• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Әлем 23 Қазан, 2017

Лондон төріндегі қаламгер тойы

1059 рет
көрсетілді

Қазақ топырағында туып, қазақ оқырманының тамырын дөп баса білген жазушы, драматург,  Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Дулат Исабековтің шығармалары бұл күнде Еуропа құрлығына қарай жаңа сүрлеу салғандай. 2014 жылдан бері жазушының «Гауһар тас және өзге әңгімелері», «Өкпек жолаушы», «Біз соғысты көрген жоқпыз...» сияқты ағылшын тіліндегі бірнеше кітабын шығарып, «Өкпек жолаушы» атты спектаклін қазақ және ағылшын тілдерінде көрген ағылшын жұртының бірте-бірте қазақ әдебиеті мен өнеріне деген қызығушылықтары артып келеді. Өзгенің өнерін оңайшылықпен мойындап, қабылдай бермейтін британдықтардың астанасы Лондонда Д.Исабековтің 75 жасқа толған мерейтойының аталып өтуі соның бір айғағы. 

Қазан айының 1-7 жұлдызында «Қазақ өнерінің фестивалі» деген атпен жазушы-драматург, Мем­лекеттік сыйлықтың лауреаты, Т.Жүр­­ге­нов атындағы ҚазҰӨА-ның­ профессоры Дулат Исабековтің шыға­р­машылығына негізделген фести­валь өтті. Фестивальдың өткі­зілуіне мұрындық болған ұйымдастырушы-серіктестер: «Самұрық-Қазына» TRUST компаниясы мен Мәдениет және спорт министрлігі және Лон­дондағы Айтматов академиясы.  Фестивальға М.Әуе­зов атындағы Мемлекеттік академиялық қа­зақ драма театры «Жаужүрек» спек­таклімен, республикалық Корей мем­ле­кеттік музыкалық комедия театры «Актриса» спектаклімен қатыс­са, британдықтар «Аққу-Жі­бек» атты жаңа қойылымын ұсынды. 

Фестивальдың ресми ашылуынан соң М.Әуезов атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ драма театры ұжымы көрерменге «Жаужүрек» қойылымын ұсынды. Спектакль STOCKWELL PLAYHOUSE атты шағын ғана театр ғимаратында көрсе­тілді. 

Кең сахнаға лайықталып қойыл­ған «Жаужүрек» спектаклін театр ұжымы өздеріне бұйырған сах­наның бар мүмкіндігін пайдаланып, үлкен форматта көрсетуге ты­рысты. Сахнаның тарлығы қою­шы-режиссер Есмұхан Обаевқа спектакльдің о бастағы нұсқасын өзгертіп, ықшамдалып, минимализммен қойылуын талап етсе, екінші жағынан алғанда актерлардың таза өнерін көрсетуге мол мүмкіндік тудырды. 

Спектакльдің мазмұны мен кө­терген идеясы жайында британдық грузин, режиссер Давид Папава былай дейді: «Жаужүрек» пьесасымен спектакльге дейін танысып шықтым. Тақырыбы өте өзекті. Қазақстанның тарихымен таныс болмасам да, бұрынғы Ресей империясының құрамында болған грузин ұлтының өкілі ретінде бұл мәселені жақсы түсінемін. Бұратана елдің мәдениеті мен тілін құрметтемеу, ұрпағын оқы­тпау, барлық нәрседен шектеу сияқты қысымдар Испанияны алсақ та, Англияны алсақ та кез келген империялық мемлекеттерге тән жағдай. Сондықтан да әрбір ұлттың санасының уақытында оянып, өзінің өткеніне бір сәт үңілгені абзал. Ал сананы оятатын – үлкен әдебиет. Әдебиеттің арқасында ғана әрбір ұлт мәселенің себеп-салдарын түсінеді, содан кейін барып өзінің мәдениеті мен тілі жайлы ойланып, әлемдегі өзіндік орнын (идентичность) іздей бастайды. Кез келген алып империя­мен шектесіп жатқан ел тілі мен мәдениетінің жұтылып кету қаупін әрқашан да есте ұстағаны жөн. Осы жағынан алғанда бұл пьесаның тақырыбы бүгін де өзекті деп айтар едім»,  дейді. Тарихи драманың сырт елдегі әсері осындай қырларымен ерекшеленіп жатты.

