• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 26 Қазан, 2017

Әр күн жауапты әрі қауырт

463 рет
көрсетілді

Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүше­лігіне сайлануы еліміздің сыртқы саясаттағы жеңісі және осы саладағы ерекше табысы деуге әбден болады. Өйткені егемен еліміз өткен кезеңдерде өзінің сыртқы саясаттағы ұстанымын барынша айқындап, халықаралық қоғамдастықтағы беделін нығайтты. Қауіпсіздікті қамтамасыз етуге негізделген баста­малар көтеру арқылы әлем назарын өзіне аудартты. Ал Қазақ­станның Ұйымның Қауіпсіз­дік Кеңесіне мүшелігі Жалпыұлттық жоба ретінде қарастырылуда.

Еліміз осы жылдың қаңтарынан бастап БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі жауапты миссиясына кірісті. Бүгінде ондағы жұмыс қарқынды жүріп жатыр және қазақстандық тарап Қауіпсіз­дік Кеңесінің күн тәртібіне қойылған мәсе­­лелердің барлығына белсенді түр­де қатысуда. Таратып айтар болсақ, еліміз­дің Кеңестегі жұмысы Қазақстан През­иденті Н.Ә.Назарбаевтың «Қауіп­сіз және әділ әлем құру үшін жаһан­­дық серіктестікті нығайтудағы Қазақ­­стан­ның тұжырымдамалық көз­қарасы» атты саяси Үндеуін ашық пікір­­таласта таныс­тырудан бастады. Ел­ба­сымыздың саяси Үндеуі Қауіпсіз­дік Кеңесінің мүшелері арасында үлкен қызығушылық туғызды, жақсы пікірлер айтылды. Нәтижесінде бұл құжат БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі мен Бас Ассамблеясының ресми мәртебесіне ие болды. 

Мемлекет басшысының Үндеуінде жеті басымдық көрсетілген. Олар – ядро­лық қарудан азат әлем құруға қол жеткізу; жаһандық соғыс қаупін жою және жер-жерлердегі қақтығыстарды реттеу; Орталық Азияда бейбітшілік, қауіпсіздік, ынтымақтастық және даму жөніндегі өңірлік аймақ үлгісін құру; халықаралық терроризм мен зорлық-зомбылық экстремизміне қарсы іс-қимыл; Африка құрлығында ұлттық татуласу мен бейбітшілікті қалпына келтіру бойынша халықаралық күш-жігер жұмсау, қауіпсіздік пен тұрақты даму арасында ажырамас байланыс­ты қамтамасыз ету және Қауіпсіздік Кеңесі мен БҰҰ-ның бүкіл жүйесін ХХІ ғасырдың қауіптері мен сын-қатер­леріне бейімдеу. 

Қазіргі кезде Қазақстан Қауіп­сіздік Кеңесінің алаңын ядролық қарусыз­дану мен оны таратпау жөніндегі ұс­танымын ілгерілету үшін барынша пайдаланып келеді. Мысалы, еліміз КХДР жөніндегі комитет пен Иран жөніндегі комитеттің жұмыстарына белсене қатысуда. Себе­бі, Солтүстік Кореяның ядролық-зы­мы­­рандық бағ­дарламасы бүгінде бей­біт­шілік пен қауіпсіздік үшін ең басты сын-қатерлердің бірі болып отыр. Осыған байланысты Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі бірнеше рет мәлім­деме жасады. Елбасымыз өзінің «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесінде атап көрсеткендей, соңғы жылдары әлемде күш қолдану мен тұрақсыздықтың өрши түсуі байқалуда. Әскери іс-қи­мыл­дардың салдарынан босқынға ұшы­ра­ғандар саны артып, ол 60 миллион адам­нан асқан. Осыған орай Қазақстан Ауғанстан мен Сириядағы, Иран мен Таяу Шығыс және басқа да «отты нүк­те­лердегі» саяси ахуалды рет­теу мәсе­ле­сіне үлес қоса бермек. 

