәлі Стамбековпен барынша дос, барынша сыйлас болды. Найзағайдай шартылдап тұрған екі ақынның қысқа күнде қырық кикілжіңдеспей қалай дос болып жүргеніне миым жетпейтін. Қазақ, әсіресе, бірін бірі сырттан жамандағанда алдына жан салмайды ғой. Ал бұл екеуі бірін бірі мақтағанда сондай, тіпті бірінің талантына бірі көзсіз табынатын және шексіз бағалайтын.
Ақсұңқарұлы Серік бірде досын іздеп Алматыға келді. Басынан сөз асырмайтын, жалына қол тигізбейтін жүген-құрық көрмеген шу асаудың өзі. Біреуді балағаттаған ба, сабаған ба, жай жүрмей қызыл жағалылардың қолына түсті айдың аманында. Дәукең бар, қалған жерлестеріміз бар, ақтоғайлық Тілеген деген милицияны салып жүріп әрең босатып алдық. Ол «ППМ» деген көшедегі мастарды жиып-теріп жүретін автобустың бастығы, соған салып алып бәрімізді қаланың шетіндегі бір тоғайдың ішіне алып келіп, әлгі мастардан қалған арақтар болуы керек, мелдектете тойғызды.
Серіктің көзі жарқылдады, тісі сақылдады. Өзін құтқарып алған Тілегенге итке қараған теке көзденіп қиястанып қарап отырды да: «Кеудемнен музам ит болып ұлып шығады, Жек көрем мәңгі, жек көрем милицияны», деп тұра ұмтылсын. Бір кезде филфакқа түсе алмай милиция болып кеткен Тілеген әдебиетті жанындай сүйетін. Ал сол кездің өзінде отты жырларымен жасындай жарқылдап жүрген Серікті тіпті пір тұтатын. Еңгезердей милиция: «Мыналарыңды тоқтатсаңдаршы», деп бізге жалына қарағаннан басқа түк қайран қылмады . Біз болсақ: «Өзіңді құтқарған адамға жұдырық ала жүгіргенің не?» деп Серікті жабыла кінәлап жүрміз. Сөйтсек, бүкіл ұлтымыздың отаршылдықтың отына күйіп, табанында тапталып жатқанын көріп күйіп, күйініп жүрген ақынның тар заманның темір құрсауына сыймаған бір бұлқынысы екен-ау ол. Ақынның шырқыраған жанының жай оғындай бір жарқ еткенін көріппіз біз. Алпысқа келгенде ақылымыз кіріп, оны біз бүгін түсініп отырмыз.
Ал біздің Жүрсіннің де қай заманның да ноқтасына басы сыймай жүрген жігіт екені бесенеден белгілі. Екі тарпаң, сірә, бірін бірі сондайда ертерек таныса керек. Серіктің егіле, елжірей отырып жазған мақаласынан біз осыны ұқтық.
– Ақын дегеніміз – пенделерден әлдеқайда биік. Періштелерден сәл төмен. Тәңірінің тізесінен келетін тұлға болуға тиіс-ті. Ақындықтың адамзат қауымдастығындағы осынау тарихи миссиясын жан-тәнімен түйсініп, азабына көніп, ғажабына кенелгендердің бірі һәм бірегейі менің осы Жүрсін бауырым, – депті Серік өз мақаласында.
Айналайын Ақсұңқарұлының бұл сырлы сөзінен кейін біз сияқты пенденің Жүрсіннің жүрегіне кіріп, жанын қытықтағанымыз жөнсіз болар. Мен үшін және мен сияқты талайлар үшін ол бір жатқан шешілмес жұмбақ, алынбас қамал. Оның талай жылғы қызметтес серігі Нұртілеу Иманғалиұлы да басы қатып, «Жүрсін, сен кімсің?» деп миы ашып өлең жазған. Қысқасы, Жүрсін – бүгінгі қазақ поэзиясының қиясына тігілген «жұмбақ жалау»!
Абыз Абай өлең авторы Лермонтовтан да оздырып аударған «Жалғыз жалау жалтылдап» деген туындысын осы Жүрсіндей жұрағатына қаратып жазғандай! Осы өлеңнің әр жолын есіңізге түсіріңізші. Жүрсіннің жұмбақ бейнесін сонда ғана шым-шымдап ашқандай боласыз, ағайын!
Жүрсіннің өзінің арғы түп-тұқияны да осал емес. Абылай әскерінің қыпшақ қолын басқарған Тілеу батырдың ұрпағы ол. «Менің ол бабам Ақтөбе жерінде жатыр», дегенінде, онда жүрген қайдағы қыпшақ деп күлетінбіз. Ақыры қарақыпшақ Қобыландының өзінің сүйегі Ырғыз жерінен табылды емес пе?
