• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 26 Қазан, 2017

Болмашы жауапкершіліктен босататын бап керек

357 рет
көрсетілді

Парламент Мәжілісінің жалпы отырысына жетекшілік еткен Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекс жобасын талқылау барысында айтарлықтай зиян келтірілмесе, жауапкершіліктен босатуға мүмкіндік беретін норманы мұқият зерделеу қажеттігі туралы мәселені көтерді. Өйткені депутаттардың айтуынша, қазіргі қолданыстағы Кодексте «болмашы құқық бұзушылық» пен «оған жауапкершіліктің» ара-жігі ажыратылмаған екен. Ал халық қалаулыларының пікірінше, жауапкершіліктен босатуға мүмкіндік беретін мұндай баптың болуы қоғам үшін аса қажет.

 

Әділет министрі Марат Бе­ке­таев таныстырған аталған заң жобасын талқылау барысын­да депутаттар тарапынан құжатқа қатысты сын, ескертпелер аз болмады. Әңгіме ауаны депутат Анар Жайылғанованың қауіптілігі мен зияндылығы төмен немесе аса маңызды емес жағдайдағы құ­қық бұзушылыққа қатысты жауап­кер­шіліктен босатуды сөз етуі­нен басталды. Бұл мәселеге қа­тысты арнайы бап 2015 жылға дейін қолданылған Әкімші­лік құқық бұзушылық туралы кодексте болғанын және оны қайта қолданысқа енгізілуін сұра­ған әріптесінің сөзін Мәжіліс Төр­ағасы Н.Нығматулин де құп­тай түсті. Тіпті, нақты мысал ретін­де ол жеке кәсіпкерге 100 теңге көлеміндегі лицензиялық алым төлемегені үшін 318 мың теңге­ге айыппұл салынғанын да тілге тиек етті. Сонымен бірге Н.Нығ­матулин ел ішінде мұндай жағ­дай­лар бірлі-жарым ғана емес екенін жеткізді.

«Сондықтан, заң жобасын әзір­леушілер жұмыс тобымен бірге осы мәселені мұқият қарап, егер ау­қымды зиян келтірілмесе, жауапкершіліктен босатуға мүмкіндік беретін заң жобасын екінші оқылымда қарағанға дейін пысықтау қажет», деді Н.Нығматулин.

Алайда, Әділет министрінің айтуынша, құжатты әзірлеу барысында салалық ведомство мамандары бұл мәселеде өзара ортақ келісімге келе алмаған көрінеді.

«Бұл өте орынды мәселе болатын. Сондықтан да ол әлі де басы ашық күйінде қалып отыр. Яғни, заң жобасын әзірлеу барысында біз болмашы бұзақылық үшін жауапкершіліктен босату қажеттігін ескергенімізбен, бұл ойымыз өзге мемлекеттік органдар тарапынан қолдау таппады. Салалық ведомстволардың әрқайсысы кәсіби қызметіндегі әрбір тетікті маңызды деп сана­ған­дықтан, «болмашы құқық бұзу­шылық» пен «оған жауапкерші­ліктің» ара-жігін айқындап, нақты бір шешімге келе алмадық. Екінші оқылымға дейін бұл түйінді тар­қа­тып, нүктесін қоямыз», деді М.Бекетаев. 

Сонымен қатар министрдің мәлімдеуінше «Қазақстан Респуб­ли­касының Әкімшілік құқық бұзу­шылық туралы ко­дек­сіне өзгеріс­тер мен толықтырулар енгізу туралы» заңының жобасы әкім­шілік айыппұлдардың мөл­шерін төмендетуге, ескерту ша­ра­ларының қолданыс аясын ке­ңейтіп, жазалардың түрін пайдалы арнаға бұруға бағытталған. Сол сияқты енгізілуі тиіс түзетулерге сәй­кес, мұнда әкімшілік айыппұл көлемі орта есеппен 30 пайызға тө­мен­детіліп, әкімшілік жаза түрін ескерту ретінде кеңейту қа­жет­­тілігі де ұсынылады.

Осылай деп үн қатқан ми­нистр­дің сөзіне халық қалаулы­лары күмәнмен қараған болуы керек, депутаттар бүгінгі таң­да «жеңілдетілген айыппұл жү­йесіне» қатысты жағдайдың жай-жапсарын сөз етті. Депутат Қанат Мусин қолданыстағы кодексте ереже бұзған адамға жеті күннің ішінде айыппұлды 50 пайыз жеңілдікпен төлеу құқығы қамтылғанын еске салды. 

«Осыған орай, енді түзе­ту­лер аясында бейнекамералар мен жылдамдық өлшейтін құрал­дарымен тіркеу арқылы анық­талған жол ережесін бұзу факті­леріне де осындай құқық берілмек. Бұл ел азаматтары үшін керек норма және осы түзетуді қолдаймын. Алайда, бұл норма тиісті деңгейде жұ­мыс істемеуі мүмкін деген күдік бар. Себебі, бүгінде көлік иелерінің шағымдарына сүйенсек, жылдамдық өлшегішпен тір­кел­ген ереже бұзушылық туралы ұйғарым оларға дер кезінде берілмейді. Ал айыппұлдар жайында олар тек ХҚКО-ларда немесе сот орындаушыларынан ғана хабардар болады. Осыған байланысты Ішкі істер министрлігі ескерту шараларын қамтамасыз ету үшін қандай қадамдарды қарастырып отыр?», деп сұрады депутат.

Өз кезегінде Ішкі істер вице-министрі Берік Бисенқұлов мұн­дай жағдайлар көбінесе көлік иесінің өзі тіркелген мекенжайда тұрмауымен байланысты орын алып жатқандығын алға тартты. Яғни, жүргізушіге ескерту жі­бе­ріл­генімен, хабарлама иесін тап­пайды.

«Десек те, уақытша тіркеуге тұру тәртібі міндет­телгеннен ке­йін бұл мәселенің шешімін табу же­ңілдей бастады. Яғни, көлік иесі тұратын нақты мекенжайды анық­тауға мүмкіндік берілді», деді Б.Бисенқұлов.

Ал отырыс аясында сөз алған депутат Омархан Өксікбаев болса, жазалау мәселесіне қатысты қол­данатын шаралардың мерзіміне өз алаңдаушылығын білдірді.

«Әкімшілік жазаны 24 сағатқа дейін созамыз деп отырғанымыз да ойландырмай қоймайды. Се­бе­бі, ол да қосымша қаржыны талап етеді. Өйткені құ­қық бұзушыны 3 сағаттан 24 сағатқа дейін ұстай­тын болсақ, оны ұстайтын орын керек. Ішкі істер орган­дары ондай орындармен қамтамасыз ете ала ма? Ер­тең­гі күні «біз түрме саламыз» деп тағы да ақша сұрап жүрмей ме? Осыны да есептеген жөн болар», деді де­путат.

Осылайша, Әкімшілік құ­қық бұзушылық туралы кодекс жобасы қызу талқыланған оты­рысты қоры­тындылаған Мәжі­ліс Төрағасы тауарлар мен қыз­мет­тердің сапасына байланысты азаматтар тарапынан арыз-шағымдар жиі түсетіндігін тілге тиек етті.

«Айыппұл мөлшерін төмен­дету мен осы мәселеге қатысты заң жобасын әзірлеуші Әділет ми­нистр­лігі болғанымен, әкімші­лік істі жүргізетін орган Ішкі іс­тер министрлігі. Ал тұты­ну­шы­лар­дың құқықтарын қор­ғау тетік­терін пысықтауда Ұлт­тық экономика министрлігінің ұста­нымы қандай? Заңды ізгілендіру – жақсы іс, бірақ азаматтардың есе­бінен мейірімді болу дұрыс емес», деді Н.Нығматулин.

Айта кетейік, Мәжіліс депутаттары осы күнгі отырыс аясын­да ел Үкіметі мен Азық-түлік қа­уіпсіздігі жөніндегі Ислам Ұйы­мы арасындағы штаб-пәтер туралы келісімді ратификациялау жөніндегі заң жобасы мен тұрғын үй қатынастары жөніндегі заң жобасын екінші оқылымда мақұлдады.

 

 

Нұрлыбек ДОСЫБАЙ, «Егемен Қазақстан»