• RUB:
    5.47
  • USD:
    473.29
  • EUR:
    512.81
Басты сайтқа өту
27 Қазан, 2011

Метро қызығының қуанышы

332 рет
көрсетілді

Метро арқылы жүйткитін күндер де алыс емес, ал оған дейін алматы­лық­тар­дың бір легі сәулеті келіскен, самаладай жарық метро стансаларына түсіп, жер ас­тында жолау­шы­лау­дың қандай екенін байқап көрді. Осылайша, өткен демалыс күндері Алматы метрополитенінде ашық есік күні өтті. Қалалықтар үшін алғаш рет Гоголь мен Панфилов көшелері­нің қиылысындағы «Жібек жо­лы» стансасы есігін айқара аш­ып, метро қызметкерлері көпші­лік­ті бірнеше шақырым саяхат жасауға шақырды. Бірінші болып метроға отыру мүмкіндігін жібермеген алматылықтар күні бойы бірнеше стансаны аралап, осындағы қала тіршілігіне ар­нал­ған фотокөрмені тамашалады. Алғаш жер асты арқылы жо­лау­шылаған жұртшылық Абай даң­­ғылы мен Фурманов көше­сі­нің қиылысына орналасқан «Абай» стансасына, одан кейін опера теа­трының тұсынан шы­ға­тын «Ал­ма­лы» стансаларына сапар шекті. Абай-Манас көшелерінің қи­ы­лысынан басталатын Алматы метросының алғашқы тармағы «Саяхат» автовокзалына дейін со­зылатынын және ол жеті стан­саны құрайтындығынан бұған дейін де хабардар еткенбіз. Бұл аралықты жер асты пойыздары 12 минутта жүріп өтеді, құ­ра­ма­лар әр 9 минут сайын стан­са­ларға келіп отырады. Енді ел метро толайым іске қосылатын ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығын күтіп отыр. Бұл күндері Алматы метро­сы­ның екінші тармағының да құ­ры­лы­сы жүріп жатыр. Нәтижесінде Ал­маты метросы қаланы «Қал­қа­ман» поселкесімен жалғайтын болады. Қазірге белгілісі, метрода жү­ру ақысы 100 теңге болмақ. Қала әкімдігі метро үшін мұндай жо­л­ақы қымбат емес деп есептейді. Көшедегі көлік кептелістерінде жүйкені жұқартып, уақытты зая кетіргенше сәулет өнері салтанат құрып тұрған стансаларда қы­ды­рып, керек жеріңе жайлы вагондар арқылы көзді ашып-жұм­ған­ша жетіп алудың дұрыстығын айтады. Айнаш ЕСАЛИ. Алматы. ----------------------------------- Суретті түсірген Юрий БЕККЕР.