• RUB:
    5.47
  • USD:
    473.29
  • EUR:
    512.81
Басты сайтқа өту
27 Қазан, 2011

Қолтаңба

1532 рет
көрсетілді

АВТОР МЕН ОҚЫРМАННЫҢ БЕРІК БАЙЛАНЫСЫН АЙҚЫНДАЙТЫН АЛТЫН АРҚАУ

Қолтаңба ав­тор мен оқырман­ның берік байланы­сын, көзқарас мұратта­рын, сабақтастық сырла­рын айқындайтын алтын ар­қау екенін бәріміз де білеміз.

Ол көбінде қысқа-нұсқа үл­гіде берілуі мүмкін.

Қолтаңба мұраты мен тағы­лы­мының қайсыбір тұстарын жазушы ең­бегі мен шығармашылық үдерісі төңі­ре­гінде өрбітуге әбден болады. Осы орайда, сөз жоқ, жазушы Ә.Нұршайықовтың шы­ғар­­машылық шеберханасына енудің пай­дасы мол.

Журналист-жазушы Әзілхан Нұр­ша­йы­қов­тың шығармашылық мұрасы қалың көптің қызығушылығы мен құрметіне ерте ие болғаны белгілі. Танымал тұлғаның шығармашылық өмірбаянына жіті ден қойсақ, ойлы очерктен – парасатты про­заның бел-белестеріне еркін көте­ріліп, оның баршасында – адам әлемі, өмірі мен еңбегі, адалдық пен әділеттілік, кісілік пен кішілік, игілік пен ізгілік сынды сыр-сипаты жоғары қа­сиет­тер шындық қал­пында көрсетіліп, уақыт тынысы кең көлемде көрініс береді.

Көрнекті қаламгердің замандастары мен тұстастары секілді өз кезегімде кеш-кездесу, сұхбаттарда бірге болған, қатар жүргендегі жарқын жүздесу мен сәулелі сәттердің, нұрлы бейненің әсер-ықпалы мол болды. Әсіресе, жазушы шығарма­шылығына қатысты жүздесу-сұхбаттар, жекелеген кейіпкерлер хақындағы көзқа­растар (мысалы, профессор Әуенов –  М.Әуе­зов, Кербез – Б.Шалабаев, Меңтай – Н.Нұрбосынова, Жомартбек – М.Дүй­сенов, Зәйкүл- Күлзай Смағұлова, Тана – Тұр­сын Серікбаева т.б.) әдеби-көркем қыр­лары­мен, ақиқат жайттар мен шындыққа сы­йым­ды сипаттарымен тартымды, берер дерегімен мәнді, тағылымды тұстарымен маңызды еді. Кезінде жазушымен жүзде­сулерді сырлы сұхбатқа айналдырдық. Орта және жоғары мектеп бағдар­лама­сына сәйкестендіріп, оқу құралдарын да­йын­дадық (мысалы, «Әзілхан Нұрша­йықов». Өмірі мен шығармашылығы. Оқу-әдісте­мелік құрал. – Астана: ЕҰУ, 2007; «Әзіл­хан Нұршайықовтың шығар­ма­шылық мұрасы». Оқу құралы. – Ал­маты: Қазақ университеті, 2005).

Айрықша атап өтер жайт: жазушының жеке мұрағатында, Орталық мемлекеттік мұрағатта – қолжазбадан кітапқа дейінгі әр алуан дерек көздері, қосымша материалдар, әлденеше жоба-нұсқалар, хат-жазба­лардан күнделікке дейінгі мың сан үлгі-өрнектер, журналистік сапардан-жазушы еңбегіне дейінгі аралықтағы ізденіс пен көзқарастар, көркемдік құпия­сына қатысты ойлар мен толғаныстар, түйін-тұжырым­дар, қысқасы шығарма­шы­лық үдеріс табиғаты мен тағылымына байла­нысты алуан тақырыптар, жоба-жоспарлар, қанат­ты сөздер мерзім-уақыты, рет-жүйесіне сәйкес орын алған. Дайын­далуы мен сақталуы көңілге қонады.

