• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 26 Қазан, 2017

Бас хатшы болып қайта сайланды

553 рет
көрсетілді

Қытай Коммунистік партиясы Орталық комитетінің 19-шы шақырылымындағы 1-ші пленум өтіп, онда Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпин ҚКП Орталық комитетінің Бас хатшысы болып қайта сайланды. Сонымен қатар ол Әскери кеңестің төрағасы, Қытай халық-азаттық армиясының қолбасшысы болып сайланды. 

Пленум барысында Қытай Коммунистік партиясы Орта­лық комитетінің Саяси бюросы да елеулі өзгерістерге ұшы­­­ра­­ды: бұрынғы құрамнан Си Цзинь­­­пиннен басқа ҚХР мем­л­е­­кет­тік премьері Ли Кэцян қал­ды. Жаңа Саяси бюро­ның құра­мы­на 25 адам енді. Олар­дың біреуі ғана әйел. Сон­дай-ақ ҚКП Орталық комите­тінің жаңа құрамына 202 адам сайланды.

Еске салсақ, Қытай Комму­нис­тік партиясының XIX съезі өз жұмысын 18 қазан күні бас­таған болатын. Бұл алқалы жиын­ға арнайы шақырылған қонақ­тарды қоса есептегенде 2,3 мың делегат қатысты. Съезд барысында төралқада ел­дің қазіргі басшыларымен бірге бұрынғы ҚКП Орталық коми­тетінің бас хатшылары мен ҚХР мемлекеттік кеңесінің пре­мьерлері Цзян Цзэминь, Чжу Жунцзи, Ху Цзиньтао, Вэнь Цзябао және Ли Пэн қатар отырды.

Съездің делегаттары Қытай Коммунистік партиясының жарғы­сына енгізілген өзгеріс­терді бекітті. Оның ішіндегі ма­ңыздысының бірі деп пар­тияның басты құжатының мәтініне Си Цзиньпин есімінің жазылғанын айтуға болады. Бұл дегеніңіз, ҚХР-дің қазір­гі төрағасын атақты Мао Цзэ­дун және Дэн Сяопинмен қатар қойған тарихи оқиға. Тағы бір атап өтетін жайт, Си Цзиньпиннен бұрын партия құжатына көзі тірісінде есімі жазылған бір ғана басшы болды, ол – Мао Цзэдун.

Басты жиында Қытайдың социализм идеясынан бас тарт­пайтындығы айтылды. Қытай басшысы Си Цзиньпин съезде жасаған баяндамасын­да экономиканың негізгі тірегі ішкі сұранысты ынталандыру және жаңа технологиялар екен­дігін атап айтты. Съезде алд­а­ғы аз ғана жыл ішінде елде кедей­шілікті жойып, 2035 жылға қа­рай «орта дәулетті қоғам» құру жоспары жария етілді. 

Сонымен қатар Си Цзинь­пин Қытай 2035 жылға қарай АҚШ-ты әлемдік эконо­ми­кадағы бірінші орнынан ысыруы әбден мүмкін дегенді емеу­рін­мен білдірді. «Қытай эко­номикасы әлемдегі озық елдер арасындағы көшбас­шылық по­зициясына ие бола отырып, орташа жоғары өсу екпінін сақ­тап қала алды. 54 трлн юань­­нан 80 трлн юаньға дейін өс­кен ІЖӨ көрсеткіші бойын­ша Қытай әлемде екінші орынға нық табан тіреді», деп мәлімдеді Қытай басшысы. Сондай-ақ ол Қы­тайдың әлемдік эконо­ми­ка­­ның өсуіне қосқан үлесі 30 па­йыздан асқанын да атап өтті.

Съезде жасаған баяндама­сында ҚХР мемлекеттік пре­мьері Ли Кэцян туризм мәсе­­лесіне баса маңыз берді. Ақы­лы демалыс түрін енгізуді қазір­ден бастап, осыған байланысты ішкі туризм және көлік инфрақұрылымына инвестиция құю жоспарланғанын тілге тиек етті. «Біз келе жатқан жап­пай туризм дәуірін қарсы алуға дайын болуымыз керек», деді премьер. 

Қытайдың жаңа онжыл­дық­қа арналған экономикалық өсу жоспарында орталық жә­не батыс провинцияларды көтеру жос­пары да ерекше на­­зар аудара­ды. Сонымен қатар Қытай Ком­­мунистік пар­­­тия­­сы ал­дағы уақыт­та қала­лар мен село­­лар­­дағы тіркеу­ді рәсім­деу­ге қо­йыл­­ған шектеу­лерді жұм­­­сарт­пақ. Ескі тұрғын үй қо­рын­­дағы 6 млн пәтерді қайта жаңар­ту да жос­­пар­да бар екені айтылды. 

Қытай КП-ның XIX съезінде партия­ның бес жылдағы жұ­мы­­сының қорытындысы қара­­лып, Қытайдағы және бас­қа да елдердегі қоғамдық-эко­но­­­ми­ка­лық және саяси ахуал тал­қы­ланды. Сондай-ақ елдің жа­қын жылдардағы стратегиялық даму жолы нақтыланды. Жалпы, Қытай КП-ның XIX съезі әлем елдерінің зор қызығушылығын тудырды. Аспанасты елінің алқалы жиынынан әлемнің 134 елінен келген 1818 журналисімен бірге қытайлық мыңнан астам журналист ақпарат таратты.

 

Қайрат ӘБІЛДА, «Егемен Қазақстан»