Кеше Парламент Мәжілісі Төрағасының орынбасары Жәнібек Кәрібжановтың жетекшілік етуімен палатаның жалпы отырысы болып өтті. Онда «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» заң жобасы мақұлданды.
Заң жобасының көздеген мақсаты туралы Әділет министрінің орынбасары Әмірхан Аманбаев баяндама жасады. Отырыста заң жобасы бойынша құрылған жұмыс тобының жетекшісі, Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі Серік Темірболатов қосымша түсінік берді.
Бұл заң жобасында онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстар үшін сотталған азаматтардың әлеуметтік тұрғыдан осал санаттарына, яғни кәмелетке толмағандар, жүкті әйелдер және кәмелетке толмаған балалары бар әйелдер, зейнеткерлер, мүгедектер және басқаларға қатысты рақымшылық жасауды жүргізу көзделіп отыр. Сондай-ақ осы заң қолданысқа енгізілгенге дейін онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыс жасағаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылатын барлық қылмыстық істерді және қылмыстар туралы сотта қаралмаған істерді тоқтату көзделеді.
«Ғарыш қызметі туралы» заң жобасы екінші оқылымда талқыға салынып, нәтижесінде толықтай мақұлданды. Және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне зияткерлік меншікті дамыту мен қорғау тетіктерін жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда қолдау тапты. Заң жобасы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2011 жылғы 17 сәуір күнгі Үкіметтің кеңейтілген мәжілісінде берген тапсырмасын орындау үшін әзірленген.
Жалпы отырыста бірқатар халықаралық маңызы бар заң жобалары талқыға салынды. Соның ішінде «Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес Хатшылығының, оның персоналының және мүше мемлекеттер өкілдерінің артықшылықтары мен иммунитеттері туралы конвенцияны ратификациялау туралы» заң жобасы жөнінде Сыртқы істер министрінің орынбасары Қайрат Сарыбай баяндама жасады. Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі Сағынбек Тұрсынов қосымша баяндама жасады. Мәжіліс депутаттары заң жобасын мақұлдау жөнінде ортақ келісімге келді. Сонымен қатар, «1992 жылғы 15 мамырдағы Ұжымдық қауіпсіздік туралы шартқа өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» және «2002 жылғы 7 қазандағы Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының Жарғысына өзгерістер енгізу туралы Хаттаманы ратификациялау туралы» екі заң жобасы да мақұлданды. Заң жобасы жөнінде Сыртқы істер министрінің орынбасары Амангелді Жұмабаев баяндама жасағаннан кейін, Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі Ержан Исақұлов қосымша түсінік берді.
Келесі кезекте «Көпжақты сауда жүйесі шеңберінде Кеден одағының жұмыс істеуі туралы шартты ратификациялау туралы» заң жобасы талқыға түсіп, бұл заң жобасы да толықтай мақұлданды. Жалпы отырыста басқа да бірқатар заң жобалары жан-жақты талқыға түсіп, тиісті шешімдер қабылданды.
Сонымен қатар, Үкіметтен келіп түскен жаңа заң жобаларына қорытынды әзірлеу уақыттарын нақтылау бойынша палата шешімі шығарылды.