Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамеджановтың бұған дейін Беларусь Президентімен және Премьер-министрімен кездескенін хабарлағанбыз. Ал кеше спикер бастаған қазақстандық парламентшілер делегациясы Ұжымдық қауіпсіздік шартты ұйымы Парламенттік Ассамблеясы Кеңесінің отырысына қатысты.
Ертеңгісін қазақстандық делегация ҰҚШҰ ПА Кеңесі атынан Жеңіс монументіне гүл шоқтарын қойып, жеңімпаз батырлар рухына тағзым етті. Бұдан кейін Мәжіліс Төрағасы ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттер парламенттерінің басшыларын жинаған Беларусь Республикасының Президенті А.Лукашенкомен кездесуге қатысты. Ал ҰҚШҰ ПА Кеңесінің отырысы Беларусь Республикасы Ұлттық жиналысы Өкілдер палатасы ғимаратында өткенін айта кету керек.
Отырыстың күн тәртібінде он екі мәселе қаралды. Оның барысында ҰҚШҰ ПА тұрақты комиссияларының төрағалары бекітілді.
Осы орайда аталған Ассамблеяның Халықаралық ынтымақтастық және саяси мәселелер жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы болып Қазақстан Парламенті Сенатының Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Ақан Бижанов тағайындалды. Сондай-ақ, отырыс барысында ұйымның Шығыс Еуропа аймағындағы (Ресейдің Калининград облысындағы) саяси-әскери жағдай барысы, төтенше және техногенді апаттарға қарсы бірлесе әрекет ету, ПА-ның 2012 жылға арналған жұмыс жоспары және өзге де мәселелер жан-жақты қаралды.
Осыдан бірнеше күн бұрын Санкт-Петербургте тұрақты комиссиялардың төрағалығына кандидаттарды талқылап, Минскідегі отырыстың күн тәртібі пысықталғаны белгілі. Осы жерде ҰҚШҰ ПА-ның негізгі бағыты мемлекеттер арасындағы құқықтық базаны одан әрі нығайтып, бір-біріне сәйкестілігін арттыруды көздейтіндігін баса айта кету керек. Жақында ғана ҰҚШҰ конференциясы өтіп, онда табиғи техногендік апаттармен (өрт, жер сілкінісі, су тасқыны және тағысын тағылар) күресу мәселесі жан-жақты пысықталған-ды. Бұл мәселе де кеше кеңінен талқыға салынды. Сондай-ақ отырыс барысында ҰҚШҰ ПА-ның тиісті комиссиялары мен ұйымдарының халықаралық ұйымдармен қарым-қатынасы талқыға салынды. Парламенттік Ассамблеяның өзге де халықаралық парламенттік құрылымдармен өзара қарым-қатынасының қырлары да назардан тыс қалған жоқ. Жақында мемлекет басшылары бас қосып, бірқатар шарттарға қол қойғаны белгілі. Осыған сәйкес сол шарттардың орындалуына қажетті құқықтық базаны нығайту мәселесі де өткір қойылды. Жалпы, ҰҚШҰ ПА-ның басты мақсаты – осы ұйымға мүше мемлекеттердің бір-бірімен қарым-қатынасындағы өзара ықпалдастықта жұмыс істеуінің құқықтық негіздерін ұлттық заңнамамен сәйкес келтіру де уақыт талабынан туып отыр. Шекараны нығайту, техногендік апатпен күресу, сондай-ақ қиындық туғызатын мәселелер бойынша ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің бір бірімен қарым-қатынасы, бірлесе әрекет етуі жайы да нақтыланды. ҰҚШҰ ПА құрылғалы бері көптеген моделдік заңдық құжаттар дайындалса, оларды ұлттық заңнама базасын нығайтуға пайдалануда көптеген шаралар жүзеге асқаны мәлім. ҰҚШҰ ПА-ның Халықаралық ынтымақтастық және саяси мәселелер жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы Ахан Бижанов ұйым жұмысындағы кедергілерді, әр мемлекеттің ұлттық заңнамасында сәйкессіздіктер бар екенін атады. Сенатордың пайымынша, ұйымдағы мемлекеттердің ұстанымдары бір болғандықтан да ұлттық заңнамаларды сәйкестендіруге әбден болады. Бұл бағытта депутаттық корпус пен Парламенттік Ассамблея бірлесе жұмыс жасауға әрқашанда дайын екендіктерін білдіріп отыр.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ, «Егемен Қазақстан» – Минскіден.