«Егемен Қазақстан» – ғасырлық тарихқа ие арда газет. 1919 жылы 17 желтоқсанда «Ұшқын» деген атпен ашылған газет «Еңбек туы», «Еңбекшіл қазақ», кейіннен «Социалды Қазақстан», «Социалистік Қазақстан» атауымен жарыққа шықты.
Еліміз егемендік алған тұста «Егеменді Қазақстан» аталып, 1993 жылы «Егемен Қазақстан» болып өзгерген еді. Халқымыздың өте күрделі кезеңдерінің куәсі болған бұл газеттің тізгінін әріде Смағұл Сәдуақасов, Жүсіпбек Аймауытов, Мұхтар Әуезов, Бейімбет Майлин, Сәкен Сейфуллин, Тұрар Рысқұлов, Ораз Жандосов, Ғабит Мүсірепов, беріде Шерхан Мұртаза, Әбіш Кекілбаев сынды алаштың аймаңдай асылдары ұстаған еді. Осы уақыттарда газет бетінде халқымыздың небір қайраткер тұлғаларының қасиетті қалам іздері қалды. Жүзжылдықтың табалдырығын аттағалы тұрған газетіміздің таңбалы тарихына шолу жасалып, өткен күннің белгілерін қайта бір бедерлеу үшін қазір газет қызметкерлері мен Журналистика мәселелерін зерттеу институты тізе қоса отырып арнайы он томдық даярлау үстінде. Осы орайда оқырманға күрмеуі қиын күрделі кезеңдерде ұлт қаймақтарының еліне, жеріне, тіл, діні һәм діліне байланысты жазылған жан сырлары, жүрек үні іспетті мақалаларынан үзінділер ұсынып отырғанды жөн санадық. Айта кетер жайт, кей тұста қазіргі түсінікке ауырлау, тосын сезілетін сөйлемдер болса да біз мақаланың стиліне, сөз, сөйлемдеріне еш қол тигізбедік. Өйткені сол уақыттың өз жазу мәнері, өз қолтаңбасы бар. Сезе алған адамға оның өзі «Егеменнің» ескі сандығының түбінде жатып әбден кепкен кержусанның иісіндей бұрқырап тұрған жоқ па?! Ендеше мұны да ұлттық сананың жаңғыруына жасалынып жатқан бір шаруа деп біліңіз. Ал мақалалардың көлемін қысқартуға мәжбүр екенімізді оқырман қауым айтпасақ та түсінеді деген ойдамыз. Төменде Смағұл Сәдуақасовтың «Еңбек туы» газетінің 1920 жылғы №3 санында жарияланған «Сібірдегі қазақтар туралы» атты мақаласын ұсындық.
Сібірдегі қазақтар туралыРоссияның кіндік комитетінің һәм Халық Комиссарлар Советінің биылғы жылғы бірінші сентябрьде шығарған декреті (законы) бойынша Қазақстан Республикасына Ақмола мен Семей облыстары да кіруші еді. Бірақ ол уақыттағы Қазақ Республикасының бас мекемелерінің осалдығын еске алып һәм Ақмола мен Семей Сібір ревкомдардың қол астына кіріп, совет жолымен іске кіріскеннен кейін бұл екі облыс уақытша қазақтың кіндік мекемелері дұрыстап жасалғанша Сібір ревкомдардың қарамағында қалдырылып еді.
Күздігүнгі болып өткен жалпы қазақ жиылысы «бұл екі облыс 1-ші январьдан бастап Қазақ Республикасының қарамағына кірсін» деп қаулы қылды. Оған дейін әртүрлі жұмыстарды ыңғайлап, даярлай беруге Сібірге (Омбыға) қазақтың кіндік комитетінің атынан уәкілдер жіберілді. Бұл уәкілдердің істейтін жұмысы Ақмола мен Семей облыстарын осы бастан меншіктеніп, онда Қазақ үкіметінің саясатын жүргізіп һәм ондағы Сібір ревкомының істеп жатқан жұмыстарын өз қолынан өткізіп тұрмақ еді.
Қазақ автономиясын жариялаған бірінші сентябрь декреті шықты. Ол декретте «Ақмола мен Семей Қазақстанға кіреді» деп анық айтылды. Октябрьдегі жалпы қазақ жиылысы қаулы шығарды, Қазақстанның кіндік комитеті Сібірге кісілерін жіберді, ол кісілерге ашық жобалар берілді. Ақылға салғанда да, законға келгенде де біздің жіберген кісілерімізді Сібір ревком құп алса керек еді; ол кісілеріміз қолына берілген жоба бойынша іске кіріссе керек еді; 1-ші январьда Ақмола мен Семей Қазақстанға кірсе керек еді.
Жоқ, іс жүзінде біздің ойлаған ойымыз өтірік болып шықты. Сібір Ревком аяқты теріске басты. Сібір Ревкомның ойы бойынша, бұл екі облыс Қазақстанға кіруге әлі даяр болмаса керек. Әлі Сібір ревкомның шаруасы бітпесе керек: мал алу бар, кісі алу бар, тері жию бар, шөп алу һәм басқа толып жатқан алатын нәрселер – соның бәрін 1-ші январьға дейін бітіре алмаймын дейтін секілді. Сібір ревкомның отряды елден малды тартып алып келсе, оны Сібір ревком книгесіне жазғанда «қазақтар өз еркімен берді, бұлар көңілді төлейтін көрінеді» деп қосымша тағы салық салады. Мысалы, Омбы үйезіне салған малының есебі тірі қалған малдың санынан көп. Бұны көрген соң «көңілді» қазақтар Омбыдағы Қазақстанның уәкіліне шауып-шауып келген. Бұл іске біздің уәкілдеріміз қатысып, мәселе басқаша болып шешіледі.