Ақиқатында, қаламгерді қалың көп­шілік пен оқырман ортасында жиі көретін едік. Студент жастармен болған сыр-сұхбат, кеш-кездесулерде жазушы еңбегі мен шығармашылық үдеріс мәсе­лесі ке­ңінен қозғалатын. Сұрақ-жауап – сыр-сұхбат­қа ұласатын. Атап өтер жайт, жазу­шы қайсыбір кеш-кездесу, сұхбат­тасу тұсында міндетті түрде қолтаңба беру ісін жүзеге асыратын. Уақыттың басым бөлігін осы тұсқа арнайтын-ды.

Жазушы қолтаңбасы жүрдім-бардым орындалмайтын. Қолтаңба алушының на­зарын өзіне аударып, аты-жөнін, жұмыс орнын, кәсіп-дағдысын, ажар-көркін, ақыл-парасатын көріп-сезіп, естіп-білген соң ғана көңіл толқынынан тебіреніп, тербеліп шыққан әсерлі, мәнді тұстарды байыппен, маржандай тізіп, жүйелі жеткізетін. Қолтаңба алушының қай-қай­сысының да көңілі өсіп, ерекше сезімге бөленіп, марқайып қалатын.

Айта жүрер әсер-ықпалы мен та­ғылымды тұстарды біз де әлденеше рет бастан өткердік. Жазушы еңбегі мен шы­ғармашылық мұрасына қатысты ізденіс-зерттеулер тұсында – Ә.Нұршайы­қовпен бірнеше рет кездесудің сәті түскені бар. Жазушы үйіне жолым түскен сәттерде қолымда үнемі оның кітаптары болатын («Махаббат, қызық мол жыл­дар», «Ақиқат пен аңыз», «Өмір өрнек­тері», «Мен – журналистпін», «Қаламгер және оның доста­ры», «Мәңгілік махаббат жыры», т.т.).

Жеке кітапханамнан көрнекті орын алған сол жазушы еңбектерін қолға алған­да алғаш көзге түсетіні, сөз жоқ, оның қолтаңбасы десек, қаламгердің өз қолтаң­басына көңіл толқы­нының бедерлі, сәулелі тұстарын түсіре­тіні, жан-жүректегі бейнелі көрініс­терді лебіз-тілек түрінде жүйелі жеткізетіні назар аудартар еді.

Иә, жазушы қолтаңбасының басты белгісі, жарқын үлгісі «... 9 жыл ғашық бол­ған, 54 жыл бірге бақытты өмір сүр­ген жан жары, мәңгілік ғашығы » (қалам­гердің өз сөзі) Халимаға арнаған, қалың көпшілікке етене таныс жолдардан айқын аңғаруға болады. Оның басты, әрі алғаш­қысы, жазушы сөзімен айтсақ: «...өзіме ерекше ұнайтыны мына бір шумақ»:

Халимаға

Қасиеттеп, құрметтеп,

Сенің махаббатыңды.

Ұрпаққа үлгі болсын деп,

Алашқа жайдым атыңды

(«Мәңгілік өз Әзілханың. 03.04.03 ж.»).

P.S. Бұл Халимаға қойылған құлпы­тастағы эпитафия

Бұдан өзге: «Мен прозалық «Халимадан» басқа «Мұңды мақамдар» деген атпен жан-жарыма арналған сағыныш са­рын­да­рын-2000 жолдан аса өлең етіп жаз­дым», – дегенінен де жазушы қолтаңбасы, құрметі мен тағылымы терең танылады. Қолтаңба мұраты, бедері көрініс береді.

Кезекті тұста жазушы Ә.Нұршайықовқа тарту етілген кітаптардағы қолтаңбаларға назар аударалық. Әдебиет зерттеушісі М.Дүйсенов «Ғасырлар сыры» кітабының алғашқы бетіне былай деп қолтаңба қалдырған:

«Қадірлі Әзілхан!

Табиғаттың сыры бар ашылмаған

Деректер көп әлі де басылмаған.

Кейде олай жорылған, кейде бұлай,

Адамзаттың тарихы ғасырлардан.

Білсем-дағы әлжуаз өз жайымды,

Көп іздедім, тауысып көз майымды.

«Құдық қаздым инемен» ерінбедім,

Жақындығын білсем де «күз» айымның.

Жазғаным жоқ тарихта қалайын деп,

Қаламақы молырақ алайын деп.

Аямадым жүректі, жараладым,

Кәдесіне жастардың жарайын деп.

Өзіңнің Мырзабегің. 30.07.88. Аурухана».

Даңқты ақын О.Сүлейменов «АЗ и Я» кітабына төмендегідей қолтаңба жазып қалдырған екен: «Әзекеге, солдатқа-жазу­шыға-нағыз адамға.