Фестивальдың екінші күні Ұлы­британияның Лорд­тар пала­тасындағы кешкі шығармашылық кездесуге ұласты. Кешке Д.Исабеков пен театр­дың санаулы әртістерінен бөлек Лорд Уриглесорс, Лорд Иванс, Роберт Самуэлус пен ағылшынның өзге де әдебиетші, сыншылары қатысты. Лордтың ресми құттықтау сөзінен кейін сөз алған Д.Исабеков әлем әдебиетінің Меккесіне айналған Англияда, Шекспир, Теккерей, Валь­тер Скотт, Бернард Шоудың ота­нында шығармаларының бір бөлшегі оқырманға таралып, сахнада қойылып жатқанына қарап, өмір бойы бекер тер төкпегеніне іштей қуанатынын, сұрапыл соғыс жылдарындағы бақытсыз балалық шақтың көңілде қалған сызын, өз шығармашылығына әсеріне тоқ­талды. Сөз соңын қо­ры­­­тындылай келе Д.Исабеков: «Бү­гінгідей тыныш­сыз әлем белгілі жа­зушылардың асыл ойына зәру. Ғаламтор мен элек­троникаға тәуелді бүгінгі ұрпақ кітап­тан мүлдем қол үзіп кеткен жоқ. Олар әлде де саясаткердің сөзі­нен гөрі жазушылардың сөзіне құ­лақ асады. Жазушылар өздерін сөз атты құдіретті қарудың иесі еке­нін біле бермейді. Егер де әрбір жазу­шының орташа есеппен алғанда оқыр­ман санын 10-15 мыңдай десек, дәл осы санды әлемнің барлық жазушыларының санына көбейтсек, онда сөзбен қаруланған тегеурінді алып армия жасақталып, жаһандағы адамдардың ақылы мен жүрегін жау­лап алар үлкен күшке айналар едік. Жер әлемнің жаратылысының басында құрылықаралық ракета емес, сөз пайда болғанын ұмытпайық. Осыларды сараптай келіп, маған мынадай ой келді: бейбітшілік пен әділдікті, тазалық пен тыныштықты сақтау үшін әлемде орын алып жат­қан саяси қақтығыстар мен мем­лекетаралық дау-дамайды ортақ талқыға салып отыратын, дүниенің белді жазушыларының басын қоса­тын «Әлем жазушылары ассо­циа­ция­­­сын» құрудың уақыты келген жоқ па. Бұл ұйымның штаб-пәтері кезінде халықаралық ПЕН-Клубты құрған, бүгінде Қазақстанда да филиалы жұмыс істейтін ұйым­ның басшысы болған атақты жазушы Джон Голсуорсидің ота­ны Англияда болса, бұл үлкен бір істің бастамасы болар еді»,  дей келіп, барша тың­­дарман қауымға 10 минуттық уақыттарын қиып, баяндаманы тың­дағандары үшін алғысын білдірді. Лорд Уриглесорс Д.Исабековтің жо­ға­рыда айтылған пікіріне жауап­ ретінде, бұған дейін де дәл осы мәселені түріктің белгілі жазушысы, халықаралық Нобель сыйлығының лауреаты Орхан Памук пен қырғыз жазушысы Шыңғыс Айматовтың да айтқандығына тоқта­лып, үшінші рет көтеріліп отырған «Әлем жазушы­ларының ассоциациясын» құру жө­нін­де ойлану керектігін тілге тиек ете кетті.

Фестивальдың үшінші күні рес­пуб­ли­калық академиялық Корей музы­калық комедия театрының ұсынған «Актриса» спектаклімен жал­ғасты. Театр ұжымы спектакльді барынша ұлттық нақышта безен­діріп, музыкалық жағынан болсын, актерлік ойынымен болсын, қазақы менталитетке жақын етіп әкепті. 

