М.Горький атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театры Сербияда І «Synergy #WTF» халықаралық театр фестиваліне қатысты. Елордалық театр ұжымы көрермендер назарына өз репертуарындағы үздік спектакльдердің бірі – «Манкурт. Вечный раб» мистериясын ұсынды. Бұл туралы Астана қаласының мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы хабарлады.
Шығарманың авторы – қырғыз ақыны Шыңғыс Айтматов, қоюшы – тәжік режиссері Барзу Абдураззаков, ал қойылымды астаналық М.Горький атындағы орыс драма театрының актерлері орындайды. Спектакль нағыз синергияны қамтамасыз етіп, Орталық Азия халықтарының театр өнерінің даму деңгейін көрсетті. Қойылым барысында серб және ағылшын тілдерінде субтитрлер жазылды.
«Манкурт. Вечный раб» спектаклінің көрсетілімінің алдында Қазақстан, Астана және көпшіліктің қызығушылығын оятқан театрға арналған көрме ұйымдастырылды. Ұлттық музыка мен жас елордамыз жайлы ән-күйлер холлда ерекше атмосфера орнатып, жиналған қауымды қазақ халқының мәдениетімен етене таныстырды. Шара кезінде театрдың тарихы туралы айтылып, Ақмола қаласының сирек кездесетін алғашқы суреттері мен қазіргі Астананың көріністері көрсетілді.
«Манкурт. Вечный раб» шығармасы сербиялық көрерменнің жүрегін жаулап, фестивальді ұйымдастырушылар мен келушілер тарапынан оң пікірлер айтылды.
Айта кетейік, сербиялық тарап елордалық театрдың фестивальге қатысуына баға жетпес көмек көрсетті, олар спектакльге қажетті декорацияларды әзірледі.
- Горький атындағы театрдың Сербияға келуін тағатсыз күттік. Бағдарламада ұсынылған спектакль фестивальді ұйымдастырушылардың қызығушылығын оятты. Қазіргі заманғы театр өз халқының ғана емес, сонымен қатар әлемдік драматургияның да мәдени жетістіктерін паш етеді. Ал театрлардың дамуы мен ынтымақтастығы – бұл мемлекеттердің өзара ынтымақтастығының нәтижесі, - деді «Synergy #wtf» фестивалінің директоры Валентил Венцел.
Еске салайық, өткен жылы Сербияға сапары барысында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Белград қаласында қазақ ақыны Жамбыл Жабаевқа арналған ескерткіштің ашылуында екіжақты мәдени және гуманитарлық байланысты нығайту жөнінде айтқан болатын.
Фестиваль бір аптаға жалғасты, оған Венгрия, Румыния, Македония, Қазақстан және Сербия мемлекеттерінен театр ұжымдары қатысты. Шара аясында театралдар симпозиумдар өткізіп, тәжірибе алмасты, алдағы театр маусымына арналған жоспарларымен бөлісті.
«Synergy» фестивалінің соңында қатысушылар бір-біріне сыйлықтар табыстап, Қазақстандағы ескі театрлардың бірі – М.Горький атындағы МАОДТ сапармен келу туралы ниеттерін жеткізді.