Қай елдің болсын озық мәдениеті мен рухани болмысын таразылайтын күш – театр. Ал тарихи тамыры тереңде жатқан бұл өнердің эстетикалық қуатын арттырып, өзіндік ерекшелігін танытатын – актерлер. Үлкен көркем туындының ой-мақсатын, идеялық сипатын ашып, көрерменді кейіпкер әлемімен таныстыратын да сол суреткерлердің жанкешті еңбегі, шығармашылық ізденісі. Әрине, алдыңғы озық өркениеттің танымал шеберлерінің мектебін жалғастырушылардан қазақ топырағы да кенде емес. Ұлттық өнердің әр сатысында рухани-мәдени алға жылжудың сара жолын салып берген С.Қожамқұлов, Қ.Қуанышбаев, С.Майқанова, Қ.Бадыров, Р.Қойшыбаева сынды алыптардың ізімен қазақтың хас өнерін дамытуға зор үлес қосқан халқымыздың аяулы қызы Зәмзәгүл Шәріпованың театр өнеріндегі орны ерекше.
Сахнаның өзгеше бір күші еріксіз баурап алған ол Ұзынағаштағы жеті жылдық мектеп-интернатта оқып, оны үздік бітірген соң Алматы қаласындағы екіжылдық киноактерлер дайындайтын мектепте, одан кейін филармонияда Бақытжан Байқадамовтың сыныбында (хор) білім алу мүмкіндігіне ие болды. Оның бойындағы дарынының алғашқы ұшқындары интернаттың көркемөнерпаздар үйірмесінде байқала бастаған. Сол үйірмеге қатысушы оқушылар қойған М.Әуезовтің «Сын сағатта» пьесасындағы Рәш рөлін балаң көңілмен, албырт сезіммен сәтті ойнап шыққан жас қызға халық ертегілері мен аңыздарын, қазақ, орыс авторларының көркем шығармаларын көп оқығандығы да рухани толысу үшін көп септігін тигізіп еді.
Киноактерлер дайындайтын мектепті аяқтағаннан кейін З.Шәріпованы киностудияға дубляж жасауға қалдырады. Алайда соғыстан кейінгі ауыр кезеңде кинофильмдер өте аз түсірілгендіктен ол радиоға ауысады. Мұнда радиоспектакльдерге қатысып, балаларға арналған әдебиеттерден, ұлттық классикалық шығармалардан үзінділер оқиды. Жас актрисаның оқу мәнерінің ерекшелігі, үн тазалығы, жағымды дауысы тыңдаушысын еріксіз баурап алатын. Қазақ тілінің байлығы, екпін ерекшелігі сол кезде З.Шәріпованың әуезді үнімен радиотолқын арқылы қазақ даласына кең тарады. И.Байзақовтың «Ақбөпе» поэмасы негізінде жасалған радиоспектакльдегі Ақбөпенің тыңдарманын баурап алуы жас өнерпаздың анық та ашық, әдемі дауысы, сол дауыс-дыбыстың толқынды сазының өзгеше әсері болатын. Адамның жеке бас бостандығына, сезім бостандығына тосқауыл болған феодалдық қатал заманның кертартпа көзқарасында дәрменсіз хал кешкен арудың қайғылы күйін беру тұсында әрбір тыңдарманның сол оқиғаға өзі араласып бірге жүргендей күй кешуі жас актрисаның сахна өнерін меңгерудегі алғашқы табыстарының бірі еді.
Зәмзәгүл Нүсіпбайқызы бағындырған өнердің бір саласы – кино. Түсірілген сәттен-ақ таспаға жазылып, әр буын көрерменмен бірге өмір сүретін кейіпкерлердің сом бейнесін шынайы суреттеудегі талапшылдықты, экран алдындағы жауапкершілікті ол түскен фильмдерден байқау қиын емес. Яғни, актрисаның ұлттық киноөнерінің дамуына қосқан үлесі мен еңбегі ол сомдаған рөлдердің көркемдік деңгейінің биіктігімен өлшенеді. Оның Нұржамал («Дала қызы», кинодағы алғашқы рөлі), Қадиша («Өмір жолы»), Дина («Біз осында тұрамыз»), Балзия («Заман-ай») тәрізді кейіпкерлері жарқын өмірге ұмтылысымен, тағдырдың түрлі соқпағын кешудегі психологиялық сипатымен көрерменнің бойындағы оптимистік, адамгершілік игі қасиеттерді арттыруда зор маңызға ие. Және бұл бейнелердің экран арқылы болашақ ұрпақтың да рухани-адамдық болмысының қалыптасуына ықпалы үлкен болмақ.
