• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Әдебиет 17 Қазан, 2017

Қымбат қазына

1058 рет
көрсетілді

Біз оны Сары кітап дей­тінбіз. Себебі, мұқабасы сап-сары еді. Ал толық атауы – «Қа­­зақтың мақалдары мен мә­­телдері» болатын.

Бұл қазынаны белгілі ақын әрі ауыз әдебиетін зерт­­теуші ғалым Өте­бай Тұр­манжанов жинап, құ­­рас­­­ты­рып, 1959 жылы Ал­ма­тыдағы Қазақтың мем­ле­кеттік әдебиет баспасынан басып шығарған.

...Міне, осы кітапты мен өзімнің жекеменшігім деп ойлайтынмын. Сөйтсем, оным бекер екен. Тек ән­шейін, ұзақ уақыт қолымда болған соң көзім үйреніп, өзімше ием­деніп қалыппын.

Бірде ауылдан шешем қыдырып келді. Кешке жұ­мыстан оралсам, ол кісі әлгі сары кітапты алып, үңіліп қа­рап отыр екен.

– Иә, қалаға келіп, мақал-мәтел үйренейін дегенсіз бе? – деп күлдім.

– Е-е, – деді шешем жеңіл ғана күрсініп. – Мына кітапты көріп, қай-қайдағылар есіме түсіп отыр-дағы... Әкең мұны бая­ғыда Арыстағы кітап дү­кенінен сатып алып, маған сыйлап еді. Міне, сондағы жазуы... Тұп-тура сол күнгідей көз алдымда тұр!

– Кәне, көрейінші, – деп қолымды создым. Ше­шем сары кітаптың бетін ала­қа­нымен аялай сипап, маған ұсын­ды.

Расында да, мұқабаның ішкі жағына: «1959 жыл. 19 август. Арыс стансасы. Тұр­сынға – Балтақарадан» деп жазылған екен.

Бұрынырақта бұл жазуды оқы­дым ба, оқымадым ба, есімде жоқ. Оқы­сам да, сірә, дәл қазіргідей мән бере қой­ма­сам керек.

– Апыр-ай, – деді шешем өзімен-өзі сөй­лескендей болып. – Содан беріде қан­шама жыл өтті... Ол кезде біздің жаңа ғана отау құрған кезіміз ғой. Сендер әлі бұл дү­ниеде жоқ едіңдер. Енді ойлап қарасам, со­дан бергі көшіп-қонған жерлерде үй салдық, жиһаз алдық... Бәрі тозды. Ал мынау кітап... сол баяғы қалпында тұр!..

Нұрғали ОРАЗ, «Егемен Қазақстан»