Сурет өнері батыстық мемлекеттерден өзге елдердің бәрінде мәдениеттің кенже дамыған түрі болып есептелгендіктен болар, бұзып-жарған мінезі жоқ, бүлікшілдікті білмейтін бейнелеу өнерімізге ғажайып мазмұндағы картина көрсе де, баланың шимай-шатпағына немкетті көзі түсіп кеткендей селт етпей қарайтын қарадүрсіндеу қалыбымыз қосылып, осы енжарлығымыздың кесірінен қылқалам өнері құлашын кеңге сермей алмай отырғандай көрінетіні бар. Себебін әр қиырдан іздейсің.
Ең әуелі ұлтымыз үшін сурет өнерінің әлі де болса жас өнер екенін еске алуға тура келеді. Өзіне сұқтана қарағандардың жанарындағы сүйіспеншіліктен от алып, ғұмыры ғасырдан ғасырға жалғанып келе жатқан әйгілі «Джакондалардың» салынғанына сегіз жүз жыл болса, қазақтың кәсіби сурет өнерінің пайда болғанына сексен жылдан енді асып барады. Танымға төңкеріс жасайтындай құбылыс болып келген қылқалам иелері қазақ сурет өнерінде көп болмағаны ауыр да болса баршамыз мойындауға тиіс белгілі шындық. Бұл орайда саусақпен санап алуға болатын аздың арасынан еркін ойымен ерекше жанрдағы тың дүниелер тудырып, бейнелеу өнеріндегі өркениетті бағыттың бәрін ұлттық дүниетанымға негізделген дәстүрлі ұғыммен әдемі үйлестіре білген тұлғалық кемел шағына күн-түн демей тер төгіп жеткен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, талантты суретші Алпысбай Қазығұловтың атын айрықша атауға болады.
Адамдарға белгілі дүниені өзгеше қырынан танып, майлы бояудан мазмұн тапқысы келетін суретшіні басқа кәсіп иелерімен салыстырсақ, оның ерекшелігі де, артықшылығы да жасаған дүниесінің жалқылығында екенін көреміз. Суретшінің жұмысы бір-ақ рет жазылуымен құнды. Ол жоғалса, бүлінсе, шедевр мен шеберлік қайталанбайды. Сонда ол салған картинаны ешкім түсінбесе, жазған жалғыз дана дүниесінің амандығы үшін үнемі алаңдарлық жағдайда өмір сүрсе, суретші несіне бұл кәсіпті өзіне серік етеді деген сұрақ туады.
Өзі үшін. Қырық жыл бойы қолынан қылқаламы түспей келе жатқан, біз шығармашылығын сөз еткелі отырған суретші Алпысбай Қазығұлов кенептің алдына келіп алып «осы ойымды бояу тілімен сөйлетсем, халыққа ұнамай қалып, мені сынап тастамай ма, идеям көңілінен шықпай, Мәдениет министрлігі маңайлатпай қойса, қайтем?» деген ойды тіпті де ойламайтыны анық. Осы уақытқа дейін 7000 картина салған А.Қазығұлов шабыттың тұлпарына мінген сәтте жұрттың көңілінен шығуды ойлап жұмыс істеген болса, бүгінгі шыққан биігіне табан тірей алмаған болар еді. 7000 картина деген – өзін қанша кішіпейіл, қарапайым ұстаса да, ұлттың интеллектуалды байлығын құрастыруға қызмет етіп жүрген еңбегі үшін «қазақтың талантты суретшісі» деп атауға толық құқық беретін орасан қазына. Шетелде халықаралық деңгейдегі ең көп көрме өткізген суретшілердің бірі болғандықтан, бізге қарағанда өнер туралы танымы биік Еуропадағы бейнелеу өнерінің білгірлері А.Қазығұловтың шығармашылығын жоғары бағалайды.
