Ермұхан Бекмахановтың ұлттық тарих ғылымында алатын орны ерекше. Жуырда Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты жас тарихшы ғалымдар арасында Е. Бекмаханов сыйлығына байқау ұйымдастыратынын хабарлаған болатын. Осы ретте институт директоры Зиябек ҚАБЫЛДИНОВПЕН әңгімелескен едік.
– Зиябек Ермұқанұлы, қазақ тарихының ғылымында шоқтығы биік тұлғаны еске алып, жас ғалымдарға қолдау көрсетіп жатыр екенсіздер...
– 80 жыл бұрын ғылымдағы айтулы еңбек жолын бастаған Е.Бекмахановтың өткен ғасырдың 40-жылдары қазақтың соңғы ханы – Кенесарының, отаршылыққа қарсы бағытталған ұлт-азаттық қозғалыстың басшылары мен батырлардың өмірін зерттегеннен кейін көрмеген құқайы жоқтығын білеміз. Оның «ХІХ ғасырдың 20-40-жылдарындағы Қазақстан» атты еңбегінің жарық көргеніне биыл 70 жыл толып отыр. Осы ретте жас тарихшылар үшін арнайы әрі мақсатты салалық байқаулардың сирек жүргізілетінін ескеріп, Ермұхан ағамыздың жұбайы Халима Адамқызына жолығып, оған осындай байқау ұйымдастыру ісін қолға алып жатқанымыз туралы айттық. Заңғар тұлғаның өмірлік серігі бұл бастаманы қуана қабылдап, ақ батасын берді.
– Сонда байқау бір тақырып аясын ғана қамти ма?
– Ұлт тарихын жаңғырту жолында қазаққа төл тарихын танытуға күш салған Е.Бекмахановтың өмірі мен қызметі, ғылыми мұрасы, шығармашылығы талай зерттеулерге арқау болатыны мәлім. Дегенмен ағымдағы жылдың қазақ тарихындағы айтулы даталарға толы екенін ескеріп, бағыттардың аясын кеңейтуді жөн көрдік. Оның алғашқысы, «Рухани жаңғыру және тарих ғылымы: жаңа мәселелер мен міндеттер» тақырыбына арналады. Халқымыздың азаттық үшін күресінде Алаш қозғалысының алатын орны айрықша. Арада бір ғасыр өтсе де Алаш зиялыларының тарихын толықтай танып, тереңнен зерделеп болған жоқпыз. Сондықтан ақтаңдақтарды зерттеуде сарғайған архив құжаттарын ашып, жарқын болашақ үшін өмірлерін құрбан еткен Алаш қайраткерлерінің тарихи және ғылыми мұрасын зерттеуге жас ғалымдар өз үлесін қосу қажет деген оймен «Алаш қозғалысына – 100 жыл: тарихы мен тағылымы» атты бағыт таңдалды. Келесі үлкен тақырып. «Қуғын-сүргін қасіреті: ұлт зиялыларының тағдыры мен мұрасы». Биыл «үлкен террордың» басталғанына 80 жыл толып отыр. Қуғын-сүргін қазақ тарихындағы қаралы кезеңдердің бірі. Өмірлері мезгілсіз үзілген ұлт зиялыларының соңындағы мұраны зерттеумен тану да бүгінгі жастың міндеті. Бұдан да өзге қазақ тарихына қатысты тақырыптар қамтылған.
– Байқау жұмыстарына қойылатын талаптар қандай?
– Біріншіден, жас ғалымдардың жасы 35-пен шектелді. Байқауға ұсынылатын мақалалар ғылыми жұмыстарға қойылатын талаптарға жауап беруі керек. Қолданылған әдебиеттер мен деректер көрсеткіші келтіріліп, қойылған мәселе ғылыми архив құжаттарының мәліметтері арқылы, түпнұсқалық деректердің көмегімен ашылуы шарт. Байқау жұмыстарына қойылатын басты әрі ортақ талап – ғылыми жаңалық. Қазан айының аяғында осы жұмыстардың барлығын жинап, топтастырған соң, институтымыздың белді ғалымдарынан құралған арнайы комиссия өз жұмысын бастайды. Ал жас ғалымдар еңбектерін 10 қазанға дейін Ш. Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының жанындағы Жас ғалымдар кеңесінің электронды поштасына жіберуіне болады.
Байқаудың жалпы ұтыс қоры екі миллион теңгеге жуық. Оның ішінде байқау жеңімпазына 500 мың теңге берілді. Ал іріктеуден өткен жұмыстардың барлығы институттың сайтында, «Edu.e-history.kz» электронды журналында, сондай-ақ «Отан тарихы» журналында жарияланатын болады.
– Институт назарындағы өзге де жұмыстарға тоқтала кетсеңіз.
– ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне байланысты Астана тарихын қазақ және ағылшын тілдерінде дайындап, Ш.Уәлихановтың этнографиялық және тарихи мазмұндағы мақалалары мен жұмыстарын іріктеп, таңдаулыларын орыс тілінде жеке кітап ретінде әзірледік. Енді шет тіліне аудару мәселесін қарастырып отырмыз. Лондонда атақты Томас Аткинсонның ұрпақтары ағылшын тіліне тәржімалауға даяр екендіктерін айтты. Қазақтың танымал тарихи тұлғаларын әлемге танытуымыз керек. Одан басқа шетелдік туристер үшін «Қысқаша Қазақстан тарихын» қазақ тілінде құрастырдық, енді мүмкіндік болса өзге де тілдерге аударамыз. Себебі Қазақстанға келген қонақтарымызға қазақ халқының тарихымен таныстыратын жеңіл әрі ғылыми-көпшілік тілмен жазылған еңбекті ұсынуымыз қажет.
– Еліміздің тарихы ұзақ жылдар бойы өзгенің көзімен жазылып келді, бұрмаланды. Осы ретте жалпы елдік тұрғыдағы «Тарихи энциклопедия» қажет емес пе?
– Сұрағыңыз өте орынды. Қазіргі уақытта бірқатар посткеңестік елдердің ғалым-тарихшылары өздерінің тарихи энциклопедиясын құрастырып, оны қолданысқа енгізді. Өкінішке қарай, біз бұл бағытта кенже қалып қойдық. Кеңес дәуірінде еліміздің тарихшылары 16 томнан тұратын «Кеңестік тарихи энциклопедияны» кеңінен пайдаланды. Ал бүгінде республикамыздың әр облысы өңірлік энциклопедиялар жасап шығарды, барлығымызға ортақ 10 томнан тұратын «Ұлттық энциклопедиямыз» да бар. Ол тек қазақ емес, орыс және ағылшын тілдерінде де жарияланды. Бірақ бұл аз. Соңғы ширек ғасырда тарих ғылымының қарқын алып дамуы, айналымға көп көлемде жаңа мәліметтер мен мағлұматтардың енуі, қазақ тарихына арналып жазылған том-том кітаптардың жарыққа шығуын ескерсек, мұндай академиялық және анықтамалық басылым бізге аса қажет. Өйткені тарихымыз жаңғыру үшін қазақ тарихы туралы анықтамалық деңгейдегі кем дегенде 5 томнан тұратын салалық арнайы энциклопедия керек-ақ. Оның үстіне, осыдан 2 жыл бұрын институттың бір топ ғалымдары тарихтың терминологиялық сөздігін жарыққа шығаруға қатысты. Бізде білікті маман да, жинақталған мол тәжірибе де бар. Уақытты ұтымды пайдалану үшін институт қызметкерлері «Қазақстан тарихи энциклопедиясын» құрастыру бағытындағы жұмысты бастап кетті.
Әңгімелескен
Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан»