Астана қаласы әкімдігінің баспасөз орталығында өткен театр маусымының ашылуына орай өткен шарада Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының директоры Айболат Сексембаев алдағы уақытта жас драматургтермен, жас режиссерлермен жұмыс істемек жоспарлары бар екенін жеткізді.
«Бүгінгі жиын барысын пайдалана отырып, жас драматургтермен жұмыс істеу ниетіміз бар екенін айтқым келеді. Әсіресе, комедия жанрында ізденіп жүрген жас драматургтер болса, шығармаларымен танысуға, талқылауға ниеттіміз», – деді театр басшысы. Ол сондай-ақ, бүгінгі заманның келбетін дәл бейнелейтін шығармаларға да театр тарапынан сұраныстың бар екенін айтты.
Айта кетейік, Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры жаңа маусымын 26 қазан күні М.Әуезовтің «Абай» трагедиясымен ашады. Спектакльдің қоюшы режиссері – ҚР еңбек сіңірген қайраткері Әлімбек Оразбеков. «Абай» трагедиясында Абайдың ағалық жастағы рөлін Қазақстанның Халық әртісі Тілектес Мейрамов сомдаса, жас Абайды Еңбек сіңірген қайраткер Нұркен Өтеуілов ойнайды.
Айгүл СЕЙІЛ, «Егемен Қазақстан»