26 қазанда Эр-Рияд қаласында Сауд Арабиясы Корольдігінің Тақ мұрагері, Премьер-министрдің орынбасары, Қорғаныс және авиация министрі, ханзада Сұлтан бен Әбдел Әзиз Әл Саудтың қайтыс болуына байланысты азалы рәсім өтті, деп хабарлады ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі.
Аталған рәсімге еліміздің атынан Қазақстан Президентінің Арнайы өкілі, ел Премьер-Министрінің орынбасары – Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев қатысты.
Эр-Рияд провинциясының губернаторы ханзада Салман бен Әбдел Әзиз Әл Саудпен кездесуі барысында Ә.Исекешев оған Қазақстан басшысының Сауд Арабиясының Королі Абдалла бен Әбдел Әзизге арнайы жолдауын табыс етті. Жолдауда Тақ мұрагері ханзада Сұлтанның қайтыс болуына байланысты көңіл айтылған және марқұмның Қазақстан мен Сауд Арабиясы арасындағы қарым-қатынастардың дамуына өлшеусіз үлес қосқандығы атап өтілген.
Тақ мұрагері ханзада Сұлтанның тікелей қатысуымен Сауд Арабиясы біздің еліміздегі Парламент Сенатының, Астана қаласындағы Кардиологиялық аурухананың, әскери мектептің, Петропавл қаласындағы мешіттің, сондай-ақ Семей қаласындағы туберкулезге қарсы балалар ауруханасының құрылыстары мен басқа да әлеуметтік нысандар үшін қайтарымсыз қаржылай көмек көрсетті.
Кездесу барысында ханзада Салман бен Әбдел Әзиз Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа көңіл айтып, шынайы сезімін білдіргені үшін өзінің алғысын жеткізуді сұрады.