Үстіміздегі жылдың 6 қазанында Қостанай облысының Жангелдин ауданындағы Торғай ауылында Жер орбитасына ғарыштық аппараттарды жеткізетін «Союз-2» зымыран-тасығышы ұшырылған жағдайда оның аталған ауданның тиісті аумағына зиянды-зиянсыздығы кеңінен талқыланған қоғамдық тыңдау өткен болатын. Қоғамда айтарлықтай пікірталас туғызған мәселеге байланысты оның анық-қанығына көз жеткізу мақсатында біз Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бейбіт АТАМҚҰЛОВПЕН әңгімелескен едік.
– Әңгімемізді қоғамдық тыңдауда нақты қандай мәселелер талқыланғанынан бастасақ.
− Қоғамдық тыңдауда «Байқоңыр» ғарыш айлағынан «Союз-2» зымыранын ұшырған кезде ғарыш аппараттарының полярлы орбитаға бөлінуі барысында оның қоршаған ортаға тигізер әсерін бағалауға байланысты мәселе көтерілген еді. Іс-шараға Қостанай облысының әкімі А.Мұхамбетов, сонымен бірге орталық және жергілікті мемлекеттік органдар жетекшілері, Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі қарамағындағы ұйымдар, «Роскосмос» мемлекеттік корпорациясы (РФ) мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Өзім де сонда болдым.
Тыңдау халық тарапынан үлкен қызығушылық тудырды. Себебі аталған іс-шара аясында Қостанай облысындағы Жангелдин ауданын «Союз-2» зымыран-тасығыштарды жаңа жолмен ұшыру кезінде олардың алғашқы сатысының бүйірлік блоктарының құлау ауданы ретінде пайдалану мүмкіндігі қарастырылды.
− Құлау ауданы не үшін қажет?
− Жоғарыда аталған құлау ауданы «OneWeb» ірі халықаралық жобаны жүзеге асыру үшін қажет. Бұл жобаның аясында 2019 жылға қарай мобильді спутниктік байланыс технологияларының көмегімен бүкіл әлемдегі интернет пайдаланушыларды, оның ішінде аймақтарды да желіге кең жолақты қатынаумен қамтамасыз ету жоспарланған.
− Жаңа құлау аймағын ашуды қарастырудың қандай кезеңдері бар? Және ол қалай жүзеге асырылады?
− Қазақстан Республикасы аумағында жаңа құлау ауданын ашу мәселесін қарастыру рәсіміне келетін болсақ, соңғы шешім қабылданғанға дейін жаңа құлау ауданын ашу мәселесі мамандар тарапынан көптеген критерийлер (техникалық, экологиялық, құқықтық және т.б.) бойынша жан-жақты қарастырылады, мүмкін болатын барлық нұсқалар есептеліп, жоспарланатын қызметінің аймаққа әсер ету деңгейі болжамдалады.
Негізгі бағалау критерийлерінің бірі – экологиялық қауіпсіздік. Осы мақсатта эколог мамандар тарапынан Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес қоршаған ортаға әсерді бағалау (ҚОӘБ) үдерісі жүзеге асырылатын болады. Бұдан соң ҚОӘБ материалдары көрсетіліп, олар мүдделі қоғамдастық тарапынан талқыланады, кейін нәтижелер Қазақстан Республикасының Мемлекеттік экологиялық сараптамасына жіберіледі.
Бүгінгі күні Жангелдин ауданында жаңа құлау ауданын (ҚА 120А) ашу мүмкіндігін қарастыру бойынша жүргізіліп жатқан іс-шаралар жоғарыда көрсетілген тәртіпке сәйкес жүзеге асырылуда. Бұл бағытта түрлі мемлекеттік органдар мен жергілікті басқару органдары мамандарының қатысуымен бірталай жұмыс атқарылды.
Қазіргі таңда «Ғарыш-Экология» ҒЗО» ЖШС-нің экология және ғарыш қызметін бақылау саласында мамандандырылған ұйымының Биотүрлілікті сақтау жөніндегі қазақстандық ассоциациясымен бірлесіп жасаған қоршаған ортаға әсерді бағалауы 6 қазанда өткен қоғамдық тыңдалым хаттамасымен бірге экологиялық сараптамадан өткізу үшін мүдделі орталық мемлекеттік орган – Энергетика министрлігіне жіберуге дайындалуда.
− Таңдалған құлау аймағы туралы не айтар едіңіз?
− Жангелдин ауданындағы таңдалған құлау ауданына (ҚА 120А) қатысты үлкен зерттеу жұмысы жүргізілді. Құлау ауданына байланысты нақты нұсқаны таңдау кезінде қауіпсіздіктің барлық талаптары және экологиялық аспектілері есепке алынды.
Жоспарланып отырған 120 А құлау ауданында тұрақты адамдар тұратын елді мекендер, ауылшаруашылық жерлері, ауыл шаруашылығы және басқа да дақылдар егетін жерлер немесе кез келген ірі өндірістік нысандар жоқ.
Таңдалған аумақтың ішіндегі жерлер негізінен резервтік жерлер.
