Қазақстан Республикасы Президентінің 2000 жылғы 3 сәуірдегі №369 “Мәдениет саласында мемлекеттік стипендиялар тағайындау туралы” Жарлығына сәйкес әдебиет пен өнердің 50 қайраткеріне еліміздің бюджетінен мемлекеттік стипендиялар беріліп келеді.
Мемлекеттік стипендиялар Қазақстанның әдебиеті мен өнерін жасауға және дамытуға зор үлес қосқан көрнекті қайраткерлерге, сондай-ақ жоғары шығармашылық мүмкіндікке ие тұлғаларға материалдық көмек есебінде беріледі.
2010 жылдың 25 қаңтарындағы “2009 жылы мәдениет саласында мемлекеттік стипендиялар беру туралы” Қазақстан Республикасы Президентінің №399 Өкімімен 2009 жылғы мемлекеттік стипендия алушылар тізімі бекіді.
Мемлекеттік стипендияларды төлеуге 2009 жылға арналған республикалық бюджетте 003 “Мемлекеттік сыйақылар мен стипендиялар” бюджеттік бағдарламасы бойынша 14016 мың теңге сомасында қаражат көзделген.
Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Ішкі саясат бөлімі.
БІРЛЕСЕ ҚИМЫЛДАУҒА МҮДДЕЛІЛІК
“Нұр Отан” ХДП Төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Нығматулин “Нұр Медиа” холдингінің құрамына кіретін “Астана” телеарнасында болып, оның тынысымен танысты және журналистер арасында “Нұр Сұңқар” республикалық конкурсының жарияланғанын мәлім етті.
Н.Нығматулин ұжымға оның жаңа бас директорын таныстырды. Ол қызметке Серік Сәлиев тағайындалды. “Нұр Отан” ХДП Төрағасының бірінші орынбасары телеарна жұмысымен танысу барысында арна мен партия арасында бірлесе атқаратын жұмыстар жайын әңгіме етті. Партия тарапынан “Нұр Медиа” холдингіне барынша көмек көрсететінін айтқан Н.Нығматулин телеарна ұжымына партиялық құрылымдармен бірлесіп, көрермендер қалайтын спикерлердің, танымал есімдердің арна бағдарламаларында көрінуінің ауқымын кеңейту керектігіне және көтерілетін мәселелердің қоғам үшін өзекті болуы мен журналистердің өткірлігін ұстарта түсудің маңыздылығына тоқталды.
“Нұр Отан” ХДП қабырғасында мемлекеттік маңызы бар мәселелердің қалай шешілуіне мониторинг жүргізіліп отырады, бұл ел тамырының соғысын біліп отыру, сол себептен бізбен қоян-қолтық жұмыс жасау арқылы сіздер де өздеріңізге қажетті тақырыптарды молынан тауып отырасыздар. Шындап келгенде, бәріміз де Отанымыздың көркеюіне мүдделі емеспіз бе, деді партия Төрағасының бірінші орынбасары.
“Нұр Сұңқар” атты республикалық сайыстың басталғандығын жария еткен Н.Нығматулин бұл конкурсқа еліміздегі барлық бұқаралық ақпарат құралдарының журналистері, фототілшілері, бейнеоператорлары қатыса алады, конкурс партияның қызметін жан-жақты көрсетуге бағытталып отыр. Оны өткізу барысында біз журналистердің партия қызметін көрсетудегі ықыласын арттыруды ғана емес, аймақтардағы филиалдарымыздың жұмыстарын партия назарында ұстауды да көздеп отырмыз, деді. Сайысты 18 аталым бойынша, яғни оның 9-ы – қазақ, сондай-ақ қалған 9-ы орыс тілдерінде өткізу жоспарланыпты. Конкурс шарттары бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады.
Астана қаласы телевизиясы журналистері үшін тағы бір жағымды жаңалық – ол қаламақы мен айлық жалақы мөлшерінің өсуі болды. Партия да, холдинг басшылығы да журналистер үшін көтеретін тақырыптар аясын тарылтуды, қайсыбір шек қоюды көздемейді, барлық материалдар заң шеңберінен шықпай, этикаға қарсы келмесе болды. Қазақстанның даму жолында партияның рөлі айтарлықтай, осы жұмыс өз деңгейінде, шындықпен көрсетіліп, қалың көпшілік назарында болса дейміз. Партия БАҚ-тармен бірлесе қимылдауға мүдделі. “Нұр Сұңқар” республикалық сайысын өткізудегі басты мақсаттың бірі осы. Сайыс жеңімпаздарын, әрине, бағалы сыйлықтар күтіп тұр, деп ойын қорытындылады Н.Нығматулин.
