• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Қазақстан 26 Қазан, 2017

Өмірдің көрген түстей бір парағы

1036 рет
көрсетілді

Қазір таңғалатын не қалды өзі: қала шетіндегі коттедждердің қожайындары болсын, көп пәтерлі биік үйлердің пәтер иелері де үй күтушілерін ұстайды. Былай қарағанда, жұмыс беруші мен оған қызмет жасаушы адам. Заңдастырылған екі жақты келісімі бар. Бірақ, Мәруа апай қызының біреудің есігінде жүргеніне намыстанады. Көрші әйелдердің күңкілдегендерін де естіп қалады. Ажар да олардың қыздарындай басқа мамандыққа оқып, кеңседе қызмет жасау керек. 

 Бір аптадан соң, Ажар оралды. Мә­руа апаймен туыстай болып кеткен көршілерміз ғой, бір-бірімізден сыр жасырудан қалғанымыз қашан. 

– Үй күтушісі болдың деп жазғы­рып жүрсек, мына қыздың әңгімесін тыңдашы өзің, – деді апай ертесіне.

– Ресторанда істейтін Катя деген әйел бар еді. Катя апай дейміз, сол кісі бір күні телефон шалды, – деді Ажар. 

– Саған бір жұмыс таптым! – деді ол кісі. – Барасың ба?. Жақсы жер бо­латын түрі бар. Кеше жұмысқа бір қа­зақ келді. Коттежде тұрады екен. Үйіне күтуші қазақ қызы керек дейді, – деді Катя апай. 

Айтқан мекен-жай бойынша кот­тедж­ді тауып алдым. Әйелі бірден-ақ кел­генімді жақтырмады:

– Мынауың кім өзі! Көздері қан­дай жайнаңдаған! – дегенін естіп қалдым. 

Сол күні үй иесінің әйелі мені дәрі­герге жіберді. «Ауру-сырқауы жоқ» деген қағаз алып кел деді. Әкеліп бер­дім. «Күйеуің бар ма?» деді, «Жоқ» деп айтсам үйіне жұмысқа алмай қоя ма деп, «Бар, бар» дей салдым. Үй кү­туші әйел міндеттерінің бәрінен емтихан тапсырып, өте жақсы деген баға да алдым. Тамақтың түр-түрін жасай аламын. Үй жинау, қонақ кү­ту, үй иесін қарсы алу, дастарқан жа­­сау – бір сөзбен айтқанда, барлық ережелерді көрсеттім. Кіші қызы бір шолжаң. Мінгендері бір-бір машина, үйме шүберек, жылтырақтар, қыдыру, дүкен аралау, өмірлері ұялы телефонда. Бас көтеру жоқ. Өмірлері сондай, біртүрлі, – деп Ажар үнсіз қалды.

– Таңертең үй иесі ерте жұмысына кетеді. Қыздар, шешелері ұйқыда. Үй иесінің тамағын әзірлеп, ертеңгілік соғылатын телефон шылдырына жауап беремін. Жексенбі күні ғана өз үйіме келемін. Үй иесі маған «Қазақ­ша сөйлегенің қандай жақсы, қазақша сөйлегенді әбден сағынып қалыппын. Енді менің қыздарыма үйретші» дейді. 

Менімен сөйлескісі келіп жүреті­нін сездім. «Қай ауылдансың, қы­зым?» деді бір күні. Алыс ауылда өс­кен қыз екенімді, қазір қалада тұ­ратынымды айттым. 

«Қалада көптен тұрасың ба, мынадай күтушілік жұмысты қайдан үйреніп жүрсің? 

«Өмір бәрін де үйретеді екен, аға» дедім.

 Күнде ертеңгілік үй иесімен осылай бір-екі ауыз тіл қатысып, танысып та қалдық. 

– Бізді «жаңа қазақтар», дейді, – деді аға. – Ашуым келеді өзі! «Жа­ңа қазағы» нес? Қазақ бұрын да бай болған. Жаңа түгіміз де жоқ, бай­лықты көтере алмай жүргендерге рен­­­жіп, бұл жұрттың шығармайтыны жоқ. Үйіңде бақыт болмаса, бай­лық­тан не пайда, қызым?! Мен де ауыл­да өстім.

Ауылын ұмытқандар да­ бар. Өзімізді-өзіміз ұмыттық. Өз тілімізде сөйлесуге адам таппай қа­ласың. Түнеукүні шешем енді түсіме. Ауылда бір көпір бар-ды. Сол құлап қалыпты. Жұрт шөп таси алмай жүр, жөндеп бер, көпір салу сауап, – дейді маған. О, құдай-ай, содан алып ұшып 300 шақырым жердегі ауылыма бармаймын ба?. Барсам, көпір опырылып, ауыл шөпті Ассы өзенінен өтіп, жағалауға шығара алмай отыр екен. Ылғи шешем түсіме енеді. Ассының төменгі жағында бір ескі қойма бар, сол жерде бұрын мешіт болған. Жерін тегістеп, сол жерге қайта мешіт тұрғызшы.. деді.

