Құлан қалашығын ғылыми-археологиялық тұрғыдан зерттеу ХІХ ғасырдың соңында тарихшы-өлкетанушы В.В.Бартольдтың алғашқы еңбектерімен басталады. В.В.Бартольдтың Ұлы Жібек жолы бойындағы тарихи ескерткіштерді зерттеу экспедициясына қатысқан суретші Дудин Тарты (Луговое) арқылы өтіп бара жатып былай деп жазған: «... жолды бірнеше қиғаш кeciп өтіп, екі қабатты үлкен төбеге тірелетін онша биік емес ұзын (жарты шақырымдай) үйінді жалды байқамау мүмкін емес. Төбе «Элипс» тұрпатты және онша терең емес ормен қоршалған. Елді мекеннен және үйінді жалдан шығысқа қарай шақырым жерде бір-біріне параллельді созылғaн екінші үйінді жалдың іздерi кездеседі». Ол сонымен қатар көне құрылыстардың қалдығы болып табылатын төбешіктер туралы да жазып кеткен.
Қала аумағына жасалған алғашқы археологиялық қазба-зерттеу жұмыстарын ХХ ғасырдың 1936 жылдарында КСРО FA-ның Қазақ бөлімшесі мен ММТИ-дің Жетicy археологиялық экспедициясы жүргізді (А.Н. Бернштам). Қазба жұмыстарының нәтижесінде алғашқы отырықшы қоныстардың Луговое төңірегінде б.з. бірінші ғасырларында пайда болғандығын анықтады. 1963-1965 жж. Жетicy археологиялық экспедициясының Луговое отряды қаланың айналасындағы жеке тұрған төбешікке қазба жұмыстарын жүргізсе, 1987 ж. Қазақ КСР FA ТАЭИ-ның тарихи және мәдени ескерткіштер жинағы археологиялық экспедициясы Луговое «А» қамалына қазба жұмыстарын жалғастырып, Луговой «В», «Г» қамалдарында қазба жүргізді.
Зерттеушілер Луговое қаласын бip ауыздан Жетісудың ортағасырлық белгілі қаласы Құланмен теңестіреді. Құлан қаласы алғаш рет VII ғ. бірінші жартысына жататын жазба деректерде кездеседі. Қытай тақуасы Сюань-Цзяньның жол бағдарламасында және Тан династиясының тарихында қала Цзюй-лань деген атпен аталып өткен. Ол туралы VIII-X ғ.ғ. Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан қалаларды сипаттаған араб авторлары да жазып кеткен. Ибн Хордабек пен Құдама Құланды Тараздан батысқа қарай 14 фарсах жерде орналастырған.
Құдама: «...Тараз бен Құланның солт. жағында құм, ал оның, ар жағында құмды және малта тасты шөл, онда (ол) қимақтар шекарасына дейін (созылып жатыр)» – деп мәлімдесе, ал X ғасырдағы араб географы ал-Макдиси былай деп жазған: «Құлан – бекіністі қала, онда соборлы мешіт (Медина) бар. Ол енді бос қалды, ол үлкен Тараз жолында». Географиялық сөздіктің авторы Якут өзінің XIII ғ. 20-жылдарында құрастырылған еңбегінде Құлан туралы былай деп жазып қалдырған: «Құлан – түркі елінің Мәуреннахр жағындағы шекарасында орналасқан сүйкімді қала».
Құланмен бірқатар тарихи оқиғалар байланысты. Мәселен, 740 ж. түргеш бегі Құрсұл батыс-түрік қағанатының ең соңғы қағаны Ашин Сыньды осы қалада өлтірсе, ал 840 ж. араб әскерлері Құланға дейін жеткен. Құлан мен Луговое қаласын тепе-теңестіру мәселесінде Тараздан және Меркіден Құланға дейінгі арақашықтықтары жазылған.
Қалажұрттың орталық кұландысы ауылдан солтүстік-шығысқа қарай 0,5 шақырым жерде орналасқан. Қалажұрттың топографиясынан шахристан, ішкі қамал және шығыс жағынан бекініссіз рабаттың іздері аңғарылады. Ішкі қамал құландының солтүстік-батыс бұрышында орналасқан. Осы күні ол биктігі 7-8 метрге жуық, жобасында төртбұрышты, үстінде алаңы (40×40 м) бар төбе тұрпатты.
