Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты биылғы Жолдауына сәйкес, экономиканың түрлі саласына бәсекеге қабілеттілікті арттыруға бағытталған тапсырмалар жүктелді. Осы орайда Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі де назардан тыс қалмады. Оның ішінде спортқа артылған жүкті еңсеру басты міндет болды.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қазақ спортын дамыту бағытында негізге алған сындарлы саясатының арқасында еліміз шетелдік спорт ареналарында кеңінен таныла бастады. Тәуелсіз мемлекет ретіндегі 26 жылдық тәжірибеде спортта жеткен жетістіктер аз болған жоқ. Мейлі қай салада болсын, бәсекеге қабілеттілікті арттыру үшін, сол секторға Үкіметтің көзі түзу болып, барлық жағдай жасалуы тиіс.
Осы жылдың басында министрлік басшылығымен дене шынықтыру және спорт туралы заңның кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізілген болатын. Оның негізінде спорт түрлері сараланатын болады. Осылайша спортты қаржыландырудың тиімді механизмі жасалады. Мемлекеттік басқарушы орган, қоғамдық бірлестіктер, оның ішінде Ұлттық Олимпиада комитеті арасында функциялар өзара бөлінеді. Жергілікті атқарушы орган спортты дамытумен айналысса, орталық орган – стратегиялық тапсырмаларды негізге алып, бюджет қаржысының тиімді жұмсалуын қадағалайды. Жоғары жетістіктер спортын дамытуда Ұлттық Олимпиада комитетінің рөлі нығаяды.
Бұқаралық спортты дамыту Қазақстан Республикасының дене шынықтыру мен спортты ілгерілетудің 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасында көрсетілген саламатты ұлтты қалыптастыру үшін стратегиялық маңызды болып табылады. Дене шынықтыру және спорт жүйесін жетілдіру бойынша қабылданған шаралардың арқасында соңғы жылдары республика халқының жалпы санынан дене шынықтыру және спортпен шұғылданушылар санының тұрақты өсуі байқалады. Мысалы, 2016 жылдың қорытындысы 27,4% -ды шамалады (2012 жылы – 21,6%, 2013 жылы – 23,2%, 2014 жылы – 25,1 және 2015 жылы – 26,3%) .
Сондай-ақ спорт секцияларында дене шынықтырумен тұрақты түрде айналысуға мектеп оқушылары көптеп қызығушылық танытуда. 2016 жылдың қорытындысы бойынша дене шынықтыру және спортпен шұғылданатындар саны 2015 жылмен салыстырғанда мектептердегі барлық оқушылар санынан 2,8 млн оқушыдан 2,9%-ға немесе 427,3 мыңға өсті, бұл 15,3% (2015 жылы – 15,1%).
Өткен жылдың қорытындысы бойынша елімізде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының тестілеріне 4 238 779 адам қатысқан. Президенттік деңгейді 93 564, оның ішінде 21 763 – ауылдық жерде және ұлттық деңгейді 185 831 адам, соның ішінде 57 876-сы ауылдық жерлерде еңсерген.
Республикада жыл сайын бірқатар халықаралық және республикалық спорттық іс-шаралар мен жарыстар өтеді, сондай-ақ шетелде ұйымдастырылатын халықаралық жарыстарға спорт түрлерінен ұлттық құрама командалардың қатысуы қамтамасыз етіледі. Мысалы, 2016 жылы білікті және жоғары білікті спортшыларды даярлау сапасын арттыру үшін спорт түрлерінен 451 оқу-жаттығу жиыны өтті. Спорт түрлері бойынша ұлттық құрама спортшылары әртүрлі деңгейдегі 718 халықаралық жарысқа қатысты. Республикада 485 республикалық жарыс және 50 халықаралық жарыс өтті. Аталған халықаралық жарыстардың қорытындысы бойынша Қазақстан спортшылары барлығы 760 медаль жеңіп алды.
