Ұлттық спорт – өнер-ойын түрлері дегеніміз не? Осыны қарапайым оқырмандарға түсіндіре кетуді жөн көріп отырмыз. Ұлттық спорт дегеніміз – жауынгерлік жаттығу. Бұған көкпар, аударыспақ, теңге ілу, садақ ату (жамбы ату), бәйге түрлерін жатқызуға болады.
Қай заманда болсын дайындығы күшті, шеберлігі мықты сарбаздар шайқаста жеңіске жетеді. Сол себепті, байырғы көшпенді бабаларымыз бейбіт күннің өзінде сарбаздардың жауынгерлік даярлығын жетілдіріп отырған. Яғни, шайқас кезінде жауынгер қолданатын әдіс-тәсілді бейбіт күндері ұлттық ойын ретінде үздіксіз дамытқан. Әрі қомақты бәйге тігіп, жауынгерлерді ынталандырған.
Мысалы, көкпарды алайық. Бұл жауынгердің ат үстіндегі ептілігі мен тақымын шынықтыратын жаттығу. Шайқас кезінде жолдасың жараланып аттан ауып барады... Оның денесін жерге түсірмей іліп алып құтқару керек. Немесе жау сарбазының тақымға басқан жарағын тартып алу қажет. Осындай жағдайда көкпар тартып шыныққан жауынгер қиналмай-ақ жеңіске жетеді.
Аударыспақ ше?! Дала сарбазы үшін жауды ат үстінен аударып тастап, астындағы тұлпарын олжалау немесе қиын-қыстау сәтте қарсыласқан жауға найзасын тіреп, ердің үстінен аудару сияқты жауынгерлік жаттығуды жетілдіретін тәсіл.
Теңге ілудің де ілкідегі маңызы осы тектес. Мысалы, шайқас кезінде қорамсақтағы оғыңыз таусылды. Жау ентелеп келе жатыр. Қайтесіз, атпен шауып өтіп, жерде шашылып жатқан жебелерді теріп аласыз немесе жаудың қолынан сусып түсіп кеткен қанжар-қылышын лып еткізіп іліп алып өзіне жұмсайсыз. Мұндай жауынгерлік әдіс-тәсілді жетілдіріп отыру үшін қазақ «теңге ілуді» ойлап тапқан.
Садақ ату да жауынгерлік жаттығу. Бейбіт күні садақты көп атқан сарбаздың мергендігі жетіледі, жебе тартудың машығын үйренеді. Өзінің нысанаға дәл тигізетін қашықтығын анықтап алады. Көшпенділердің аса бір қадірлейтін адамы осы – мергендер. Қазақтың батырлық дастандары мен эпостық жырларында асқан мергенге хан қызын бергені жайлы дерек жеткілікті. Мысалы, Қобыланды батыр жырында Көктем аймақ деген хан ай астына алтын жамбы құрып, оны атып түсірген адамға қызымды беремін деп жар салады. Жамбыны Қобыланды батыр атып түсіріп, Құртқа сұлуды алып қайтады.
Ал ұлттық өнер дегеніміз – ол жоғарыда айтып өткен жауынгерлік жаттығудың басқаша қыры. Қазіргі таңда қазақтың атбегілік, құсбегілік, саятшылық өнерін спортқа жатқызып жүрміз. Бұл спорт ойындарына қарағанда интелектуалдық сипаты басым көшпенділердің ақыл-ой еңбегінің тұрмыстағы жемісі. Бұл жерде халықтың байырғы генетикалық жадысы жатыр десе де болады.
Мысалы, сонау бағзы заманда атақты Толыбай сыншы жолаушылап келе жатып, анадай жерде жатқан қуарған аттың бас сүйегін көзі шалады. Тізгінді тартып тұра қалып: «Ей, мынау ерен жүйріктің басы екен, имек тұмсық, бөкен танау, көзінің ойындысы терең, жар қабақ, екі жақтың ортасы алшақ, тістері әлі жалтырап тұр, сүйегі қандай асыл еді жануардың. Мына тұмсығына қарағанда, шоқтығы биік, аяғы ұзын, қоян тірсек, серпіні қатты, сіңірлі екен. Құмдауыт, босаң, көбелең жерде бәйге бермейтін ат қой бұл. Жасы тоғыздан асып, онға қараған дер шағында өлген екен, жануар», депті. Тірі жылқыны көрмей-ақ қу басқа қарап осылай деген. Сол сияқты кәнігі құсбегілер де самғау көкте, көз көрім биікте ұшып бара жатқан қыранды да осылай тап басып танып айта беретін болған. Мұндай интелектуалдық қабілетті қазақ «сұңғылалық» деп атаған.
Қазір осы интелектуалдық жадыға қатысты ұлттық өнерді ұлттық спортпен араластырып жібердік. Бұл болашақта бөлек тақырыпқа жүк болатын дүние. Қазақ осы жадысын қалпына келтірмей, байырғы тек-танымымен қауыша алмайды.
Үшінші – ұлттық ойын. Бұл жоғарыдағы жауынгерлік жаттығудың алғашқы бастауыш сабақтары сияқты дүние. Қазіргі таңда қоғамдық өмірге жалпыласқан ұлттық ойын түрлеріне асық ату мен тоғызқұмалақты жатқызуға болады. Өйткені бұл екі түрден республикалық деңгейде жарыстар ұйымдастырылады және шеберлік атақтары беріледі.
Асық атуды алайық. Мұның өңірлік немесе өлкелік ойын түрлері көп. Мысалы, оған «Ханталапай», «Хан ату», «Құлжа ату», «Құмар», «Қақпақыл», «Қаржу» немесе «Қаржымақ», «Төрт асық», «Бес тас», «Иірмекіл», «Омпа», «Бәйге», «Бес табан» т.б. жатады. Бұл ойындарды негізінен жасөспірім балалар ойнайды. Яғни болашақ ел қорғайтын жауынгер жас кезінде асық ату арқылы мергендігін шыңдайды, дәлдігін жетілдіреді, ептілігін арттырады. Осылай жастай шыныққан бала ержеткенде епті жауынгерге айналады. Қысқасы біздің «Ұлттық спорт» деп жүргеніміздің тарихи-этнографиялық маңызы осы.
Халықаралық мамандандырылған көрме аясында ұлттық спорт түрлерінің де қалыс қалмай, кешенді түрде жарыстар ұйымдастырылуы қуантты. Көрме ашылуының алғашқы аптасында «Қазанат» атшабарында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаевтың жүлдесіне арналған бәйге түрлерінен ЭКСПО-2017 кубогының өткізілуі көпшілікті бір серпілтіп тастады.
Яғни тоқ етерін айтқанда, ұлттық спорт елімізде тұрақты түрде ұлықталып келеді.
Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»