ДАМУ МЕЖЕЛЕРІ БЕЛГІЛЕНДІ
Сыртқы істер министрлігінде Біріккен Ұлттар Ұйымының 2010-2015 жылдар аралығын көздейтін Қазақстан Республикасының даму мақсаттарына көмек көрсету жөніндегі негіздемелік бағдарламасының (ЮНДАФ) тұсаукесер рәсімі болып өтті. Бұл шараға еліміздің мемлекеттік органдарының, Парламентінің және БҰҰ жүйесі агенттіктерінің өкілдері қатысты.
Аталған бағдарлама Қазақстан Үкіметі мен БҰҰ арасындағы ынтымақтастықтың “Қазақстан-2030” бағдарламасын және Мыңжылдық декларациясының қағидаттарына негізделген 3 басымдықты көздейді. Олар – баршаның экономикалық және әлеуметтік бақуаттылығы, мемлекетті нәтижелі басқару және қоршаған ортаның тұрақтылығы.
Басқосу кезінде сөз алған Сыртқы істер министрінің орынбасары Қайрат Омаров бұл бағдарлама қоғамның ең әлсіз топтарының, оның ішінде әйел азаматшалар мен балалардың, мигранттар мен босқындардың, жастардың, қарттар мен мүгедек жандардың жағдайын жақсартуды көздейтінін атап өтті. Оның сөзіне қарағанда, аталған бағдарлама сондай-ақ институттық деңгейдің көтерілуіне, азаматтық қоғам және БАҚ-тың құқықтары мен мүмкіндіктерін қамтамасыз етуге, адам құқықтарына деген айрықша назарды арттыруға және климаттың өзгеруіне байланысты туындайтын кері өзгерістердің алдын алуға да сеп болмақ.
“Бұл бағдарламаны дамыту барысында БҰҰ-ның басқа да халықаралық ұйымдармен арадағы әріптестігі жанданып, өзара тәжірибе алмасу жағы нығаятын болады. Тағы бір атап өтерлігі, ол мұндай бағдарламаға құйылатын қаржының БҰҰ агенттіктерінің тікелей ресурстары тарапынан азайып, ел Үкіметі тарапынан молаюы дер едім. Бұл бірінші кезекте Қазақстан экономикасы деңгейінің көтерілгендігін көрсетеді. Жалпы, бұл жаңа бағдарлама негізінде біз БҰҰ-ның барлық мүмкіндіктерін дұрыс пайдалана аламыз. Себебі, біздің әріптестігіміз Қазақстанның 2015 жылға дейінгі дамуына оң әсерін тигізеді деп ойлаймын”, деді Қайрат Ермекұлы өз сөзінде.
Ал БҰҰ Даму бағдарламасының тұрақты өкілі, БҰҰ Резидент-үйлестірушісі Хаолянь Шу аталған бағдарлама Қазақстанның ұлттық басымдықтары мен қажеттіліктерін БҰҰ арқылы жандандыруға жол ашады деген ойын жеткізді. Оның сөзіне қарағанда, бағдарлама Мыңжылдықтар декларациясының негізгі мақсат-міндеттері мен Қазақстанның 2030 жылға дейінгі белгілеген басымдықтары негізінде әзірленген. “Қазақстан Республикасының 2024 жылға дейін тұрақты дамуға көшу тұжырымдамасы мен Қазақстан басшысының жыл сайынғы халыққа Жолдауы да бұл бағдарламаның дайындалуына оң әсер етті. Оның, әсіресе, қазіргі таңда әлемнің экономикалық дағдарыстан шығатын кезде де маңызы арта түсуде”, деді Х. Шу. Оның айтуынша, 2010-2015 жылдар аралығын көздейтін бұл бағдарламаға құйылатын қаржының жалпы көлемі 79,39 млн. АҚШ долларын құрайды деп көзделіп отырған көрінеді.
