35 жастағы петропавлдық тұрғынның өкпе дімкәсіне шалдыққанына он жылға таяп қалыпты. Асқындырып алғандықтан қанша ем-дом қабылдаса да, құлан-таза айығып кете алмаған. Сырқаты жанына қатты батқан ол дәрігерлердің кеңесіне құлақ асып, операция үстеліне жатуға тәуекел еткен. Бағына қарай елімізде алғаш рет қолданылған заманауи ота әдісіне кезігіп, бірден келіскен.
– Бұған дейін ол өте әлсіз болатын. Жүріп-тұруы қиынға соққандықтан, тез ентігіп, шаршап қалатын. Тегін отадан кейін жағдайы жақсарып, жақын арада үйіне оралады, деді облыстық туберкулезге қарсы диспансердің хирургия бөлімшесінің меңгерушісі Тобылжан Жамақов науқастың қазіргі жағдайы туралы.
Оның айтуынша, бұл әдісті ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығы өкпе хирургиясы бөлімінің меңгерушісі, профессор Құлахмет Ерімбетов осыдан екі жыл бұрын тәжірибеге енгізген екен. Бұған дейін науқастың жарты өкпесі мен бірнеше қабырғасы алынып тасталып, салдарынан жүрісі өзгеріп, бір жағына қарай қисайып қалатын. Енді қабырғалардың астына силикон қою арқылы өкпедегі тесіктер бітеледі. Арнайы имплант туберкулез таяқшаларының тарап кетуінің, вирустардың көбеюінің жолын кеседі. Силиконды импланттың құны 400 мың теңге тұрады, шығын мемлекет тарапынан өтеледі.
Бас дәрігер Қаныш Бижанов жыл өткен сайын материалдық-техникалық базаның нығая түскенін, күрделі жөндеу жұмыстарына 100 миллион теңге бөлінгенін, жоғары технологияға негізделген медициналық құрал-жабдықтар сатып алынғанын жеткізді.
Бүгінде 648 адам арнайы есепке алынып, тұрақты ем-дом көрсетілуде. Жаңа тәсілмен үш науқасқа ота жасау міндеті тұр.
Өмір ЕСҚАЛИ, «Егемен Қазақстан» Солтүстік Қазақстан облысы
Суретті түсірген Амангелді БЕКМҰРАТОВ