Фестиваль аясындағы ерекше оқиға – «Аққу-Жібек» спектаклінің премьерасы болды. Pajarito театры­ ұсынған спектакльдің қоюшы-режис­серлері – Хосе Гандиа мен Але­­сия Маньковская. Төлеген мен Жібек екеуінің махаббатын арқау еткен классикалық сюжетте достық пен дұшпандық, опасыздық пен екіжүзділік, сүйіспеншілік пен жауыздық сияқты мәңгілік мәселелер сөз етіледі. Спектакль соңында бір-біріне қосыла алмаған екі ғашық аққуға айналса, Жібекке деген сүйіс­пеншілігін дәлелдегісі келген Бекежан құзғынға айналып кетеді. Шетелдік режиссерлердің дәл осы пьесаны таңдау себебі – адам­затқа ортақ махаббат тақы­рыбын автордың ұлттық аңыздың негізінде көр­сетуінде, жет­кізе білуінде жатса керек. Бір аптаға жоспарланған фес­тивальдың әрбір күні кездесулер мен басқосулардан тұрды. Д.Иса­беков­ Британ ұлттық кітапханасына соғып, кітапхананың алтын қо­рында сақталып тұрған «Гауһар тас және өзге де әңгімелері», «Біз соғысты көрген жоқпыз...» деген кітаптарын көріп, іштей қуа­нып та, мұңайып та шықты. «Британ ұлттық кітапхана қорына кіта­бымның қазақ жазушыларының ішіндегі алғашқысы боп сақталғаны қуанышты шығар, екінші жағынан адам көңіліне мұң ұялатады. Неге біз осы уақытқа де­йін әрекет жасамағанбыз? Абай қай­да? М.Әуезов қайда? Қалған біз­дің жазу­шы­ларымыз қайда? Біз осыған мән бермеген екенбіз. Басқа елдер баяғыда мән берген. Бізде жаман бір қағида бар «жақсы нәрсе болса, өздері келіп тауып алады» деген. Еш­кім де тауып алмайды. Ағыл­шынның баспасы «Қазақта кім бар?» деп қазақ жазушысын іздеуші ме еді? Немесе қазақта қандай ғалым бар? деп. Көрсету керек. Мемлекет тара­пынан әрекет жасау керек», деп жазушы ішкі өкінішін білдірді. Д.Исабековтің осы айтқан пікірі Пре­зидент Н.Назарбаевтың биыл ғана жа­риялаған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақала­сын­да көтерілген мәселелермен сәй­кес келіп жатқандай.

Фестивальдың соңғы күнінде Д.Иса­­беков пен ағылшын әдебиет сын­­шы­ларының, баспасөз өкіл­де­рінің, оқырмандардың дөңге­лек үстелде бас қосып, сұхбат­тасуымен жалғасты. Дөңгелек үстелді модератор әрі аудармашысы ретін­де Лон­дондағы «Айтматов акаде­миясының» директоры Рахима Абдувалиева жүргізіп отырды.

 Алғашқы сұрақты психолог Сара Коплей қойды.

С.Коплей: – «Аққу-Жібек» спек­та­клі көңіліңізден шықты ма? Көңі­ліңізден шықса, қай жағымен ерекшелене білді? 

Д.Исабеков: – Спектакль сахналық безендірілуімен ерекше. Кей тұс­тар­да актерлік шеберліктерімен өзге­­шеленіп жатты. Әсіресе, Жібек пен Төлегеннің бейнелері ұнады. Режис­сер пьеса мәтінін өзінше сахналап шық­қан.

С.Коплей: – Спектакльдің бұдан жоғары деңгейде қойылуы үшін қандай пікір айтар едіңіз?