Еліміз БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне мүшелік қызметіне кіріскелі бері ашық пікірталастарды қоса алғанда, Кеңестің 130-дан астам ресми отырыстарына, 70-ке жуық ресми емес консультациялар­ға қатысты. Соны­мен қатар қазақстан­дық дипломат­тар Қауіпсіздік Кеңесі­нің құрамын­да Колумбияда, Гаитиде, Орталық Африканың Чад көлі ауданында сапарда болды. Вашингтонда АҚШ президентімен, мемлекеттік хат­шысымен және бірқатар конгресс мүше­лерімен кездесті. Бұлардан бөлек, Қазақ­стан делегациясы БҰҰ Қауіп­сіздік Кеңесінің 20-дан асатын қарарын, Қауіпсіздік Кеңесі төрағасының жеті мәлімдемесін, тағы басқа да құжаттарды қабылдауға ерекше үлес қосқанын атап өткеніміз жөн. Осындай ауқымды іс-шаралар­дың қатарына қазақстандық дипломат­тар мен бірқатар лауазым иелері­нің ашық пікірталастарға қаты­сып, қауіпсіз­дікті қамтамасыз етуге байланысты өткір мәселелерді көтеруін де қосуға болады. 

Алты жылдан астам уақыттан бері атыс-шабыс, жарылыстардан әбден мезі болған Сирия халқының жағдайы өте ауыр. Кезінде ондағы соғысты тоқтатуға халықаралық ұйымдар мен ірі мемлекеттер әрекеттенген де еді. Одан нақты нәтиже шыға қоймағаны және рас. Кейін бұған Қазақстан тарапы араласып, Сирия дағдарысын реттеу жолдарын қарастыруға бағыттал­ған кездесулерді елордамыз – Астана қаласында өткізуді ұсынды. Бүгінге дейін әлемдік қоғамдастыққа «Астана процесі» деген атаумен белгілі Сирия дағдарысына байланысты алты кездесу өтті. Мұндай кездесулер алдағы уақытта да жалғасын таба бермек. Бұл мәселеде Елбасымыздың беделі, сондай-ақ Қазақстанның бітімгершілік әлеуеті ерекше рөл атқарды. 

БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің күн тәрті­бінде тұрған мәселелердің 70 па­йыз­ға жуығы Африкадағы қақты­ғыс­­тарды реттеуге арналған. Осы рет­те Қазақстанның Қауіпсіздік Кеңе­сіне сайлануы кезіндегі жетістік фактор­лар­­дың бірі Африка құрлығы тарапы­нан алған қолдау болып табылады. Өйт­­кені Африка елдері қазақстандық дипломатияның Африка мүйісі, сондай-ақ бүкіл құрлықта ұлттық татуласу және бейбітшілікті қалпына келтіру бойынша халықаралық күш-жігерге барынша үлес қосатынына сенім білдірді. Еліміздің Сомали/Эритерия жөніндегі комитетіне төрағалығы нәтижелі болады және сенімнен шығады деген ойдамыз. Бұған Қазақстанның Қауіпсіздік Кеңесіне мүше болған алғашқы жарты жыл ішінде Африка тақырыбы бойынша 80-нен астам отырыстар мен консультациялар өткізуі дәлел болмақ. Қазақстандық делегация сол отырыстардың барлығына белсенді түрде қатысты және қатыса бермек. 

Ал Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне 2018 жылғы қаңтар айындағы ротациялық төрағалығы еліміздің Қауіпсіздік Кеңесіндегі тұрақты емес мүшелігінің шарықтау шегі болады. Төрағалық мерзімі бір ай, мемлекеттер оның жұмысына ағылшын тілі әліпбиі тәртібімен кезектесіп басшылық жасайды. Біздің еліміз төрағалығының түйінді мәселесі – Орталық Азия мен Ауғанстан бойынша БҰҰ-ның құжатын қабылдауға байланысты. Оған дейін Кеңес мүшелері мен Қазақстан үшін қызығушылық тудыратын мәселе­лер­ді келісу және пысықтау жөнін­дегі жұмыстар жүргізіледі. Төрағалықтан кейін қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру шаралары қолға алынады. Сонымен қатар Елбасымыздың қаты­суымен бейбітшілік пен қауіпсіздік мәселелері бойынша жоғары деңгейдегі ашық пікірталас өткізу де жоспарланып отыр. 

БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне мүше­лік еліміздің әлемдік ауқымдағы рөлін арттырады, халықаралық келіссөздер­де жаһандық процестердің тұрақты және жауапты қатысушысы ретін­дегі позициясын нығайтады. Сондай-ақ өңірлік қауіпсіздікті қамтама­сыз етуге, терроризм мен экстремизмге қарсы күресті жандандыруға күш салады.

 

 

Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ, «Егемен Қазақстан»