Бірақ, соңғы кездері шешем түсіме мүлде кірмей қойды, қызым..» 

– Мешіт тұрғыздыңыз ба, содан? – деп сұрадым.

– Иә, қызым, анам Гүлсімнің аманаты ғой.

Сол арада сары шаш әйелі келіп қалып, әңгімеміз үзіліп кетіпті.

– Бұның айтатыны ылғи ауыл, өңі де, түсі де ауыл! Енді бәрін тасып апар түгел ауылға! – деп шағып алды. 

– «Бұ кісіні ұнатпаса, жаратпаса, өзінен жасы үлкен бола тұра, неге тұрмысқа шыққан?», деп ойлап қоямын. 

Үй иесі кеткен соң әйеліне, қыз­да­­рына тамақ беремін, түскі ас әзір­леймін, басқа да ұсақ-түйек жұ­мыс­тармен айналысамын. Әйелі таң­ер­теңгі асын ішіп болған соң айнаның ал­дына барып, кемінде бір сағат отырады. Шетелдік бояулардың түр-түрін жағынып, қымбат киімдерін киіп, машинасына отырып, қалаға шығып кетеді. Үй иесінің «Ассы», «Ата­мекен» деген екі сауда үйі бар екен. Кілті Айя апайымыздың қолын­да көрінеді. Келген соң құлағы телефонда. Бір бітпейтін әңгіме.

Біресе Жанна, біресе Мара, біресе Майя ма – толассыз звондап жатады. Түскі асқа дейінгі уақыт аралығында есік ал­дында дайын тұрған ақ машинамен дүкен аралап, кейде базарға барып келемін. Күнде үстелде банан, апельсин, лимон тұруы керек. Жейді, жеп алады да, қабықтарынан беттеріне маска жасайды. Колледжде оқып жүріп моцарелла, тальятелле, равиоли, чиабатта, карпаччо, оссобуко, кампариді жасап үйреніп алғаным мұндай жақсы болар ма, итальяндық тағамдар Айя апайға, қыздарына ұнағаны соншалықты, үлкен үйдің ас мәзіріне айналды. 

Қыздарының биыл оқуға түс­кені бір қиын болды. Таңертең инс­титутқа ояту үшін шаршап біте­сің. Мен үшін оқып жүргендей рен­жіп тұрады. Біреуі тұра сала теме­кі сұрайды, біреуі кофе әкел дейді. Инс­титутқа қалай болса солай киініп барад­ы. Бізде колледжде апайлар­ тым қысқа юбка кигізбейтін. Машиналарына отырып, ағып ала жөнеледі. Екеуі де психология бөлімінде оқи­ты­нына күлкім келді. Үй иесі жұ­мыс­тан кеш оралады.

Әйелі оны ізде­мей­тініне таңғалып жүрмін. Бұрын екеуі сәл нәрсеге бола ренжісіп жататын еді. Сенбі-жек­сенбі күндері ғана ренжіспейді, бұл күні не өздері қонаққа кетеді, не бұл үйге бәленбай жаңа қазақтар қонаққа келеді. Аяғымнан тік тұрып күтемін. Қыздарының да қазақша аттары жоғалып, Ақмаржан – Мара, Ақлимасы – Лимана болып жүр. Ағаның аты – Хасанбек болғанымен, бәрі оны – Беке дейді. Әйелі Бекежан дейді.

Өзін Майра емес, Айя дегізеді. Тірліктерінің бәрі қазақылықтан алыстап кеткен бе, шетелше өмір сүргілері келе ме, басқа тілде сөй­лейді, бұл үйдегі дым білместей болып жүрген – мен, қыздардың тілімен айтқанда, бұрынғы қазақпын. Қыздары әкелерінің көзінше ашық-шашық жүре береді. Менің барлық жерім «жабық» жүретінін көріп, Гүл­­шетай деп ат қойыпты. Кейде кү­йеуінің жұмысына телефон шалып, тексеріп отырады. Қырсық болғанда, үй иесі жиі-жиі орнында болмай шығады да, Айя апайымыз өшін менен алады. 

– Сендер еркектерді бұзып бол­дың­дар. Ақшасы көп деп қызығып, әрі жаспын деп майысып, тоқал болғыларың келеді, ә?! – дейді. Үй иесіне де соны айтады.

– Ғайниыңа кет! Бар, бар! – дейді. 