Сібір ревкомның бұдан басқа да істеп жатқан «әдемі» жұмыстары толып жатыр. Ақмола облысында бір үйезге «алпыс мың қойдың терісін илеп бер» деп жарлық етеді, бір үйезге «жұмыртқа тап» деп бұйырады. Бұл бақырдың бір жағы, енді екінші жағын аударып көрейік.
Омбыда һәм Бийскіде мыңдаған қазақ әскерлері жатыр. Қызыл әскер – совет өкіметінің қорғаны. Қызыл әскер – Россияның еркесі. Киім де сонікі, тамағы да сонікі, кітап, білім де сонікі. Қызыл әскерде қалған жан – жан, мал – мал, Сібірде жатқан қызыл әскер олай емес. Қазақ солдаттары киімсіз, тамақсыз ұлып жүр. Науқасқа шалдықты, алдына өлім кіре бастапты, оларға кітап оқыту, білім тарату үш ұйықтаса Сібір ревкомының түсіне кірмейді. Сібірде толып жатқан жұмыскерлер бар, кедейлер бар, олар әлі Совет өкіметінің не нәрсе екенін білмейді. Тыртиған арық атын жұма сайын мінетінін біледі; шұнтиған жалғыз тайыншасын ертең салыққа алатынын біледі.
Ақмола облысында Спасский, Успенский Жезқазғанский, Сарысуйский деген фабрик-зауыттар бар. Семей облысында Екібастұз, Жармақ деген жерлер бар – осылардың бәрінде мыңдаған қазақ жұмыскерлері нағыз қаратабан пролетариат. Бұлар газет оқи білмейді, бұлар ұйымдасқан жоқ, коммунист партиясының не екендігін де бұлар әлі түсінген жоқ. Сібір ревкомы не қылып отыр? Ешнәрсе де қылған жоқ.
Осының бәрін көз алдыңа әкеліп байқағанда өзінен өзі бір сауал туады. Сібір ревком түк істей алмаса, қолынан ешнәрсе келмесе, ол сол екі облыстан тыртысып неге айырылмайды? Соншама жабысқандай не іс қылды? Жауап жалғыз, жауап ашық. Оны айтып біз уақыт оздырмаймыз. Біздің ойымызша автономия болған соң жалпы қазақ бірігу керек. Біз жалпы қазақты біріктіріп, автономия жасағанда ол автономияны ешуақытта мақсұт етіп ұстамаймыз. Бізге төрелік керек емес. Біз атақ іздеген кісілер емеспіз. Біздің ниетіміз – автономияшылдық емес. Біз автономия керек дегенде айтатын дәлеліміз мынау: әр халықтың тілі бөлек, тұрмысы бөлек. Жалпы, адамшылық бақытқа жету үшін әр халық өз тілінде мәдениетке қожа болып, өз шаруасына қарай тұрмысын өзгерту керек (сабасына қарай піспегі). Адамшылықтың шамшырағы болған коммунистердің алғашқы басшысы Карл Маркс осыны айтады.
Ал енді біз осы күнгідей қазақ халқының жартысын ана арбаның соңына, жартысын мына арбаның соңына тіркесек, әлгі айтылған негізге дұрыс келеміз бе? Бәріне бірдей тілі бар, бәріне бірдей шаруасы бар халықты бөлшектеп, бытыратып жіберген соң, ол қалайша мәдениетке жетпекші, қалайша шаруасын өзгертпекші, қалайша жалпы еңбекшілдер тобына қосылып, адамшылықтың санаулы бір ұлы болмақшы? Бұл сұрауларға да жауап ашық. Түсіндіріп біз әуре болмаймыз.
Олай болса, қазақ халқының бірігуіне бөгет болған адамдар коммунизмді дұрыстап ұғына алмай жүр. Олардың ойынша қазақтың халқына бұрын орыстың жылтырма маңдай төрелері қожа болса, енді шала коммунистері қожа болуы керек.
Олардың ойынша қазақ халқы дүлей, қараңғы, меңіреу, жуас, түкті білмейді. Сондықтан олар ұйпалап, сипалауға көне береді. Жоқ, олай емес! Омбыдан шыққан «батырлар» ондай ойларыңның мезгілі өтіңкіреп кетті. Еңбекшіл қазақ халқы ұйқысынан әлдеқашан оянған. Оның көзі бәрін көріп отыр. Қазақ халқы бұрынғыдай жетім емес, ақжүрек, жауынгер ерлері толып жатыр. Олар коммунист болғанда қазақ халқын құл қылуға болған жоқ, ұл қылуға болды. Қазақ халқын баяғыдай біреудің текпісіне салғалы болған жоқ. бәлки, көгертуге, жалпы еңбекшілдер тобына қосуға болды. Өзімізді өзіміз бауыздау бізге тым-ақ қызық емес. Олай болса, қазақтың еңбекшілдері бірігеді, көгереді, жасайды.
Дайындаған
Ұларбек НҰРҒАЛЫМҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»