Немістер темір тұлпарды сапалы жасаудан ғана емес, жылқы баптаудан да ешкімге дес бермейтін түрі бар. Германия автокөліктерді сапалы құрастыратынын әлдеқашан дәлелдеп үлгерсе, бундес елдің сәйгүліктері дүбірлі додаларда жиі-жиі олжа салып жүр. Неміс тұлпарларының әлемдік бәсекеде салған жүлделеріне қарап, Құлагер мен Шалқұйрықтың ізбасарлары Германияға ауған ба деп қаласың.
Халықаралық бәсекелердің ішіндегі ең абыройлысы – Олимпия ойындары. Аталған төрт жылдықтың байрақты бәсекесінде неміс шабандоздарының бәсі жоғары. Айтулы додада Германия ат спортынан 25 алтын, 13 күміс және 14 қола жүлдеге қол жеткізген. Бұл – қос Германияның бөлінбей тұрғандағы және қайта қосылған кезде көрсеткен нәтижесі. Стокгольм (1956 жыл), Рим (1960 жыл) және Токио (1964 жыл) Олимпиадаларында Батыс пен Шығыс Германия бірігіп өнер көрсетті. Аталған бәсекелерде біріккен неміс командасының шашасына шаң жұқтырмаған сәйгүліктері 5 мәрте алтын медальмен апталып, 5 рет күміс жүлдемен күптелді. Бұдан бөлек 4 мәрте қоладан олжа салды.
ГФР 1968 жылдан бастап жарыстарға дербес қатыса бастаған-тұғын. Өздері өнер көрсеткен Олимпия ойындарында Батыс Германия шабандоздары өз елінің әнұранын 11 мәрте шырқатып, 5 күміс және 9 қола медальға қол жеткізді. Яғни жалпы алтынның саны 41-ге жетіп жығылады. Ендеше, саяси жағдайға байланысты елдің атауы өзгерді демесеңіз, немістер Олимпиададағы жетістіктері жөнінен ешкімді маңына жуытпайды. Ат спортындағы медаль саны бойынша екінші орында тұрған Швецияның қанжығасында 17 алтын жүлде бар екенін ескерсек, әзірге неміс шабандоздарының гегемониясын тоқтату өте қиын.
Ат спортынан әлем чемпионаты негізінен 1953 жылдан бастау алады. Әуелі шабандоздар конкурден сынға түсетін. 1966 жылдан бастап үшсайыс пен ат үйрету бойынша төрткүл дүниенің додасы өте бастады. Әйтсе де, бұл сайыстар жеке-дара әр жерде өтетін. 1990 жылы Халықаралық ат спорты федерациясы ұйытқы болып, бүкіл ат спортының басын біріктірген әлем чемпионаты тұңғыш рет ұйымдастырылды. Содан бері әр төрт жыл сайын әлемнің ең үздік шабандоздары өзара кім мықтыны анықтайды. Германияның әлем чемпионаттарында қол жеткізген табыстары қомақты. Қамбар ата түлегін баптап мінген немістер 49 мәрте көмбеге бірінші болып жеткен. Бұдан бөлек Германияның қоржынында 35 күміс және 32 қола жүлде бар.
Олимпиадада алған жүлделері жағынан Изабель Верттің бағы жанып тұр. Ат спортынан ешкім дәл неміс аруы секілді жетістігімен мақтана алмайды. Тақымы берік Верт – 6 дүркін Олимпиада чемпионы, 4 мәрте күміс жүлдегері. Шабандоз әлем чемпионатында 7 мәрте алтын тұғырға қонақтап, 2 рет қоланың кермек дәмін татты. Изабель өз карьерасында бірнеше тұлпарды ерттеп мінді. Солардың ішінде «Гиголо» есімді тұлпар Верттің бағын ашты. Неміс аруы аталған сәйгүлікпен төрт-төрттен Олимпиаданың және әлем чемпионатының жүлдесін қанжығасына байлады.
Райнер Климкенің де немістер үшін орны бөлек. Олимпиадада 6 мәрте алтыннан олжа салған Райнердің жетістігін жерлестері әлі күнге ауыздарының суы құрып әңгімелейді. Оның 2 қола жүлдесі тағы бар. Ат үйретуден алдына қара салмайтын Климке әлем чемпионатында 6 мәрте жеңіс тұғырының биігінен табылды. Тек 1966 жылғы сайыста қола медаль алды демесеңіз, өзі қатысқан додаларда Климке әрдайым үздік атанды. Таланттың тақыр жерден шықпасы белгілі ғой. Райнердің қызы Ингрид те әке жолын қуып, атқа қонды. Бүгінгі таңда оның қоржынында Олимпиаданың 2 алтыны және 1 күміс жүлдесі бар. Сондай-ақ, Ингрид екі дүркін әлем чемпионы.