Құрметпен, Олжас ініңіз.

22.02.84 ж.».

«АЗ и Я» кітабының жаңа басылымына арнаған сөзі:

«Құрметті, сүйікті Әзекеме. Олжас,

4.09.92 ж.».

А.Байтанаев:

Туыстыққа бергісіз достығымыз әманда жалғаса берсін.

(«Жаңғырған дала», роман, 1965).

М.Әлімбаев:

Асыл сөздің ғашығы, бағалы ойдың ғалымы Әз-ағаңа!

(«Маржан сөз», 1978)

Әсет Бейсеуов:

Қазақ халқының ардақты ұлы, тамаша жас арулардың жазушысы, талантты Әзекеңе.

(12.10.1976).

М.Мақатаев:

Әз ағама!

Менің әдебиеттегі кіндік атама.

(1970)

Қ.Мырзалиев:

Құрметті Әз аға!

Аспандай таза аға!

Қызықты кітапты,

Сіздей ел жаза ма?!

М.Шаханов:

Өнерде кең қанат, иықты,

Қырандай аңсаған биікті.

Талантын жастық шақ қолдаған,

Жастықтың әніндей самғаған.

Азамат ағасың сүйікті...

Жастықтай қымбатсың сен маған!

(1977)

Жазушы еңбегі дегенде еске түседі, ол – қаламгер қолтаңбасы, ондағы авторлық ұстаным мен жан­жүрек жазбасының көңіл толқыны арқылы қысқа-­нұсқалы үлгіде беріліп, оның өзі өзгеше құрмет пен қолдау, ерекше мән­-маңыз берілуімен де шынайы сыйластық пен сүйіспеншілікті айқын аңғар­тады. Біздіңше, жазушы еңбегіндегі айрықша із-­бедері бар – қолтаңба тарихы мен тағылымынан, өмір шындығы мен уа­қыт тынысынан өзге адам мен оның өміріне қатысты көзқарас мұраттары, қа­рым-­қатынас һәм сыйластық иірімдері, кө­ңіл нұры, мейірім шуағы жіті көрініс береді.

Енді бір сәт академик С.Қирабаевқа ұсынылған кітаптарға жазылған қолтаң­баға үңіліп көрелік.

«Қымбатты Әлия (Әлияш), Серік (Секе)!

Сіздерге өмір бойы өтей алмай келе жатқан дәм қарызым бар еді. Соның есесіне осы кітапты ұсынамын. Қағаз да болса, қазы мен қартадай көріп, қабыл алула­рыңызды сұраймын. Мұндағы адамдардың бәрінің де толымды бейнелері жасалған жоқ. Өйткені, бұл көркем роман емес, көз көргенді блокнотқа түрткілей бергеннен туған дүние ғой – эпистолярлық еңбек. Сондықтан бейнеміз жарқырап көрінбеп­ті деп ренжімеңіздер. Жарқырап тұрмаса да, жастық шағымыздың бір белгісі ғой.

Зор құрметпен: ағаларың − ұрпақ­үрім бұтағы мың болып өркендегір ардақты Рымбала апаның «киімшең» ұлдарының бірі

Әз.Нұршайықов.

28.VIII.2000 ж. Алматы.

«Қымбатты келінім Әлия!

Бұл кітап - 2006 жылы шілде айында 40 жазушы, әртіс, ғалымдар «Алатау» сана­то­рийінде бірге демалған, сыйлас, сыр­лас болған күндердің белгісі болсын, қалқам.

Аса қадірлі інім Серік екеуіңізге зор құрметпен сыйлаймын.

Әз.Нұршайықов.

17.07.2006 ж.

«Алатау» санаторийі.

Профессор Тұрсынбек Кәкішевке ар­нал­ған қолтаңбада былай деп жазылған:

« Кәкішев Тұрсынбекке!

Жүрегі жалынды, көңілі дария, сөзі алтын – ардақты келінім Күбіраға!

Қайнағалық көңілмен, ықыласпен, риза­лықпен!

Әз.Нұршайықов.

7.XII.1966 ж.»

«Қымбатты інім, досым, сыйласым, сырласым Тұрсынбек пен қадірлі келінім – дос бауырым Күбіраға, ағалық ықыласпен.

Әз.Нұршайықов.

23.II.1970 ж. »

« Құрметті Тұрсынбек!