Д.Исабеков: – Үлкен есеппен алғанда ешқандай спектакль автор­дың көңілінен ешқашан шыққан емес. Осыған шейін көптеген пьесаларым бірнеше мәрте сахналанған. Сондықтан да мен мұндайға үйренген адаммын. «Әпке» атты пьесамның өзі 2500 рет көрсетіліп, басқа да сахналарда қойылып жатты. Әр спектакль бір-біріне ұқсамайды, мұндағы қойылым да солай. Спектакльдің көркемдік жағына келсек, Жібектің аққу бейнесінде қанатын жайған күйі жоғарыдан көрінетін сахнасы сиқырлы бір әлемдей әсер етті. Тіпті, өлген Төлегеннің қайта тіріліп аққуға айналатын сахнасының өзі нанымды шықты.

Режиссер Станиславскийдің «Театр – киім ілгіштен басталады»­ де­ген атақты сөзі бар. Ал мен өз ма­­қа­­ла­­ларымда ылғи да «Театр – дра­матургтің жазу үстелінен бас­­­та­лады» деп жазып жүрмін. Дра­­матург қолына қалам алғанда өзі­нің ішкі режиссурасымен көріп оты­рып жазады. Сондықтан да пье­са өзгенің көзқарасы арқылы сах­наға жол тартқанда, бір-бірімен келіспейтін қарама-қайшылықтар пайда болады. Менің ішкі режиссурам мен режиссердің ішкі режиссурасы арасындағы көзқараста келіспеушіліктердің туындайтыны содан. «Аққу-Жібек» пьесасы екі күннің ішінде жазылып шықты. Пьесаны жазып отырғанымда оны бір кездері Англияда қойылады деп ойламаппын. Менің ойымша, дәл солай болуы да керек сияқты. Мысалы, П.Мериме «Кармен» әңгімесін үш күнде жазған екен. Жазушы композитор Ж.Бизенің арқасында әңгімесі жер жүзін шарлап кетеді деп ойлаған да жоқ. Бірақ солай болды. Драматург жазып отырғанда шығармасының қайда, қашан қойылатыны жайында ойланбайды да. 

Наяника Мантани: – Қойы­лым­­да­­рыңыздың ішінде сізді таң қалдырып, премьерадан соң «осы үшін жазғаныма тұрарлықтай» деп қуанған сәтіңіз болды ма?

– Пушкин «Борис Годуновты» жазып болған соң дауыстап оқып шығып, өз өзіне есі ауысқан адамша «Айда Пушкин, Айда с..!» деген екен. Сол айтқандай, өзімнің көңілімнен шыққан эпизодты немесе қандай да бір шығармамды жазып бітірген сәтте менен асқан бақытты жан болмайды. Бірақ, үнемі бұлай бола бермейді. Барлық шығармаң бірдей ұнай бермейді. Жазушының өзіне мақтаныш сезімін тудыратын, кейбір ұнайтын эпизодтары мен сәтімен шыққан тұстары болады. Менің де шығармаларымның ішінде сондай бір ұтымды тұстары бар деп ойлаймын. Әйтпесе, шығармаларым жарты әлемді шарлап кетпес еді.

Зухра Доксей: – Лордтар палатасында тұсауы кесілген «Аққу-Жібек» атты жинағыңызбен танысып шықтым. Корей театрының ұжымы қойған «Актриса» спектаклі мен онда ойнаған актрисаның кәсібилігі, сомдаған бейнесі маған өте қатты ұнады. Актрисаның өмірдегі және өнердегі әлемі, проблемасы барлық жерде бір. Бұл тақырыпқа баруға сізге не түрткі болды?