Жоғарыда аталған өнер мектебінде алған білімі мен Рахия Қойшыбаеваның тәлімі қосылып, жас актриса ұлттық сахна өнерінің сиқырлы әуеніне еніп кете барған. Ол 1952 жылдан бастап күні бүгінге дейін М.Әуезов атындағы академиялық қазақ драма театрында сан қырлы мінездермен, алуан тағдырлармен, түрлі дәстүр ерекшеліктермен бетпе-бет келді. Мұндағы алпыс жылға жуық уақытын дебюті Куань-Саннан («Порт Артур»), Ғалиябану («Ғалиябану»), Қарагөз, Қарлығаш, Айман («Қарагөз», «Абай», «Айман – Шолпан»), Ақтоқты («Ақан сері – Ақтоқты»), Пүліш («Майдан»), Айша («Сәуле»), Ажар («Ажар мен ажал»), Айжан («Шоқан Уәлиханов»), Назгүл, Лағыл, Гүлзар («Күншілдік», «Кім менің әкем?», «Белгісіз батыр»), Дәмеш («Көңілдестер»), Нәзипа, Зоя («Ақын жүрегі», «Замана осылай басталды»), Насихат («Досымның үйленуі»), Бикеш («Парторг»), Ана («Төрт тақта – жайнамаз»), Дәмеш («Қилы-қилы тағдырлар»), Жәмила, Ева Бройер («Бөлтірік бөрік астында», «Жат елде»), Елена («Күн перзенттері»), Эллен («Вьетнам жұлдызы»), Жер ана («Ана – Жер ана»), Полексена («Шындық жақсы, бақыт одан да қымбат»), Дездемона, Елизавета, («Отелло», «Ричард ІІІ»), Донна Люция («Мен сіздің әпкеңізбін»), Мехменэбану («Фархад – Шырын»), Сәлимаға («Отыз ұлың болғанша...») дейінгі жүзден аса кейіпкерлер әлемін зерттеуге арнады.
Осындай көптеген қаһарманның сахналық кескін-келбетін ашу, олардың әлеуметтік орнын бағдарлау мақсатындағы көркемдік әдіс-тәсілдерді меңгеру талант пен тәжірибенің үлесінде дейміз. Ұлттық драматургияның биік шыңы саналатын классикалық дүниелердің көбінде рөл сомдау З.Шәріпова талғамының биіктігін, құрылымы мен композициясы күрделі шығарманың қасиетін сезіне білетін даралығын аңғартады. Өйткені, актрисаның жан әлемінде қазақ халқының өзіне тән дәстүрі мен әдет-ғұрпын тереңнен суреттейтін мұндай біртуар туындылардың көркемдік әрі рухани бағасы мен құндылығын тану бар. Ол сомдаған М.Әуезовтің «Қарагөз» трагедиясындағы аяулы арудың, асыл Қарагөздің сахнада өмір сүруі ерекше-тін...