Елу жасқа толған тойыңмен шын жүректен құттықтаймыз. Ұзақ өмір сүріп, тіршілігіңнің жемісті әр жылы елу жылдық мәңгілік өмірге айналсын деп тілейміз. Одан келін ұмытса, ұрпақ кінәлі, сен кінәлі емессің.

Халима, Әзілхан Нұршайықовтар.

25.IX.1977 ж. Алматы».

Қаламгер Қ.Әлім ұзақ уақыт бойы     Ә.Нұршайықовпен кездесіп һәм сұхбат­тасып, тіпті өзара хат-жазбалар арқылы да берік байланыс орнатқаны – «Махаббат жыршы­сы» (эпистолярлық хикаят) атты еңбегінен кең орын алған екен. Орайлы тұста Ә.Нұршайықов қаламгер әріптесіне бірсы­пыра кітаптарын тарту етіпті. Әрине, кітаптардың алғашқы бетіне – қолтаңба қалдырған. Оқып көрелік:

«Қайсар Әлімге!

Қымбатты Қайсар інім! Бұл менің өз ұстазым Мұқан Иманжанов туралы жазған кітабым еді. Сіз өткен ағаларды «өлтір­мей» – ұмытпай ардақтайтын абзал азамат­тардың бірісіз ғой. Сіздің сол ағаларға деген асыл ілтифатыңызға, шексіз сүйіс­пен­шілігіңізге деген ризашылы­ғым­­ның белгісі ретінде бұл кітабымды өзіңізге ерекше ықыласпен сыйлаймын.

Қабыл алғайсыз.

Келін, балалар бәріңіздің бақытты бо­луларыңызға шын жүректен тілектеспін.

 Зор құрметпен:

Әз.Нұршайықов.

20.IX.2001 ж. Алматы.

«Қайсар және Алтын Әлімдерге!

Қымбатты Қайсар! Аяулы Алтын!

Бұл Халима апаларың туралы кітап. Жақында ол кісінің 80 жылдығын өткіз­дім. Сол тойдан тәбәрік деп қабылда­ғайсыздар.

 Өздеріңізге деген шексіз құрметпен,

Әз.Нұршайықов.

 20.05.2005 ж.».

Оқып, танысқан қолтаңба бедерінен қаламгердің әріптесіне деген көңілі кіршіксіз екені бірден көрініп-ақ тұр. Жалпы мұндай ақжолтай лебіз-тілектерден автор мен оқыр­ман арасындағы байланыс-сабақ­тастықты, өзара құрмет пен қол­дау­ды, әр кезең, тұстар­дағы сұхбаттардың сырлы си­пат­тарын, ең негізгісі адами көңілдің қара­пайым қағидат­тары мен үлгі-өрнек­терін, ізгілік иірімдерін терең тануға болады.

Жазушы қолтаңбасы жеке кітапха­намдағы еңбектерден де орын алған. Оның да бірнешеуін оқып көрелік:

«Қымбатты Рақымжан інім!

Сізге бұл кітабымды («Махаббат, қы­зық мол жылдар» – Р.Т.) өзіңіздің таным­дық қуаты күшті – «Парыз бен пара­сат» атты жаңа кітабыңызға бай­ғазы ретінде ұсынамын.

Сіздің менің бұл романым туралы ғы­лыми-зерттеу жұмысын жазғаны­ңыз­ға тәнтімін...

Өзіңіздің ғылыми, әдеби шығарма­шы­лық қызметтеріңіздің жыл сайын жемісті бола беруіне шын жүректен тілектеспін.

Зор құрметпен – ағаңыз Әз.Нұр­шайықов.

20.12.2003 жыл»

«Қымбатты іні досым! Бауырым! Авто­рым! Қадірлі, аса кішіпейіл Рақа! Сізге шын жүректен алғысымның бір белгісі осы кітап («Ақиқат пен аңыз» – Р.Т.), осы қолтаңба болсын.

Зор құрметпен, Әз.Нұршайықов.

23.04.2005».

«Астана қаласындағы Еуразия уни­верси­тетінің профессоры Р.Тұрыс­бекке! Ардақты бауырым Рақымжан!

Сізге деген сүйіспеншілігімді қалай ай­тып, не деп жеткізерімді білмей отыр­мын. Мен туралы тамаша мақалалар жазып, «Дала мен қала», «Нұр-Астана» газеттерінде жа­рияладыңыз. Енді, міне, маған «Әзілхан Нұршайықовтың шығар­машылық мұра­сы» деген таудай кітап­ты тарту етіп отырсыз.