Қазығұлов жас күнінен Қазақстанның ең талантты суретшілерінің таңдаулы туындыларын коллекциялауды дағдысына айналдырса, бүгінде Қазығұловтың өзінің коллекционерлері қалыптасқан. Олар ең алдымен, осы еуропалықтар. «Үздіксіз ізденісімен үнемі ұзартып отырмаса, суретшінің шығармашылық жолы тым қысқа» деген сөзін өмірлік ұстанымына айналдырған оның әр көрмесі бейнелеу әлеміндегі елең еткізер елеулі оқиға ретінде қабылданады. Өйткені ол әр көрмесін биік талғаммен түзілген салмақты дүниелерінің салтанатты шеруі іспетті ұйымдастырып, ұзақ уақыт жасалған ішкі дайындықпен келеді. Реализм, сюрреализм, импрессионизмнен бастап бүгінгі авангард пен абстракционизмге дейінгі бағыттардың біразын зор талантымен бағындырған оны шетелдік меценаттардың өзі елімізге арнайы іздеп келіп, картиналарын қымбат бағаға сатып алады. Альбомын жарыққа шығарып береді. Бұл – Қазығұловқа ғана емес, қазақтың бейнелеу өнеріне жасалған зор құрмет.
Біз Қазығұловты шеберханасына іздеп барғанда, күллі тілшілер қауымы адаспай тауып баратын Есентай өзенінің жағасына таяу Мұратбаев көшесіндегі еңселі үйде орналасқан Суретшілер шеберханасынан емес, Сейфуллин көшесінің бойындағы оңаша отаудан таптық. Оның айдай әлемнен қашып, «жапандағы жалғыз үй» болып отыруының өзі көп нәрсені аңғартқандай. Адамдар арасындағы аламаннан, айтыс-тартысы көп дүрмектен алыста, Өзі мен Өнерді ғана оңаша қалдырып, өз шығармашылығымен ғана бетпе-бет өмір сүруді жөн көргені болар деп түйдік. Алпысбай суретші жылына елу-алпыс картина «шимайласа», соның ішінде ең болмаса үш-төртеуі өз көңілін қанағаттандырса, бар дүниесі түгенденгендей кеудесін алақұйын қуаныштың үнсіз ғана билейтіні бар. Қылқаламнан қолы босай қалғандай болса, кітапқа үңіледі. Шеберханасындағы картинадан кейінгі байлық осы – текшеленіп жиналған кірпіш-кірпіш кітаптары. Бұл суретшінің көп оқитындығын, көп ізденетінін меңзейтіндей. Терезесінің арғы жағында қайнап жатқан қарбалас өмір жұмақтың кішкентай бір бөлшегіндей болып кеткен мынау екі бөлмелі шеберханасының ішіндегі жан рахатымен салыстырғанда жіп есе алмайтындай, жез құманындағы күрең шайды сораптап қойып, қылқаламының қарымын сынап бақса, содан маңызды қызықты әзірге көрген жоқ.
Бояу – суретшінің дүниетанымы мен өмір сүру салтынан ғана емес, жалпы тағдырынан ақпарат жеткізетін алғашқы құрал. Өйткені Стендаль айтқандай, «стиль деген – адамның өзі» ғой. Мысалы, суретшінің өз сөзіне сенсек, Пикассоның шығармашылығында бір кезеңде қызғылт, бір кезеңде көгілдір түс, ал бір уақытта қара түс басым болған екен. Сол секілді Алпысбай Қазығұловтың шеберханасындағы картиналарға жағалата көз салғанда, жалпы оның соңғы жылдардағы жұмысына шымқай қызыл және оттай сары түстің тән екенін байқадық. «Неге?» дедік әуестік билеп. «Бір уақыттары мен де сұр түспен жазғанды ұнаттым, содан кейін әбден жалыққанша қызғылт түспен жұмыс істедім. Өткен жылдан бастап қып-қызыл түстің қызығына түстім. Алғаш осы түспен сала бастағанымда күн аптап ыстық болып тұрған еді. Ауа райының әсері көңіл күйімді шарпыған болар, қызыл мен сары түстің иіріміне солай түскен едім», дейді.