Спектакльде әрбір айтылған сөз бен сахналық әрекет темпо-ритмін бір Қарагөздің тағдырынан өрбитін трагедиялық, драмалық оқиғалардың желісіне орай бірде әсерлі үнімен, енді бірде өршілдігімен дамыта білген актрисаның ойын өрнегі шебер кестеленді. Қарагөздің Сырымға деген сезімі, сүйіспеншілігі Наршаны көрген сайын, жан-жағындағы шырмауық-шырғалаң тереңдеген сайын арта түседі. Қарагөз – З.Шәріпова өзі туған заманның қаталдығы мен қыспағынан тұншықты, езілді, егілді. Алайда сол дәрменсіз, шарасыз күйде де ол өрлік, ерлік, күрескерлік танытты, бас бостандығы мен өз сүйгеніне қосылу үшін өз заманының әлеуметтік, моральдық қыспағына қарсы шықты. Актриса ойынында батылдық пен нәзіктіктің синтезі айқын көрінген. Қарагөз – З.Шәріпова Наршамен диалогында оған деген тұспалды көзқарасымен, айтылған сөздің астарымен жан сезімінің басқаға арналғандығын меңзейді. Үміт пен күдік, сезім мен қаталдық айқасқан драмалық сюжет барысындағы жас арудың психологиялық күйзелісі, ішкі дүниесіндегі дағдарысы З.Шәріпованың нәзік дауысынан, жан-жағына үрейлене қараған мөлдіреген көз жанарынан анық байқалады.
Актриса кейіпкерінің жан дүниесін, оның әлеуметтік орнын, есінен адасқан сәтіндегі психологиялық өзгерістердің туындау барысын көп зерттеді, ой таразысына салып зерделеді. З.Шәріпова ойынындағы Қарагөздің жындануының өзі үлкен сырға толы болуы да сондықтан. Ол қойылымның шарықтау шегі саналатын осы көріністе асыра сілтеуге жол бермей, керісінше аяулы арудың басындағы мүшкіл халдің өзін лирикалық сарында, сұлулығы мен тектілігінен ажырамаған қалпында жеткізе білді. Шығармада Сырымнан, бар үмітінен айырылған Қарагөздің жынданбасқа шарасы да жоқ еді. Өйткені, қазақ қоғамындағы терең тамырлы қатал дәстүрге қарсы шығып, Мөржан, Нарша, Текті тәрізді тосқауыл-кедергілердің тар жолынан өтуде өн бойын махаббат сезімі кернеген жас ару олармен жалғыз күресе алмады. Ол өз бақытын іздеді, сол жолда аласұрды, ақыры жынданды, мерт болды, сөйтіп жан дүниесі мәңгілік тыныштық тапты. Ұлы Мұхтар Әуезовтің қылқаламынан шебер өрнектелген мұндай шытырман оқиғалар тізбегіндегі актрисаның шеберлігі көрерменнің көз алдында бүгінге дейін сайрап тұр.
З.Шәріпова спектакль финалындағы Қарагөздің аруақ-бейнесіне, оның рухына, Сырымға күш-қуат беріп, өзінің адал махаббатын, мәңгі сүйетіндігін білдіретін, өлсе де ғашығын қайраттандыратын оптимистік монологына ерекше мән береді. Осы соңғы көрініс – кейіпкердің әлеуметтік ортасындағы орнының үлкен екендігін байқататын маңызды тұс. Өйткені, небір психологиялық толқу, тебірену, күйзелу сәттерін басынан өткізіп, заманына қарғыс айтқан арудың екінші дүниедегі өмірінің қайсарлыққа, ерлікке, азаматтыққа жетелейтін әсері мол, қуат-салмағы басым. Сахнада актрисаның өзі де осы монологтан ерекше күш алғандай күй кешеді.
Зәмзәгүл Нүсіпбайқызы бұл рөлді он жыл бойы ойнаған екен. Осы жылдарда ол шынымен де аяулы Қарагөзге айналып кетті. Мұндай күрделі образ сомдаудың жауапкершілігі, талабы мен міндеті өте үлкен. Көзі қарақты көрерменнің эстетикалық талғамына сай рөл сомдау және автор суреттеуіндегі жаратылысы бөлек бейненің кілтін табу үшін жан-жақты дайындық, көкірек көрегендігі, зерде мен зейін өте қажет. З.Шәріпованың ізденісі осындай шығармашылық талаптардың барлығына табиғи түрде, көркемдік биік деңгейде жауап бере алды. О.Бөкейдің сөзімен айтқанда, «Қарагөздің қайталанбайтын бейнесі тұлғаланды».