Ауданның ерекшеліктері есепке алынып, 120А-ны пайдалану кезінде бірқатар қосымша шектеулер мен шаралар қарастырылып, орындалатын болады:
- сәуірден бастап маусымға дейін (флора мен фауна үшін ең сезімтал кезең) ұшырылымдар жүзеге асырылмайды;
- шілдеден бастап қыркүйекке дейінгі ұшырылымдар кезінде құлау ауданында қауіпсіздік шаралары күшейтіледі және тиісті техника қолданылады;
- құлау ауданын пайдалану кезінде жыл сайын қосымша экологиялық бақылау бағдарламасы жүзеге асырылатын болады.
− Ұшырылатын «Союз-2» зымыран-тасығышы халық үшін жалпы қауіпсіз бе?
− «Союз-2» зымыран-тасығышы – ол отынының уыты аз және халықаралық уәкілетті ұйымдардың барлық экологиялық стандарттарына сай келетін өте сенімді зымыран. Оның негізгі отыны сұйық оттегі мен керосин, бұл жерде гептил туралы ешқандай әңгіме қозғалмауы тиіс. «Союз-2» зымыран-тасығышы экологиялық таза отынмен (кислород пен керосин) жұмыс істейтіндіктен оның қоршаған ортаға тигізер кері әсері өте төмен, тіпті жоқ десе де болады. Бұған жүргізілген экологиялық сараптама нәтижесі дәлел бола алады.
«Союз-2» зымыран-тасығышының алғашқы сатысының құрамында жоғары уытты және радиоактивті заттар мен сәулелі иондар жоқ. Зымыранның осы түрін ұшырудың сан жылдық тәжірибесі көрсеткендей, оның сенімділігі жоғары және халықаралық ғарыш стансасына ғарышкерлерді жеткізу үшін қолданылады.
− Жер телімін беру схемасы жайлы айта кетсеңіз.
− Құлау аймағын ашу үшін кешенді заңдық тексерулер механизмі қарастырылады. Тиісті үкіметаралық келісім жобасын қоса алғанда, ол жер сервитут шарты бойынша «Бәйтерек» БК-ге құлау аймағы ретінде уақытша пайдалануға ғана беріледі (толықтай пайдалану құқығы жоқ). Яғни бұл жер ешқандай да жалға немесе пайдалануға басыбайлы беріледі дегенді білдірмейді. Тек жер телімі зымыранды ұшыру кезінде қысқа мерзімге пайдалануға беріледі.
Осы жоба жүзеге асырылатын барлық мерзім ішінде 8 зымыран-тасығыш ұшырылады: бір жылда 2-3 реттен артық ұшырылым болмайды. Ал адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін зымыранды ұшыру кезінде ғана құлау аймағы 1-2 күнге жабылады. Қалған барлық уақытта ол жер бос болады. Яғни еркін қатынай беруге және халық игілігі үшін пайдалана беруге болады. Барлық ұшырылымдарды 2-3 жыл көлемінде жүзеге асыру көзделген.
Жер телімін уақытша пайдалануға беру механизмі алдын ала дайындалып, Қостанай облысы мен Жангелдин ауданы әкімдіктерімен келісілген. Нәтижесінде өзара түсіністік пен уағдаластыққа қол жеткізілсе, оның ішінде қаржы жағдайы бойынша да келісім жасалып отыр.
− Өзіңіз қаржы жағдайы деп айтып қалдыңыз. Енді осы туралы тарқата түссеңіз.
− Құлау аймағын пайдаланғаны үшін жыл сайынғы төлем қарастырылған. Ол жылына 460 мың АҚШ долларын құрайды, яғни бүгінгі бағаммен есептегенде 152 миллион теңге деген сөз. Төлем доллармен жүргізіледі, сондықтан теңге эквивалентімен сома жыл сайын өсетін болады. 120 А құлау аймағын пайдалану үшін алынған ақша облыс әкімдігі тарапынан бекітілген келісімшарт бойынша «Бәйтерек» БК» АҚ арқылы Жангелдин ауданының әлеуметтік-экономикалық мәселелерін шешуге жұмсалатын болады.
− Негізгі жұмыстарды кімдер атқарады?
− «Бәйтерек» БК» құлау аймағын пайдаланудың қауіпсіздігіне, ал «Ғарыш-Экология» ғылыми-зерттеу орталығы» РМК зымыранды ұшырудың экологиялық тазалығына жауап береді.
− Жаңа құлау аймағы зымыран-тасығыштың қандай бөліктері үшін қажет?
− Жангелдин ауданының белгілі бір бөлігі бүкіл зымыранның құлау ауданы ретінде емес, «Союз-2» зымыран-тасығышының алғашқы сатысының бүйірлік блоктарының құлау ауданы ретінде ғана пайдаланылатынын айта кету керек.
«Союз-2» зымыран-тасығышын жаңа жолмен ұшырғанда екінші сатысы Ресей Федерациясы аумағына құлайды (Свердлов облысы және Ханты-Мансы автономиялы округі жеріне). Осы жерде айта кететін бір жайт, зымыранның екінші сатысы құлайтын аймақ, яғни Ресей жерінің 403 құлау аймағы Жангелдин ауданындағы аумақпен салыстырғанда 8 есе үлкен.
Әңгімелескен
Самат МҰСА,
«Егемен Қазақстан»