– Бұл тақырыпты жазуыма 1990- жылдардағы Қазақстандағы жағдай түрт­кі болды. Кеңес өкіметінің қи­рап жатқан тұсында бізде де үлкен дағдарыс болып, барлық өндіріс ошақтары мен мәдениет үйлері, кинотеатрлар мен кітапханалар жабылып жатты. Сол тұста кейбір шенеуніктер «Мемлекетке жалпы театр керек пе? Мемлекеттің театрға ақша жұмсауы қажет пе?» деген мәселені көтерді. Сондай бір қиын-қыстау кезеңде театр­лар өз көрермендерінен айырылып қалды. Сондықтан да мен осы тақырыпқа бардым. Актрисаның адам ретінде, сүйікті әйел ретіндегі бейнесін ашқым келді. Әйелдің жаны барлық жерде бірдей. Мен 50 жасқа толғанда Мәскеу телеарнасы бір бағдарлама түсірді. Сол кезде «Сіздің шығармаларыңызда керемет әйел кейіпкерлер бар. Сіз ол бейнелердің бәрін қайдан аласыз? Әйел жанын қалай терең бере алғансыз?» деген сұрағына: «Әлемнің атақты ғалымдары жиналып алып құралдары арқылы галактиканың құпиясын ашуы мүмкін. Дәл сол ғалымдар әлгі құралдарымен ешқа­шан да қарапайым ғана әйел жанын аша алмайды. Әйел жанының құпиялылығы сонда әлемдік галактикадан да тереңдігінде жатса керек. Әйел – ашылмаған галак­тика» деп жауап бердім. Сол сияқты Өскемен қаласындағы теа­трда менің актрисамның рөлін ойнағалы жатқан актриса мені алғаш көргенде: «Шығарманың авторын әйел екен деп ойласам, сіз ер адам екенсіз ғой. Әйел жанын, әсіресе әйел жаны­ның жалғыздығын сондай терең түсі­ніп бере алғансыз. Пьесаңыздағы «Жал­ғызбасты әйелдің жанын жал­ғызбасты әйелдер ғана түсіне алады» деген тіркес көзіме жас келтірді. Мен оны жан-дүниеммен түсініп ойнадым» дейді. Актрисаның осы бір айт­қан сөзі менің есімде сақталып қалыпты.

Жон Амор: – Лондонда қазақ өнерінің фестивалін өткізіп жатқан­дарыңызға қуаныштымын. Лондон өте толерантты қала. Лондон қанша берсең сонша ала беретін, сіңіре беретін қала. Сіздің шығармаларыңыз ағылшын тіліне аударылып, осы қалада үшінші мәрте фестиваль өткізіп отырсыз. Осы уақытқа дейін атқарылған жұмыстарға көңіліңіз тола ма?

– Бақыт дегеніміз не, бақытты адам кім дегенде, өзін бақытсызбын деп сезінбейтін адамды айтар едім. Сенің жазған шығармаларыңды өзге ел оқып, өзге ел қойып жатса, он­да ол мақтаныш болмаса да қуаныш сыйлайтыны айқын. Жазуға отырғанда шығармам басқа тілге аударылады екен деп ойламайсың. Жазушы ең алдымен өзі үшін жазады. Оны қоғамда, айналасында не болып жатқандығы ойландырып, толғандырады. Осының өзі адамның қолына қалам ұстатады. 

Дөңгелек үстелдегі сұхбат-жауап­тың қорытынды сөзін жазушы былай аяқтады: «Ешбір ұлтты өзімізге ұқсамағаны үшін жазғыруға болмайды. Бұл дегеніміз ішкі қарсылықты оятады. Лондонға келген сайын дос­тық қарым-қатынасты сезіне түсемін. Ағылшындардың «Қазақстан дегеніміз қандай мемлекет? Қырғыз дегеніміз қандай ұлт? Айтматов кім? Әуезов дегеніміз кім? Абай дегеніміз кім? Олар адамзаттың ақыл-ойына қандай үлес қосты? Неден үйреніп, неден жиренуіміз керек?» деген сияқты сұрақтардың айналасындағы «білсем» деген ынталарын байқай түсемін. Бүгінгі дөңгелек үстелге жи­на­лып, қызығушылық танытып жатқандарыңыз үшін баршаңызға үлкен алғыс айтам»,  деді. Әлемдік сан-алуан мәдениет­тердің басы тоғысып, алмасып жат­қан Лондон қаласына сапарымыз ерекше бір рухани серпілістер мен көңілге түрлі ой салған сәттерге, кездесулерге толы болды. 

Ақмоншақ АХМЕТ, өнертану магистрі

АЛМАТЫ – ЛОНДОН – АЛМАТЫ