М.Әуезовтің «Айман – Шолпан» музыкалық комедиясында да актриса кескіндеуіндегі Айманның ой-сезім биіктігі, сұлулығы мен бай қызына тән тәкаппарлығы айқын көрінген-ді. Қиыннан жол табатын кейіпкерінің ақылдылығы актрисаның өзінің табиғатынан, ерекше жаратылысынан туындап отыратын. З.Шәріпованың ән орындаудағы әдемі дауысы, жүріс-тұрысындағы қазақ қызына лайық инабаттылығы, Көтібармен немесе Әлібек, Арыстан, Жарастармен диалогындағы салмақты сөздері мен ойлы көзқарасы сахнаға көрік беріп, комедияның жанрлық ерекшелігін арттырған. Сонымен қатар Ғ.Мүсіреповтің «Ақан сері – Ақтоқты» пьесасында серіні сүйгендігінен, сезімінің асқақтығынан тағдыры трагедияға айналған Ақтоқты арудың биік бейнесі сомдалды.
Театр репертуары үшін, ұлттық тарихтың бояу-бедерін тану үшін тарихи-ғұмырнамалық драмалардың орны бөлек десек, М.Әуезов атындағы академиялық драма театрында С.Мұқановтың «Шоқан Уәлиханов» пьесасының сахналануы сондай рухани талаптан туындаған еді. Халқының ұлы перзенті, ағартушы-ғалым Шоқан Уәлихановтың және оның айналасындағы әлеуметтік ортаның тұрмыс-тіршілігі суреттелген шығармадағы тартыс Айжан төңірегінде өрбиді. Жан дүниесі таза Айжанның Шоқанға деген шынайы көңілі, олардың махаббатына қарсы шыққан Шыңғыстың үстемдігі, таптық түсініктің адам тағдырына кері әсер-ықпалы актриса ойынында драмалық желіде шынайы өрбіп отырады. Адам үшін ең қымбат, ең асыл сезімнің тапталуына алып келген феодалдық көзқарасқа Айжан – З.Шәріпова қарсы шыға алмайды. Дегенмен оның бойында оптимистік рух пен гуманизмнің, ар мен намыстың жалындаған оты бар. Актриса орындауында алғашқы көріністердегі жас қыздың іштей тынған төзімділігі оқиға дамуында бірте-бірте ашылып, кейіпкердің батылдығы, өз мақсат-мүддесі жолында қаймықпайтын өрлігі анық байқалған. Ол бірде уайымға беріліп мұңаяды, енді бірде жанарында үміт оты алаулап, болашаққа үлкен сеніммен қарайды. Жалпы Шоқан бейнесін сомдаған шебер сахнагер Нұрмұхан Жантөрин мен қазақ қыздарының қатал дәстүр шеңберінен босап, өз бақыты үшін күресе алатын қайсарлығын ашып көрсеткен Зәмзәгүл Шәріпованың әріптестік жұптастығы қойылымның лирикалық сипатын арттырып, сүйіспеншіліктің, сыйластықтың бағасын айқындап берді.
Жаратылысы өзгеше, жаны жайсаң, сұлулығы мен тектілігі бөлек актрисаның шығармашылықтың шырқау биігіне жету сатысында заманауи дүниелер де бар. Замандас тақырыбына арналған пьесалардағы кейіпкерлерін барынша әсемдікпен әрлеп, бейне әлемінің ішкі-сыртқы қалтарыстарын ақтарып, ерекше шабытпен шалқи орындағандығына дәлел көп. Мәселен, Қ.Мұқашевтың кеңестік дәуір тұсындағы ауыл еңбеккерлерінің көркемдік бейнесі кескінделген «Парторг» пьесасындағы бригадир Бикешті өте сәтті шыққан рөлдердің бірі деп айта аламыз. Бикештің ашық жарқын мінезі, үнемі ауыл жұмысшыларын көңілдендіріп жүретін жан тазалығы, парторгпен, совхоз директорымен немесе басқа да еңбеккерлермен қарым-қатынасы, олармен тіл табысуы сахнада ширақ қимыл-қозғалыспен, шынайы ойын бедерімен өріліп отырады. Қайратты әрі қайсар Бикеш – З.Шәріпова өз ұжымының абыройы үшін жанын сала еңбекке араласып, егін даласының ауыр жұмысына үлкен жауапкершілікпен қарайды. Оның жұмысшылармен диалогында, батыл әрекеттерінде үлкен үміттің ізі байқалады. Бұл – қайткенде мол өнім алу. Осы ұстанымдағы Бикеш – З.Шәріпова басшымын, бригадирмін деп өзін өзгелерден биік санамай, керісінше ауыл адамдарымен бірдей өнім өндіру жолында ауыр жұмыстарда шыңдалады. Осындай замандас бейнесін жасаудағы З.Шәріпованың орындаушылық шеберлігін мойындамау мүмкін емес. Бұған дәлел – сахнадағы еркін қимыл, көз тартарлық кескін-келбет, ең бастысы автор суреттеген бейненің өзіндік бояуын келістіре сомдауы.