Суретшінің жеке тұлға ретіндегі қуанышын, ренішін, өкінішін, бір сөзбен айтқанда, әртүрлі көңіл күйін бояудың түсі анықтайды. Ертеректе, институт қабырғасында 4-курста оқып жүрген кезінде «Өнер тарихынан» сабақ беретін ұстазы аудиторияға қарап тұрып: «Бейнелеу өнерінің фотографиядан не айырмашылығы бар? Тап қазір дұрыс жауап бергенің бұдан былай менің сабағыма қатыспасаң да болады» дейді. Бәрі ойланып қалады. Ұзаққа созылған жым-жырт үнсіздікті Раушан деген курстасы бұзады: «Фотосурет адамның көңіл күйін жеткізе алмайды, ал живопись көңіл күйді жеткізеді» дейді. «Бес!» дейді ұстаз. Мұның шындық екенін Балтық бойы елдерінде тұратын танымал суретші достарының тәжірибесінен де байқады. Бұл елдегі суретшілер бір кездері жіңішке әрі нәзік етіп бояу шашатын «аэрограф» деген құралға өте құмар болып алады. Аяқ киімге айналдыра шашқандай, кенептің үстіне тақап тұрып керекті бояуды пышылдатып шашып шығады, рахат. Көрмелерден көріп жүрген сол картиналар кейінгі жылдарда аяқ асты ізім-ғайым жоқ болып кеткен соң бүкілодақтық симпозиумдардың бірінде жолыққанында: «Соңғы кезде сендер аэрографпен сурет салмай кеттіңдер ғой, неге?» деп сұрайды Алпысбай суретші. «Бас тарттық, – дейді Балтық бойының суретшісі,– темір құты живопись жанры үшін жетілген құрал болса да, бәрібір қылқаламды алмастыра алмайды екен. Адамның миы, жүрегі, білімі, қолының энергиясы, керек десеңіз, денсаулығы қатыспаған суреттің сезімге әсері де болмайтынын түсіндік». Фотосурет те, темір құтыдағы бояушашқыш та қылқаламның алдында дәрменсіз болатынын осы екі мысалдан аңғарып, суретшіге тек қылқаламның ғана айнымас серік бола алатынын содан білген.
Қазақстанда «қымбат» суретшілердің қатары көп емес. Әрине, бояулар гаммасының үйлесімімен салынған, қызылды-жасыл бояудың тереңіне жасырылған жаңалығы бар, сезімді қозғайтын туындылар аса қымбат тұрады, бірақ қымбат болғанда, мұндағы әңгіме оның бағасы туралы емес. Тіпті ол жай бір қарағанда түсінікті бола салатын жүректі шым еткізер сұлу сурет те болмауы мүмкін. Алпысбай ағамыз сурет өнеріндегі «арзан-қымбат» деген шкаланы туындататын шеберлікті туындының энергетикасы анықтайтынын баса айтады. Өзі танымымен жеткен осы ақиқатты үнемі қаперінде ұстап, сезімге сыйлайтын жағымды әсерін алдыңғы орынға шығарған Алпысбай Қазығұловтың картиналарында күңгірт, қою, қанық түсті бояуларды бірте-бірте ашық, нәзік түстерге ұластыру себебі тап осында жатқаны оның шығармашылығымен таныс адамдардың баршасына аян. Оның полотноларында кәдімгідей драма бар. Көргенде тіксініп қалу, селт ету, катаклизм, бұрын білмеген, көрмеген тосын жайтпен жолығу – Қазығұлов картиналарына жан бітіріп тұрған қозғаушы қуат осылар.
Алпысбай ағамыздың айтуынша, суретші туындысын жазып жатқандағы шығармашылық үдеріске жалғыз өзі ғана қатыспайды. «Кейде картинаны жазып отырғанда, ту сыртымнан біреудің келіп бақылап тұрғанын байқаймын. Артыма қараймын – ешкім жоқ. Барып, есікті тартып көремін, жабық тұр. Отыра қалып, жұмысымды қайта жалғастырамын. «Әлгінің» сол мезет қайта пайда болғанын, менің қаламымнан көз алмай қарап тұрғанын бүкіл жұлын-жүйкеммен тағы сеземін. Әр туындыны қолға алған сайын қайталана берген соң мұны өзімше зерттей бастадым. Замандас әріптестерімнен, жасы үлкен суретшілерден сұраймын. Олар екі иығын қомдап, «білмейміз» дейді де қояды. Бірде кітап оқып отырсам, онда: «Қалай жазғаныңды әлдекім иығыңа асылып қарап тұрады. Ол, бірінші – анаң, екінші – ұстазың, үшінші – Шекспир, төртінші – құдай» деп жазып қойыпты. Картинаны суретшінің жалғыз өзі жазбайтынын, шығармашылық үдеріске басқа күштің де қатысатынын сол кезде түсіндім» дейді ол.
