• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Аймақтар 16 Қазан, 2017

Сайын Мұратбеков тұрған үйге ескерткіш-тақта орнатылды

1020 рет
көрсетілді

Әр әңгімесінің алғашқы сөйлемін оқығаннан-ақ мұрныңа бұрқырап жусанның иісі келетін, қысқа әңгімелерімен-ақ қазақ әдебиетінің ірі өкіліне айналған белгілі жа­зушы, Қазақ­стан Рес­публикасы Мем­лекет­тік сыйлықтың лауреаты Сайын Мұратбеков тұрған үйге ескерткіш-тақта орнатылды.  

Қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, көркемсөз өнерінің үлкен шебері Сайын Мұратбековтің қай шығармасының да дең­гейінің төмені жоқ. 1950-жыл­дардың басында алғаш­қы шығармалары жария­лана бас­таған кезден бері оқыр­ман қауым оның «Менің қарын­дасым», «Ауыл оты», «Көк­орай», «Отау үй», «Дос іздеп жүр­мін», «Жабайы алма», «Ес­кек жел» секілді жинақтарын құ­марта оқумен келеді. Оның шы­ғармалары оқиға желісінің шы­­найылығымен, кестелі тілі­­мен, кейіпкерлерінің биік адам­­гершілік қасиетті жоғары қоятындығымен ерекшеленіп тұрады. 

Көзі тірісінде берген сұх­баттары мен естелік жазбаларында Сайын ағамыз күз мезгілін ерекше жақсы көретінін көп айтатын еді. Өзі де күз мезгілінде дүниеге келген-ді. Күз келгелі келбетін өзгертіп, сан түрлі бояуларға малынып тұрған Алматының тамылжыған күнінде қаламгерге арналған тақтаның орнатылуы қазақ әдебиетіне жасалған тарту сияқты қабылданды. Себебі төрт қабатты еңселі үйдің қабыр­ғасы бұл ескерткіш-тақтаны он жыл бойы күтті. Талантты жазу­шының кейінгі өміріне бай­ланыс­ты атқарылар көп шаруаның бірі осы болатын, ол да орындауын тапқанда қуан­баған адам кемде-кем еді.

Зенков пен Шевченко кө­шелерінің қиылысындағы үйдің қабырғасына орнатылған тақтаның шымылдығын ақын, белгілі қоғам қайраткері Олжас Сүлейменов, Қазақстан Жазушылар одағының төр­ағасы Нұрлан Оразалин және жазушының туған бауы­ры Әбіләкім Әубәкіров түсір­ді. Тақта алдында әде­биет­тегі қатарластары мен жасы кіші інілері Сайын Мұрат­бековтің адами келбеті мен әдеби қарымын тең сөз етті. Өз кезеңінде Қазақстан Жазушылар одағын  бірге басқарған, қанат­тас, қаламдас құрдасы Олжас Сүлейменов бір сәт өткенді еске алып, досының аты тарихта қалатынына сенім білдірді. 

Қазақстан Жазушылар ода­ғының төрағасы Нұрлан Оразалин, ақын Марфуға Айт­қожина, бауыры мен балалары қарымы бөлек қаламгердің ерекше жаралған адами болмыс-бітімін тебірене тұрып еске алды. Бәрі де қаламгерге көрсеткен құрметі үшін қала әкімдігіне алғысын білдірді. 

Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