Қарап отырсақ, З.Шәріпованың репертуарында кім жоқ десеңізші. Иә, ол сан алуан кейіпкерлерді сомдады. Уильям Шекспирдің қаламынан туған шытырман оқиғалар ішінде буырқанып, қатыгездік пен зұлымдықтың ортасында от кешетін кейіпкерлерінің де кілтін көкірек көрегендігімен таба білді. Актрисаның шығармашылық қалыбында «Отелло» трагедиясындағы Дездемона бейнесі өзгеше түрге бөленді, психологиялық күйзелу сәттерін бастан кешті. Қызғаныштың құрбаны болған әйелдің күйеуінің көзін шындыққа жеткізе алмаған қиналысын, отбасын сақтап қала алмаған дәрменсіздігін, ішкі арпалысын актриса сыртқы оқиғалар желісінде дамытады. Дездемонаның Отеллоға деген шынайы сезімі, Кассиоға деген құрметі, Ягоға деген сенімі барлығы суреткер ойынында нанымды тоғысқан. Күрделі трагедияның басты өзегіне, шытырман оқиғалар тізбегіне арқау болған Дездемона – З.Шәріпова үшін тығырықтан шығар жол жоқ. Отеллоның ойын өзгерту, ақталу мүмкін емес. Сүйгенімен бірге күн кешкен сәттері мен өзінің өлер сәтін сезген уақыт аралығындағы драмалық оқиғалар желісінде актрисаның жасандылықтан ада орындаушылық шеберлігі тағы да жарқырай көрінді, яғни З.Шәріпованың хас өнері көпшілікті өзіне тәнті етті.
Актер мен кейіпкер арасындағы нәзік байланыстың қасиеті мен құдіретін жан жүрегімен сезінетін З.Шәріповаға драматургия жанрының ешқайсысы жат емес. Бейне болмысын өз санасына, өз бойына сіңіру, түсіну, түйсіну үрдісінің шынайылығы, рухани байлықтың тереңдігі басты ұстанымына айналған актриса трагедиялық, драмалық, комедиялық, мелодрамалық кейіпкерлерін де көркемдік биікке көтерді.
Иә, қызығынан гөрі қиындығы басым сахналық өнер – жалынан ұстатпайтын асау өнер. Ал З.Шәріпова сондай өнер майданының алғы шебінде ерлік көрсеткен, өр мінез танытқан аяулы актриса, ардақты ана.
Әдетте Зәмзәгүл еңбегіне баға берген әріптестері, айталық, режиссер Есмұқан Обаев: «Зәмзәгүл – лирикалық әртіс», деп баға берсе, театр сыншысы Әшірбек Сығай: «Зәмзәгүл – эстет актриса», деп оның өнерінің сұлулығын, нәзіктігін алға салады. Мұның өзі де Зәмзәгүл сомдаған кейіпкерлердің сан қырлы екендігін көрсетеді. Ал біздің бұл пікірлерге қосарымыз Зәмзәгүл Шәріпова – болмысы биік суреткер.
Зухра ИСЛАМБАЕВА, М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты Театртану бөлімінің ғылыми қызметкері, театртанушы.