Егемен елде өмір сүріп, тұрмыс кешу шексіз бақыт, қуаныш қана емес, сонымен бірге үлкен сын да. Бұл ақиқат биылғы көктемде тасқын су зардабына ұшыраған батысқазақстандықтардың мысалынан айқын көрінеді. Баспасөзде бұған дейін хабарланғанындай, сол кезде апат аймағынан он мыңға жуық адам өзге жаққа көшірілді. Жас мемлекеттің төтенше жағдайлар жөніндегі құрылымдары мұндай аса ауқымды эвакуациялық жағдаймен тұңғыш рет беттесті. Тек бір аймақ қана емес, тұтас еліміз үшін үлкен сын болған осы бір аса жауапты шақта Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бір де бір адам көмексіз, қамқорлықсыз қалмайды деген болатын.
Өткен жексенбі күні мыңдаған оралдықтар Мемлекет басшысының осы тұжырымының нақты іске асқанының куәгері болды. Қазақстанның батыстағы қақпасы тағы бір шағын ауданмен толықты. Мұнда айшықты да ажарлы архитектуралық жобаларға сай бес және тоғыз қабатты тұрғын үй кешендері мемлекеттік комиссияның шешіміне сай пайдалануға берілді. Сыңғырлаған жаңа пәтерлердің кілті 510 отбасына табыс етілді. Салтанатты рәсім кезінде облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов атап көрсеткендей, әлеуметтік-тұрмыстық нысандардың өте қысқа уақыт аралығында, небәрі бес-алты ай ішінде пайдалануға берілуі олардың сапасына салқынын тигізген жоқ.
Расында да уақыт ырғалып-жырғалуды күтпейтін де, көтермейтін де еді. Сондықтан жергілікті мердігер ұйымдар орталықтан көмек келуін күтіп жатпай-ақ құрылысты өз қаражаттары есебінен шұғыл бастап кеткені, өңірде құрылыс индустриясының кең қанат жайғаны, яғни басты құрылыс материалдарының Орал қаласының өзінде өндірілетіні – көздеген уақыт межесінен шығуға негіз қалады. Арада көп уақыт өтпей-ақ «Самрұқ-Қазына» әл-ауқат қоры, «ҚазМұнайГаз» және «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниялары қажетті қаражат салғаны құрылыс қарқынын одан әрі жеделдетуге септігін тигізді.
Қала құрылысының тек өзіне ғана тән иірімдері мен талаптары бар. Белгілі бір құрылыс нысандары жобаланған кезде, өзге де өмір сүруге қажетті инфрақұрылымдар мен инженерлік желілер қоса ойластырылмаса, ол жартыкеш күйінде қалып қоймақ. Тұрғын үй кешендерінің жанынан балабақшалар мен мектептер, денсаулық сақтау нысандары құрылыстарының қоса салынып іске қосылуы осындай өміршең көзқарастан туындағаны анық. Бұл нысандарда тасқын судан зардап шеккен тұрғындардың балалары тәрбиеленіп, білім алмақ.
Тәуелсіздіктің алғашқы онжылдығында Орал өңірінде бүлдіршіндерді мектепке дейінгі тәрбие мекемелерімен қамту ісі өте өткір күйінде тұрған болатын. Деректер бұл көрсеткіш бойынша өңір 1997 жылы өзге облыстармен салыстырғанда жетінші орында тұрғанын айғақтайды. Өткен жексенбі күні Орал қаласында тасқын су зардаптарын қалпына келтіру ісіне бөлінген республикалық қаражат есебінен тұрғызылған әрқайсысы 290 орындық екі балабақша есігі айқара ашылды. Осынау мектепке дейінгі балалар мекемелерін есепке қосқанда облыста қажетті қамтылу 94 пайызға жеткенін көрсетті. Бұл республика облыстары арасындағы бірінші орын екенін айтудың өзі бір мерей.
Орал қаласының іргесінде Асан деген ауыл бар. Бұл іргелі елді мекенде мектептің жоқтығы оның тұрғындары мен жас жеткіншектердің арқаларына аяздай батып жүретін. Тағы бір қуанышты жәйт, тасқын су зардаптарын қалпына келтіру шаралары аясында мұнда 230 орындық жаңа мектеп ғимараты пайдалануға берілді. Сонымен бірге Төтенше жағдайлар министрлігі бөлген қаражат қорынан аталған ауылды облыс орталығымен жалғайтын асфальт жол төселді.
Әлеуметтік-тұрмыстық және мектепке дейінгі тәрбие мен жалпы білім беру нысандарының салтанатты түрде ашылу рәсімі кезінде сөз сөйлеген Батыс Қазақстан облысының құрметті азаматы Абат Есенғалиев, Орал қаласының тұрғындары Роза Жолтаева, Татьяна Левина, Балауса Рамазанова мен Шолпан Айтқалиевалар бұл жақсылықтардың бәрін Елбасының сарабдал саясатымен, республиканың қарапайым тұрғындарына деген тұрақты қамқорлық көзқарасымен байланыстырды. Әрі олар биылғы қазан айында Орал қаласында пайдалануға беріліп отырған нысандар және жаңадан пайда болған шағын аудан сол саясаттың нәтиже беруінің, оның салтанат құруының бір көрінісі бола алады деген шынайы ой-пікірлерін айтты.
Темір ҚҰСАЙЫН.
Орал.
Суретті түсірген Александр КУПРИЕНКО.