Ия, суретшілік өнердің тылсыммен байланыстылығын онымен таныстығы жоқ адамның өзі әлсіз түйсігімен там-тұмдап болса да, сезеді. Жоғарыда айтылған «энергетика» дегеннің картинаның «ағзасына» тылсым күштің көмегімен кіруі әбден мүмкін екенін суретшінің өзі де теріске шығара алмайды.
А.Қазығұлов 1976 жылдан бері қырық жылдан аса уақыт сурет салып келеді. Осы жарты ғасырға жуықтаған уақытта бояудың жай ғана бояу емес, оның құпиясы болатынын, бояудың «ойлай» алатынын, ал ол құпияның кілтін ұлы Жаратушы таңдаған адамының қолына ғана беретінін түсінді және әлемдік сурет өнерін ойша бір шолып шыққанда, ол кілттің кімдердің қолына табысталғанын да көзі көрді. Бес ғасыр ілгері кеткен батыстық сурет мәдениеті қиялдың түпсіз терең болатынын дәлелдеп, әзірге құрық салдырмай келе жатқанымен, бояу құдыретін тануға, танытуға қызмет етіп жүрген ізденгіш қазақ суретшілерінің алдыңғы толқынындағы Алпысбай Қазығұловтың таңырқаған сайын таныла түсетін әлеміне сурет өнеріне табынатындар осынша ынтызар болмас еді.
Тарихта тоқырап қалған, қолына мүлдем қалам ұстай алмай өмірінің соңында сарқылып, не жазарын, қалай жазарын білмей қаңтарылып қалған суретшілер өте көп. Суретшіден себебін сұрадық. Тұнжырап ойланып отырды да: «Бұл туралы мен де көп ойландым. Ұзақ жылдардағы ойымның түйіні мынау болды. Суреткердің ниеті бұзылған кезде шығармашылық та сарқылады. Басқа адамдарға риясыз көмектесу, жамандық ойламау, жақсылық жасауға асығып тұру, ақыл мен білімді тек қана ізгіліктің жолына бағыттау – міне, шығармашылық адамын өсіретін қасиеттер». Суретшілер арасында тарту-таралғы жасау жағынан тартынбай, туындыларын музейлерге тегін таратып, суретін сатып, ауруханаларға аппарат алып беріп, қайырымдылық ісімен ең көп айналысатын да мырза мінезді Алпысбай Қазығұлов екенін бұрыннан білетінбіз. Сырын енді аңдағандай болдық. Қоғамның бір қажетіне жарамасаң, жеке тұлға ретінде құның төмен.
Оның дәл қазір бөгде тірлікке бас қатырмай алаңсыз жұмыс істеп жүрген шағы. «Қолының» жүріп тұрған кезінде жанына тыныштық бермей мазалаған ойын төкпей-шашпай қағаз бетіне түсіріп алуды ғана ойлайды. Сурет өнері, расымен, өнердің ішіндегі ең қиын өнер. Кейде шеберханасына барып, қолына қылқаламын ұстап шынтақтап ойланған күйі жазылып жатқан кенепке жалғыз сызық та тарта алмай жабығып, шаршап үйіне қайтатыны бар. Жайшылықта қауырсын құрлы салмағы болмай, саусақ арасында сусылдап, жорғалай жөнелетін қылқаламы ондайда қырық пұттық кір тасындай ауыр тартып, әл-дәрменін құртады. Бұл барлық шығармашылық адамының басында бар өткінші ахуал болғандықтан, табиғатынан берілген салмақты мінезі тұтқиылдан бұрқ етіп келетін импульс пайда болғанша сол сәтті амалсыз күтеді. Ал сонша уақыт сандалған, сарсылтқан күндерді шабыт келіп тықсырып, сурет салу сағынышымен табысқандағы рахаттың не екенін суретші ғана түсінеді. Ондай сәтте оңаша бөлмесінде ол бала сияқты билеп те кетеді. Өз өнерімен тұтасып, балталасаң да ажырамайтын бүтін бір әлемге айналып кеткен тұлға әлі күнге дейін бояу сиқырына арбалып, беймәлім жұмбақ дүниені ұғынуға талпынумен келеді.
Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