“Қазақстанмен арадағы әріптестік қаржылық ресурстармен өлшенбейді. Біз үшін ең маңыздысы – бірлескен бастамаларға құрылған әріптестік, жергілікті басымдықтарды арттыру және өзара тәжірибе алмасу. Қазақстан – қаржылық және адамзаттық ресурстарға бай ел. Сол себепті, бұл мемлекеттің жан-жақты дамуына мол мүмкіндік бар. Бірақ та БҰҰ-ның қолдауымен белгілі бір даму межелеріне тез жетуге болады. Болашақта Қазақстанмен арадағы ынтымақтастық байланыс өз жемісін береді деп сенемін”, деді БҰҰ Даму бағдарламасының тұрақты өкілі.
Жиынға қатысушылар ЮНДАФ – Қазақстанның 2010-2015 жылдарға дейінгі көздеген ұлттық стратегиясы мен жоспарларының жүзеге асуына, Қазақстандағы азаматтық дамуға айрықша назар аудару арқылы мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал етеді деген өз ой-пайымдарын жеткізді. Мәселен, аталған бағдарлама негізінде елдегі саламатты өмір салтын сақтау, табиғи экожүйені қалпына келтіру, табиғи және антропогендік апаттар орын алған жағдайда қоғам мен азаматтардың құқығын қамтамасыз ету, орталық және жергілікті билік органдарының мөлдірлігі мен тиімділігін арттыру секілді сан-салалы мәселелер бір жүйеге келетін болады.
Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ.
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ БАС ПРОКУРАТУРАСЫНЫҢ
М Ә Л І М Д Е М Е С І
Соңғы кездері бірқатар қоғамдық бірлестіктер, саяси партиялар және бұқаралық ақпарат құралдары ҚХР-ға экспорттау үшін ауылшаруашылық өнімдерін өсіруге жерді ұсыну тақырыбына қатысты алыпсатарлық әңгімелер таратуға әрекет жасауда.
Ондай мәлімдемелердің маңыздылығын арттырып, оларға көпшіліктің назарын аудару мақсатында нақты сандарға, “анық ақпарат көздеріне” және шетел баспасөздеріне сілтеме жасалып жүр.
Атап айтқанда, кейіннен жергілікті БАҚ таратқан француздық “Le Monde” газетінің Алакөл аймағындағы қазақ-қытай бірлескен кәсіпорнының соя мен бидайды өсіру жөніндегі қызметі туралы жарияланымы айтылады.
Жарияланымда кәсіпорын иелігінде 7000 гектар жер болғандығы және осы аймаққа 3000 қытай шаруалары жіберілгендігі туралы айтылған.
Алайда, 2003 жылдың өзінде-ақ уәкілетті мемлекеттік органдар мұндай ақпаратты жоққа шығарған болатын. Бас прокуратура 2010 жылы Алматы, Шығыс Қазақстан облыстарында арнайы тиісті тексерулер жүргізіп, олардың нәтижелері де француз газеті материалдарының ақиқатқа сай келмейтіндігін растады.
Сонымен қатар, ондай мәлімдемелердің қолданыстағы заңнамаға және нақты жағдайға сәйкес келмейтіндігі жөнінде Премьер-Министр, Ауыл шаруашылығы министрі және Бас прокуратура айтқан болатын.
Осыған қарамастан, жекелеген тұлғалар аталған мәселе бойынша алыпсатарлық пен арандатушылық ақпарат таратуды, оның ішінде жаппай наразылық шараларына шақыруды жалғастырып, заңға қарсы әрекеттердің жасалынуын ұшқындатып отыр.
Қазіргі таңның өзінде ондай әрекеттердің ұлтаралық қатынастар жағдайына жағымсыз әсер ету фактілері анықталды. Ұлтаралық негіздермен дау-жанжал шығару әрекеттері үшін кінәлі тұлғалар қылмыстық жауапкершілікке тартылуда.
Осыған орай, заң бұзушылықтардың алдын алу және мүмкін зардаптарды болдырмау мақсатында Бас прокуратура Конституцияның 39-бабына сәйкес ұлтаралық татулықты бұзатын кез келген әрекет конституциялық емес деп танылатындығын қайталап түсіндіреді.
Негізгі Заңның 20-бабына сай, мемлекет қауіпсіздігіне нұқсан келтіруді, әлеуметтік және ұлттық астамшылықты, сондай-ақ, қатыгездік пен зорлық-зомбылыққа бас ұруды насихаттауға немесе үгіттеуге жол берілмейді.