Ханс Гюнтер Винклер де Олимпиадада алтын медальді қос-қостап жеңіп алған шабандоз. Конкурдан сынға түскен Винклер 5 мәрте Олимп шыңын бағындырды. Ол Монреаль (1976 жыл) Олимпиадасының күміс, Мехико (1968 жыл) Олимпиадасының қола жүлдегері. Астындағы аты кедергілерден қиналмай қарғитын Ханс Гюнтер екі әлем чемпионатында шашасына шаң жуытқан жоқ.
Неміс ат спортындағы жеңісті жылнаманың құпиясы көп емес. Германия сонау бірінші дүниежүзілік соғыс кезінен бері жылқыларды жүк тасуға жегіп, оның қыр-сырына әбден қаныққан. Одан бөлек, елде ат спортымен айналысуға өте керемет жағдай жасалған. Керекті құрал-жабдықтар жеткілікті, ат баптаудың нағыз шеберлері неміс тұлпарларының тынысын ашудан шаршаған емес. Сондықтан шығар, елдегі жылқының саны 400 мыңнан сәл асатынына қарамастан, Германия әлемдік бәсекелерде алдына қара салмайды.
Ат спорты қазаққа да жат емес. Тарихқа көз жүгіртсек, Жамбыл жерінде туылып, жер жаһанның төрт бұрышын түгендеген есті арғымақ Абсенттің жеңісті жылнамасы еске түседі. Құланның құрым кері он екі жыл бойы қатысқан сайыстарында қарсыластарынан әрдайым бір мысқал артық шыққанын әлі күнге аңыз қылып айтады. Абсент 1958 жылы өткен Бүкілодақтық ауылшаруашылық көрмесінде ат үйрету шебері Сергей Филатовтың назарына ілініпті. Екі жылдан кейін Филатов тізгінін ұстаған Құланның құлагері Рим (1960) Олимпиадасында үздік шығып, жеңіс тұғырының биігіне көтерілді. Келесі Олимпиада ойындарында Абсент қос қоланы қанағат тұтты. Мехикода (1968) Абсентке қонған Иван Калита командалық есепте күміс медальға қол жеткізді. Мексикадағы Олимпиададан кейін Абсент Құландағы асыл тұқымды зауытқа қайтарылды.
Жалпы, жылқы мен қазақ егіз ұғым. Бұлай деп кесіп айтуымыздың себебі бар. Жылқы ата-бабаларымыз үшін мінсе көлік, жесе ас болған. Қазанат мінген жаужүрек батыр бабаларымыз шапқан жауының әзірейіліне айналғанын тарихтан жақсы білеміз. Қамбар ата түлегін халқымыз жаугершіліктен бөлек спорттық мақсатта да пайдаланғаны белгілі. Додаға түскенде қиқулайтын көкпарымыз бен бәйгеміздің орны бір төбе. Қыз қуу, теңге ілу, жамбы ату секілді ұлттық спорт түрлерін жылқысыз елестету мүмкін емес. «Шоқпардай кекілі бар, қамыс құлақтардың» сынын айту сонау Толыбай сыншыдан басталып бүгінге дейін жалғасады.
Қазақ пен жылқыны байланыстыратын тағы бір тарихи дерек бар. Қамбар ата түлегін ең алғаш қолға үйреткендер Қазақстан аумағын мекендеген жұрт екені археологиялық қазба жұмыстары кезінде анықталды. Мәселен, Science журналына шыққан академиялық зерттеуде қолға үйретілген жылқының сүйектері Ботай қоныстарынан табылғанын мәлімдеген болатын. Алан Оутрам бастаған ғалымдар аталған мақалада Ботай мәдениетінің өкілдері б.з.б 3500 жылдары бие байлап, қымыз ішіп, жүйрік баптағанын айтады. Ендеше, біздің бабаларымыз жылқының қыр-сырына әбден қанық деп кесіп айтуға толық негіз бар.
Қамбар ата түлегі мен қазақтың арасындағы біте байланысқан деректерге қарамастан, қазіргі таңда еліміздің шабандоздары ат спортынан дүбірлі додаларда жүлде салмағаны біраз ойға жетелейді. Тұлпардың баптауын келтіре алмай жүрміз бе, әлде ат спорты бізге бейтаныс па? Сәйгүліктің бабын келтіре алмаймыз деу әбестік болар. Өйткені тұлпарды сынау өнері бұрыннан бар. Оның үстіне қазақ пен жылқыны тарихи деректер байланыстырады. Ат спорты да бізге бөтен емес. Әйтпесе жарты әлемді өнеріне тәнті еткен Абсенттің Жамбыл жерінен шығуын қалай түсіндіреміз?! Ендеше, төрткүл дүниенің бәсекелерінде олжа салмауымыз ат спортына жеткілікті көңіл бөлмей келе жатқанымызды көрсететіндей.
Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»