Мұныңыз баға жетпес байлық, рухани өшпес мұра ғой, қалқам-ау!

Зор құрметпен басымды иемін...

Әз.Нұршайықов.

26.10.2005.

Біздіңше, жазушы қолтаңбасы – жан-жүрек тынысы, көңіл толқыны ғана емес, сонымен бірге кітап иесінің белгі-ерекшеліктерін тап басып, соған көзқарасын, лебізін білдіреді. Тілек қосады. Жазушы көз­қарасы мен қолтаңбасы – жан-жүрек алғысынан, көңіл қанағатынан тұрады. Алғысы мен құрметі қатар сезіледі. Адам­дық әлемі, адамгершілік иірімдері, көзқа­рас мұраттары да танылады. Қыс­қасы, автор мен кітап – жан жылуы мен көңіл қуатын танытуымен бірге көркем­дік-руха­ни мұраның құндылық қырла­рын, таным­дық-эстетикалық мұратын, сезім мен сүйіс­пеншіліктің мәңгілік сипат­тарын кең көлемде көрсетеді.

Тұтастай алғанда, журналист-жазушы Ә.Нұршайықовтың шығармашылық мұ­ра­сында – қолтаңба мәдениеті ақыл-пара­сатқа құрылып, өзіндік өрнек, өзгеше қыр­лары­мен мәнді болып табылады. Бұл – бір.

Екіншіден, жазушы еңбегі мен шығар­машылық қырларына назар аударсақ, адам­дық әлемі, жасампаздық һәм ізгілікті қадамдары айрықша танылып, жанашыр­лығы мен жауапкершілігі, құрметі айқын аңғарылады.

Үшіншіден, қаламгер қолтаңбасы – өмір мен уақыт бедері, автор мен оқырман ара­сын­дағы байланыстың берік ар­қауы, бүгін мен болашақтың рухани көпі­рі, естелікті ескерткіштердің әсерлі Һәм тағы­лымды тұстарын жіті танытатын маңызды да мәнді белгілердің бірі.

Демек, қолтаңба – жан-жүрек жаз­басы. Көңілдің сәулесі молынан түсіріл­ген, ар­ман-аңсарлар да, жақсылық-жетіс­тіктер де лебіз-тілек түрінде көрініс таба­тын, жүйелі жеткізілетін асыл сөздің қысқа үлгісі, нұсқалы үрдісі.

Жарқын жүздесу, сырлы сұхбаттар тұ­сында бірде жазушыдан қолтаңба (( автограф)) хақында сұрағанымыз бар.

– Мен қолтаңба қалдыру арқылы көп­шілікке Һәм оқырманға сол сәттегі көңілімді ғана білдірумен шектелмеймін, – деген еді қаламгер. – Сонымен бірге, құдіретті қазына – кітаптың табиғаты мен мазмұ­нын ашамын. Кітаптың рухани қуат-нәрін, көр­кемдік-эстетикалық әсер-ықпа­лын да негізгі назарда ұстаймын. Кітап мәдениетін, оны оқып-үйрену мен жинау­ды, тәлім-тағылым алуды да үлгі етемін. Соған бағыт-бағдар беремін.

Қолтаңбада қаламгер мұраты, адам әлемі, ақыл-парасат деңгейі, біліми-мә­де­ни мүмкіндіктері, көзқарас эволю­ция­сы көрі­ніс береді. Өмір өрісі, уақыт бедері бары да анық. Демек, қолтаңба – лебіз-тілектің тоғысы ғана емес, білім-біліктің, тәлім-тәрбиенің де тағылымды тұстарын терең танытады. Ендеше, журналист-жазушы   Ә.Нұр­шайықовтың қолтаңбасы рухани байлықтың қадір-қасиетін жіті зерттеп-зерделеудің үздік үлгісі, қалың көпшіліктің қымбат қазы­на­ға көзқарасы мен құштар­лы­ғының бедерлі белгісі, ең негізгісі оқыр­манға берік сенімі мен шексіз сүйіспен­шілігінің көркемдік қайнары, мәңгілік мәні мен сырлы әлемі.

Рақымжан ТҰРЫСБЕК, филология ғылымдарының докторы, профессор.