Конституцияның 5-бабымен мақсаты немесе іс-әрекеті Республиканың конституциялық құрылысын күштеп өзгертуге, оның тұтастығын бұзуға, мемлекет қауіпсіздігіне нұқсан келтіруге, әлеуметтік, ұлттық араздықты қоздыруға бағытталған қоғамдық бірлестіктер құруға және олардың қызмет етуіне тыйым салынған.
Азаматтық кодекстің 49-бабына сәйкес заң құжаттарында тыйым салынған қызметті жүзеге асыру, не қызметті заңдарды бірнеше рет немесе өрескел бұза отырып жүргізу заңды тұлғаны сот тәртібімен таратуға негіз болып табылады.
“Бұқаралық ақпарат құралдары туралы” Заңмен журналиске келіп түскен ақпаратты тексеру құқығы беріле отырып, шындыққа сәйкес келмейтін ақпаратты таратпау міндеті жүктелген.
Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодекспен бұқаралық ақпарат құралдарына көрінеу жалған мәліметтер мен материалдар беру үшін жауапкершілік белгіленген.
Әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, діни араздықты немесе алауыздықты қоздыруға, нәсілдік қатыстылығы белгілері бойынша олардың айрықшылығын, артықшылығын немесе кемдігін насихаттауға бағытталған қасақана іс-әрекеттер ҚР ҚК 164-бабымен қарастырылған қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғады.
Бейбіт жиналыстар, митингілер, шерулер, пикеттер және демонстрациялар ұйымдастыру мен өткізу тәртібі туралы заңнаманы бұзу Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодексінің 373-бабымен әкімшілік жауапкершілікке, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 334-бабы бойынша қылмыстық жауапкершілікке де әкеп соқтыруы мүмкін.
Баяндалғандарды ескере келе, Бас прокуратура бұқаралық ақпарат құралдарын шындыққа сәйкес келмейтін мәліметтер мен жалалы сөздерді тарату үшін пайдалануды қоса алғанда, ұлтаралық татулық пен мемлекетаралық қатынастарға нұқсан келтіруі мүмкін кез келген әрекеттерге жол берілмейтіндігіне қоғамдық бірлестіктер мен саяси партиялар өкілдерінің және өзге де мүдделі тұлғалардың ерекше назарын аударады.
Жоғарыда аталған нормаларды бұзған тұлғалар заң қаталдығы сақтала отырып жеке жауапкершілікке тартылатын болады.
Жеңіс - 65
МАЙДАННАН ЖЕТКЕН ХАТТАР
Ұлттық мұрағат жаңа бір маңызды құжатпен толықты. Татарстан халықтары Ассамблеясы Кеңесі төрағасының орынбасары Сағит Жақсыбеков ақын Мұзафар Әлімбаевтың майданда жүріп, татар досы, композитор Мақсут Латыповқа 1943 жылы жазған хаттарының топтамасын Ұлттық мұрағатқа табыс етті.
Кіші лейтенант Мұзафар Әлімбаевтың сарғайған хаттарын 60 жыл бойына Мақсут Латыповтың қарындасы Лидия апай сақтап келіп, оны 1993 жылы Қазан қаласындағы қазақ қауымдастығына әкеліп табыстапты. Ішінде кіші лейтенант Әлімбаевтың “Беларусь қызына” деген өлеңіне ән жазуды сұраған өтініші бар екен.
Бір кездері алып елдің құрамында болған туысқан екі халықтың шығармашыл адамдарының достығын, Кеңес Одағы адамдарының қанқұйлы жаумен соғыстағы ерлігінің көрінісіндей бұл хаттар қазақ мәдениеті үшін құнды артефакт, ол халқымен қауышуы тиіс, деген қазандық туыс әкелген жәдігерді қабылдаған Ұлттық мұрағат директоры Рысты Сариева: “Бұл хаттар Ұлы Жеңістің 65 жылдығын тойлауға арналған экспозициядан ойып тұрып орын алатын болады”, деді.
Алыстан жеткен сарғайған үшкіл хаттарды табыс ету рәсіміне Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Ералы Тоғжанов, Мәдениет және ақпарат министрлігі Ақпарат және мұрағат комитетінің төрағасы Бауыржан Омаров қатысты.
Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ.