* * *
ИДЕЯ ІСКЕ АСУДА
Нұрсұлтан Назарбаев Еуразиялық Одақ идеясын 1994 жылы біздің университетте алғаш рет көтергенде, шынын айтайын, ол теориялық сипатта ғана қабылданған еді. Ол кезде мұндай Одақтың іс жүзіне асарына сену қиын-ды. Орталықтанудан қашу идеясы барлық республикалардағы басым бағыттағы идея болатын. Еуразиялық одақтың сол кезде іске аспайтындығының себептерін Нұрсұлтан Әбішұлы өзінің мақаласында да ашып көрсетіпті. 1993 жылдың қыркүйегінде қол қойылған экономикалық одақ туралы келісімді алты мемлекет қана ратификациялаған. Олардың ішінде Ресей, Украина және Белоруссияның болмағаны тағы бар. Осындай жағдайда Еуразиялық Одақ туралы идеяны саналардың қабылдай қоюы оңай емес еді. Тек саясаттағы сұңғыла мамандар ғана оның болашағы бар екенін ұққан болуы мүмкін. Ал бүгін, міне, сол идеяның нақты іс жүзіне асып келе жатқандығының куәсі болып отырмыз. Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың атқарып жатқан істері, Кеден одағының табыстары ауыз толтырып айтарлықтай. Кешегі форумда ол жөнінде көп айтылды. Қоғамдастық мүшелері арасындағы тауар айналымы жеті жылда төрт есе өскен екен, осының өзі – Еуразиялық Одаққа қарсыларға қарсы қолданылатын бұлтартпас аргумент. Форумда қол жеткізілген табыстар туралы айтылғанда барлық тыңдаушылар үлкен қызығушылық білдіргеніне куә болдық. Менің ойымша, интеграциядағы үлкен табыстар әлі алда. Еуразиялық Одақ, ортақ рынок қана бізді зор табыстарға жеткізе алады. Сондықтан мен Еуразиялық Одақтың болғанын хош көремін. Біз жеке-жеке ешқашан да үлкен табыстарға қол жеткізе алмаймыз. Біздің басқа түгілі ғылым мен білім беру ісіндегі ұқсастықтарымыз айрықша. Жалпақ тілмен айтқанда, біз – генетикалық тұрғыдан бір қамырдан жасалған өнімдерміз. Ұлы ойшылдар, көреген оқымыстылардың бәрі соны дәлелдеген. Олар туралы ғылыми форумда да жақсы айтылды. Өз басым Еуразиялық Одақ біздің саясаткерлеріміз белгілеген 2015 жылдан бастап күшіне енетініне сенемін. Виктор САДОВНИЧИЙ, М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің ректоры.