Осыдан екі-үш жыл бұрын Америкаға барғаным бар. Вирджиния деген қаласында супермаркетке кіріп, мықшыңдап аяқ киім киіп көріп жатқам. Әлгісі сыймай ұзақ әурелендім. Бір кезде: «Экскюзми, сэр», деген сыпайы дауысқа жалт қарасам, таудай-таудай екі ағылшын өткізіп жіберуді өтініп біраз тұрып қалыпты. Шіркіндердің сыпайысы-ай! Осыны елге келгенде Жүрсінге айтсам: «Арғын – аға баласы» деп сыйлаған ғой олар», деп курстастарымызды ду күлдіргені бар.
КазГУ-дің журналистика факультетінде алғаш 51 қыз бен жігіт оқыдық. Солардың ішінен Жүрсін сияқты небір жүйріктер шыққанын мақтан тұтамыз. Бес ғылым докторларын былай қойғанда, әртүрлі құқық қорғау органдарында қызмет істеген полковниктеріміздің өзі төртеу. Ал әлгі докторларымыздың екеуі Тұрсын Жұртбаев пен Намазалы Омашев бұл күнде академик. Еліміздің бас басылымы «Егемен Қазақстан» газетінің бас редакторы да біздің курстасымыз. Мұндай орындарға кейде шіренген шенеуіктер де қойылып жатады ғой. Ал біздің Жанболатымыз оған жан дүниесінің жоғарылығымен жеткен азамат. Бірде Жүкеңнің осы бір қаршығадай қара жігітімізге «Жанболат – біздің бұзылмаған бала бейнеміз», деп баға бергені бар. Жүрсін көгендеп қойсаң да көлгірсімейтін азамат қой, оның бұл сөзіне түгелдей қол қойып қосыламыз. Ал енді ақындықтың айдынында желкенін желге керіп қойып көсіле жүзіп жүрген Айтовты білмейтін қазақ жоқ шығар деп ойлаймын. Оның кешегі қиссалардың сарынымен суарылған дастандарының өзі бір жатқан көл-көсір дүние. Несіпбек – қазағымыздың қанын ойнатып жүрген айтулы азаматымыздың бірі.
Қасиетті қазақ жерінің әр қиырынан Алматыға арман қуып келіп, «бұзылмаған бала бейнемізде» табысқан міне, осы азаматтар – біздер өмірдің базарында қатар жүріп, қосыла шауып келе жатқан жайымыз бар. Оның ішінде Жүрсіннің атының барлығып, шаң қапқан кезі болған емес. Болмайды да!
Жүрсін ақындығы, қайраткерлігімен қатар, журналистиканың да шыңына шыққан адам. Әсіресе, қазақ телевизиясы мен радиосының майын ішіп, қаймағын қалқыған хас шебер. Жалпы, Жүрсіннің аты біздің курста «тұңғыш» деген сөзбен байланыстырыла айтылады. Ол 25-тен асар-аспасында Жезқазған облыстық телевизиясының бас редакторы болды. Яғни, курсымыздан шыққан тұңғыш бас редактор. Қызғалдақ деген қызын ұзатып, бізді бірінші рет құда қылып, құйрық-бауырдың дәмін татқызды. Тұрмыстық тақырыпқа көшсек, Жезқазғаннан келіп, Алматының ортасынан ойып тұрып, тұңғыш рет қазыналық үйге қол жеткізген де осы Жүрсін. Ал енді үйлену жағына келсек, ол бұл жерде біріншілікті Несіпбек досымызбен бөлісуге тиіс.
Жүрсін Мұқағали Мақатаев атындағы сыйлықтың лауреаты және Сәкен Сейфуллин тақырыбына өткізілген мүшәйраның да бас жүлдегері ғой. Сол Сәкен ағамыз оған: «Ей, Жүрсін, жүнжіме, жүрме бос!» деп сыбырлап тұрғандай болып көрінеді маған үнемі. Ақын досымыз Мұқағали тойындағы мүшәйраның бас жүлдесін жеңіп алып, өзінің нағыз шығармашылық бабында екендігін тағы да бір рет дәлелдеп берді. Сөйтіп, сонау Қарақұмның бір құдығының түбінен құлдыраңдап шыққан қара бала Алатаудың ақиығымен рухани үндестік танытып, ақынның таудай тұлғасының тағы бір моншағы болып тағылды.
Қырық жаста тау мен тасқа
басты ұрып,
Елу жаста қолыма алдым таспиық,
Алпыс жаста төрде
отырдым қасқиып,
– деген екен түркіменнің ұлы шайыры Мақтымқұлы. Сол айтпақшы, туған елдің төрінде қасқиып отыра бер, Арқаның ай мүйізді қоңыр құлжасы!
Сәулебек ЖӘМКЕНҰЛЫ, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері.
Астана.