«Ол кім, тоқалы несі?» деп жүрдім. Әйелімен ұрсысып жатуды жөн көр­мей, үй иесі кетіп қалады. Екі-үш күн өткен соң бір-ақ келеді. Қыздары да әкелерінің жоқтығын біліп, үйге түн ортасы ауғанда қайтады. Айя апайымыз ағамен болған әңгімеден кейін өз бөлмесіне кіріп жатып алды. Сосын коньяк сұрайды. «Ағаң келген жоқ па?» деп сұрайды. Менің бөлмем бірінші қабатта, олар екінші қабатта ұйықтайды. Үй иесінің келгенін олардан бұрын мен біліп жатамын. Кейде үй иесі үлкен залда жалғыз өзі түн ортасында ойға батып отырады. 

– Жас келген соң ба, қызым, адам қатты өкінеді екен. Ғайниды, балаларымды ойлап уайым, өкінішпен күн кешемін қазір. Балаларым өс­ті, әрқайсының отбасылары бар. Бі­рақ, олар мені көргілері келмейді. Мек­тепте оқып жүрген кішкене кезінде оларды тастап, өзімнен жастау қызға үйленіп кеткенім қателік болғанын білмеппін. Ойламаппын да. Жап-жақсы ашқан кәсібімнің несібесі Майраға бұйырды. Ол менің сауда дүкендерімнің бас есепшісі болып орналасты. Мінез-болмысынан бұрын түр-түсін, дене бітімін, наз күлкісін көріп құлап қалатын еркекпіз ғой, қырықтың ішіндегі.

Курортқа алып барамын деп. Ғашықтық па, дарақылық па, үйлендім солай. Менің үйленгенімді естіп екі ұлым, қызым Зейнеп мектепке бара алмай қалыпты. Ғайни сол қалпы ауылда тұрып жатыр. Немерелері қасында. Аурудан тұрғандай сүлесоқ өмір сүргенін кеш білдім.

Қанша рет барып кешірім сұ­радым. 

– Мен кешіргенмен де, өзіңді-өзің ке­шіре аласың ба? – дейді...

 Содан ағамыз бір айдай уақыт үйі­не келмей кетті. Айя апай, екі қы­зы, үй күтуші болып тұрып жаттық. Аға­ны асыға күтіп жүрдім. Бұрынғы әйелі Ғайни апаймен қайта табысты ма, табысса екен деп те ойлап қоямын. Айя апайымызды дүкендеріндегі тауарларының, заттарының саудасы ғана мазалайды. 

Бірде кешкілік ас мәзірін жасап жа­тыр едім, коттедж алдына бір қым­бат көлік тоқтай қалды. Жүрегім бір­деңені сезгендей, жүгіріп шықтым. Аға­ның Әннес деген досы екен. Ха­бар айтуға келіпті. Хасанбек аға ауылына жете бере, жолда жүрек талмасынан қайтыс болыпты. Бір айдай уа­қыт қала ішіндегі қонақ үйде тұрып жү­рсе керек. Бұл ауылға соңғы сапары бол­ған екен. «Түсіме шешем кірмей жүр» деп түсінде шешесін көре алмағанға алаң­дап еді, қайран аға. Сезгендей. 

Өлімге өкініш, реніш жүрмейді. Ғай­ни апайымыздың алдын-ала ке­шірім бергені сол екен ғой деп ойладым. Балаларының рұқсатын алып, аға­мызды ауылдағы өзінің туған үйі­нен шығарды. Шығарар кезде қаладан Айя апайымыз бен екі қызы жетті. Мен ­де солармен бірге бардым. Үшеуі де біртүрлі, өмірлері ағамен бірге жер қой­нынына кетіп, мәні қалмағанын тү­сінгендей, көз жастарын тыя алмай, жылай берді. 

Аға қайтқан соң, мен ол үйде қа­ла алмадым. Өтінгендеріне де қа­ра­ма­дым. Өзіме біртүрлі өмірдің кейіп­керлері «равиоли» «чиабатта», «карпаччолармен» де қоштастым. Кеше Асыл имам мешіттің асханасына жұ­мысқа шақырды. Технологиялық инс­титутқа сырттай оқуға түсіп, өзіміздің дәстүрлі тағамдарды жасайтын мейрамханаларда қызмет еткім келеді, –деп әңгімені түйіндеді Ажар. 

– Тағдырдың жазуы-ай, қайтыс бол­ған үй иесі ішіндегі мұң-шерін, бас­қа адам таппағандай, саған ақтар­ғанын қарашы, ол жаққа да жеңілдеп барайын деген ғой, – дейді Мәруа апай. 

– Ауылына барғанда ол кісі жасап кеткен көпірді, салған мешітін көр­дім. Өміріме өкінішті естелік болып қалған күтушілік қызметімнің мән-жайы, міне, осы, көрген түстей, – деді Ажар. 

Иә, адамдардың ақыл-есін алатын да, жолдан адастыратын да осы нәп­сінің уы, байлықтың буы ғой... 

 

 

Фарида БЫҚАЙ, «Егемен Қазақстан»

ПАВЛОДАР