Күні кеше Түрікменстан астанасы Ашғабадта жабық ғимараттағы және жауынгерлік өнерден Азия ойындары өтті. Елбасының қолдауын сезінген спортшылар 96 медаль алып, төртінші орыннан көрінді. Азия құрлығындағы 45 мемлекет пен Океанияның 17 елінің спортшылары қатысқан жарыста 28 алтын, 28 күміс, 40 қола медаль алу қазақ спорты үшін жақсы нәтиже болды.
Рио-де-Жанейрода өткен ХХХІ жазғы Олимпия ойындары қазақ спортшыларының деңгейі ешкімнен кем түспейтінін байқатты, төртжылдықтың додасына 41 спорт түрінен 207 елдің 10 мыңнан аса спортшысы қатысты. Олимпия ойындарына Қазақстан құрамасының сапында 26 спорт түрінен 104 спортшы қатысты. Қорытындысында қоржынымызға әртүрлі деңгейдегі 17 медаль түсті. Қазақстан жалпыкомандалық есепте 22-орынға тұрақтады.
Сондай-ақ Рио-де-Жанейрода 7-18 қыркүйек аралығында өткен XV Паралимпиада ойындарында спорттың бес түрінен (жүзу, жеңіл атлетика, пауэрлифтинг, садақтан ату және дзюдо) спортшылар еліміздің намысын қорғады.
Қазақстан тәуелсіздігінің тарихында тұңғыш рет XV Паралимпиада ойындарында мүмкіндігі шектеулі спортшылар бір алтын (Зульфия Габидуллина, 100 м/ еркін стильде жүзу) және 1 күміс медаль (Раушан Қойшыбаева, пауэрлифтинг, 67 кг дейін) жеңіп алып, 162 қатысушы ел арасынан 58-орынға тұрақтады.
Елімізде мүгедектер спортын дамыту үшін де ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр.
2003 жылы Қазақстанның Ұлттық Паралимпиада комитеті, 1995 жылы Дефлимпикс Қазақстан, «Спешиал Олимпикс» қоғамдық бірлестігі Қазақстанда 1990 жылы, сонымен қатар арбадағы би және пара-дзюдо федерациясы құрылған. Сонымен қатар дене мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларға арналған Спорттық даярлау орталығы қызмет істейді.
Бүгінде елімізде мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған 12 спорттық клуб (Астана және Алматы қаласында, Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Маңғыстау, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарында) жұмыс істейді, онда 5 129 адам спортпен шұғылданады, бұдан басқа мүмкіндігі шектеулі тұлғаларға арналған 2 мамандандырылған спорт мектебі (Қарағанды және Оңтүстік Қазақстан облысы), 1 ойын спорты түрлері және мүгедектер спорты бойынша балалар-жасөспірімдер спорт мектебі бар. Министрлік жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, спорттық ұйымдардың мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін тегін болуын қамтамасыз етті.
Тағы бір айта кететін жайт, Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің ведомстволық бағынысты мекемелерінде, «Сарыарқа» республикалық велотрегі РМКҚ-да, Балуан Шолақ атындағы Спорт сарайында, сонымен қатар «Алатау» қысқы спорт түрлері бойынша республикалық жоғары спорт шеберлігі мектебінде қарапайым тұрғындар үшін дене шынықтыру және спорт сабақтары өтеді.
Бұл ұйымдарда 1 және 2-топтағы мүгедектерге қызметтер тегін көрсетілсе, ал 3-топтағы мүгедектер 50 % пайыз жеңілдікті пайдалана алады.
2014 жылғы 3 шілдеде қабылданған «Дене шынықтыру және спорт туралы» заңға сәйкес, Паралимпиялық және Сурдлипиялық ойындардың чемпиондары мен жүлдегерлеріне спортшылар мен олардың жаттықтырушыларына (кемінде 20 жыл еңбек өтілі болуы тиіс) 24 АЕК көлемінде ай сайынғы материалдық қамтамасыз ету нормалары, сонымен қатар Паралимпиялық және Сурдлипиялық ойындардың чемпиондары мен жүлдегерлеріне тұрғын үй беру нормалары көзделген.