Ішкі қамалдың барлық бұрыштары мұнарамен күшейтілген. Олардың қалдықтары дөңгелек төбешіктер түрінде сақталған. Шахристан жобасында жайдақ төртбұрышты төбе пішіндес. Ұзындығы: Солтүстіктен Оңтүстікке қарай – 320 м, Шығыстан Батысқа – 300 метр болып келген, ол сақталған биіктігі 4-5 метрге жуық қабырғамен қоршалған. Қабырғалардың бұрыштары дөңгеленіп келген мұнаралармен нығайтылған. Сонымен қатар қабырғалардың кез келген жақтарында әpбip 30-35 метр сайын дөңгеленіп келген мұнаралар болған.
Олардың төбешік түрінде сақталып қалған қалдықтары қабырғалардың жалпы деңгейінен 0,5-1,5 метр биіктікте жатыр. Қала сыртынан тереңдігі 1 метрге жуық, ені 15 метр келетін ормен қоршалған. Қалаға кіретін жер екеу. Олар оңтүстік және шығыс үйінді жалдардың қабырғасында орналасқан. Сонымен қатар ұзын қабырғалармен қоршалған қалажұрт аумағында ондаған төбешіктер сарайлар мен жеке қоныстардың қалдықтары орналасқан. Бұл төбешіктердің бірнешеуіне қазба жұмыстары жүргізілді.
Құлан қаласының өмip cүpyiнiң бірінші кезеңіне жататын әшекейлі ыдыстардың көптігімен ерекшеленеді. Мұнда құмыра, тостаған және күл салғыштың қалдықтары сияқты асханалық ыдыстар кездеседі. Шаруашылық ыдыстары – құмандар, қазандар, қазанның астына қойылатын тұғырықтар, аузы кең құмыралар, қақпақтар, сондай-ақ шырағдандар көптеп табылды.
2015 жылы Құлан қала жұртында археологиялық қазба жұмыстары т.ғ.д профессор К.Байпақовтың жетекшілігімен, Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институтының қаржыландыруымен атқарылды. Қазба барысында цитадельдің солтүстік бұрышынан үш бөлмелі тұрғын үй ашылды. Бірінші әкімшілік-басшылық жүргізуге арналған бөлме қабырғаларында алебастермен сызба түрінде сыланған сауыт киген және садақ ұстаған жауынгерлердің, тазы иттер мен құстар бейнеленген қима тақталар табылды. Екінші құлшылық жасау бөлмесінің қабырғалары жүзім жапырақтарымен бейнеленген жапсырма қима тақталармен безендірілген.
Екі жыл бұрын басталған, Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институтының қаржыландыруымен «Құлан» қалашығындағы археологиялық қазба-зерттеу жұмыстары, биыл да өз жалғасын тапты. Осы жылғы жоспарға сәйкес, Құлан қалашығында қайта зерттеу жұмыстары цитадельдің солтүстік-батыс бөлігінде жалғасын табуда.
Қазба жұмыстары 2015 жылғы маусымда анықталған үшінші бөлмені толық ашудан басталды.
Сонымен қатар қазба табылған қабырға бетіндегі жапсырма суреттерді сақтап қалу мақсатында т.ғ.д профессор К.Байпақов пен елімізге танымал жаңғыртушы-рестовратор Қ.Алтынбеков бастаған мамандардың қатысуымен бірлескен жұмыстар басталып кетті. Ою-өрнектер мен суреттерді уақытша табиғи жауын-шашынмен ылғалдан сақтау және жуырда олардың көшірмелерін алу мақсатында бөлме қабырғалары құрғақ топырақпен толтырылған қаптармен қаланып және уақытша қойылған сақтау шатырлары қайта жөнделіп, бекітілді. Қазіргі таңда, Құлан қалажұртында археологиялық-ғылыми-зерттеу жұмыстары жалғасуда.
Қуаныш ДӘУРЕМБЕКОВ, «Ежелгі Тараз ескерткіштері» тарихи-мәдени қорық-музейі директорының ғылым жөніндегі орынбасары
Жамбыл облысы