Студенттік спорт та біздің назардан тыс қалып жатқан жоқ. Студенттік спортты дамыту мақсатында Білім және ғылым министрлігімен бірлесіп, еліміздің ЖОО мен колледждерінде спорт клубтарының желісін дамыту бойынша жұмыстар жүргізілуде. Студенттік лигалар жарыстарын өткізу бойынша «Сұңқар» дене шынықтыру-спорттық бірлестігінің қызметін жандандыру бойынша шаралар қабылдануда.
2016 жылдың қорытындысына қарасақ, еліміздегі 125 ЖОО-ның 113-де спорт клубтары жұмыс істейді, онда спортпен студенттердің жалпы санынан 186 мың студент немесе 39% студент шұғылданады (2015 жылы – 49%). Студенттер арасында дене шынықтыру мен спортты танымал ету жастарды сауықтыру және олардың арасында саламатты өмір салтын насихаттау үшін маңызды болып табылады. Осы орайда Алматы қаласындағы ХХVІІІ қысқы Универсиададағы біздің спортшыларымыздың табыстарын атап өту қажет. Оған 25 мемлекеттен 2 мыңнан астам спортшы мен делегация қатысты.
Дүбірлі додада ұлттық құрама жалпыкомандалық есепте Ресейден кейін 2-орынға тұрақтады. Біздің спортышылар үшін осы Универсиада 2017 жылғы Жапониядағы 8-ші қысқы Азия ойындары мен 2018 жылы Оңтүстік Кореяда өтетін Олимпия ойындарына дайындалудың маңызды кезеңдерінің бірі болды.
Елімізде өткен ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі аясында министрлік ауқымды спорттық шараларды өткізуге мұрындық болғанын айта кету керек. Әсіресе ұлттық спорт ерекше ұлықталды. Жамбы атудан, аударыспақтан халықаралық турнир, көкпардан, тоғызқұмалақтан әлем чемпионаты, қазақ күресінен «Әлем барысы» ұйымдастырылып, ұлттық өнердің жанашырларын бір серпілтіп тастады. Әр аптаның демалыс күндері облыстардың мәдени күндері аясында ұлттық спорт түрлерінен көрсетілімдер өтіп тұрды. Осындай шаралар арқылы министрліктің ұлттық спортқа деген жанашырлығын байқауға болады. Оның дәлелі – Ұлттық және ат спорты түрлері орталығының ашылуы. Ондағы басты мақсат – ұлттық спорт түрлерін халық арасында насихаттау және дамыту.
Қазақ спортының дамуы бүгінгі жеткен жетістіктермен тоқтап қалмақ емес. Ендігі мақсат – XXIII қысқы Олимпия ойындары. Кореяның Пхёньчан қаласында өтетін Олимпия ойындарына 80-нен астам елден 5000-ға жуық спортшы қатысады деп күтілуде. Спорттың 15 түрінен медальдің 102 жиынтығы сарапқа салынады. Қазақстан делегациясы Олимпиадада 9 спорт түрі бойынша сынға түседі. Биатлон, мәнерлеп сырғанау, тау-шаңғы спорты, шорт-трек, коньки тебу спорты, шана спорты, шаңғы жарысы, тұғырдан шаңғымен секіру, фристайл бойынша спортшылар Олимпиадаға жолдама алу жарыстарына қатысып жатыр. Сочиде жақсы өнер көрсеттік, десе де, біздің әлеуетіміз одан да мықты. Спортшыларымыз Кореяда өтетін ақ Олимпиадада ел үмітін ақтайды деп сенемін.
Еліміз соңғы он жылда әлемнің жетекші спорт державаларының отыздығына енгенін атап өткім келеді. Ендігі мақсат – 2030 жылы жиырмалыққа және 2050 жылы ондыққа ену.
Сәкен МҰСАЙБЕКОВ, Мәдениет және спорт вице-министрі