Бүгін Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Парламент Сенатының отырысы болды. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Баспасөз қызметі хабарлады.
Палата Қазақстан мен Сауд Арабиясы Корольдігі арасындағы ұстап беру туралы келісімді ратификациялады.
Келісім әрбір уағдаласушы мемлекеттің өзінің аумағында жүрген ұстап беруге әкелетін қылмыстар үшін күдік келтірілетін, айыпталатын немесе сотталған кез келген адамды қылмыстық жауапкершілікке тарту немесе сот үкімін орындау мақсаттарында ұстап беруіне бағытталған.
Келісімде адамды ұстап берудің және одан бас тартудың негіздері көзделген.
Сондай-ақ, Қазақстан мен Сауд Арабиясы Корольдігі арасындағы сотталған адамдарды беру туралы келісім ратификацияланды.
Құжат сотталған адамдардың азаматтығы жағынан тиесілі қоғамға қайта араласуына жәрдем көрсетуге, әлеуметтік оңалтуға, сотталған адам азаматы болып табылатын мемлекетте жазаны өтеуді жалғастыру мақсатында барынша ынтымақтасуды жүзеге асыруға бағытталған.
Келісімнің ережелеріне сәйкес, тараптардың әрқайсысы екінші тарапқа оның аумағында екінші тараптың кез келген азаматына қатысты шығарылған, бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны көздейтін, соттың заңды күшіне енген үкімдері туралы дереу хабарлауға міндеттенеді.
Сенаторлар Ұстап беру туралы конвенцияны ратификациялады. Конвенцияға 1933 жылғы 26 желтоқсанда Монтевидео қаласында (Уругвай Республикасы) қол қойылған.
Конвенция айыпталушыларды немесе сотталған адамдарды әлеуметтік оңалтуға жәрдемдесу мақсатында оларды ұстап беру саласында ынтымақтастық орнатуды, сондай-ақ сотталған адамдар үшін жазасын өз елінде өтеу мүмкіндігін жасауды көздейді.
Осы Конвенцияның ережесіне сәйкес, оған қатысушы мемлекеттер өздерінің аумағында жүрген айыпталушыларды немесе сотталған адамдарды қылмысы үшін қылмыстық қудалауды және сот үкімін орындауды жүзеге асыру үшін беруге міндеттенеді.
Конвенцияға сәйкес ұстап берілген адамның ұстап беруді сұратуға себеп болған құқыққа қарсы іс-әрекетті жасау арқылы алған немесе дәлелдеме ретінде пайдаланылуы ықтимал мүлкі тәркіленуге және талап етуші елге берілуге жатады.
Конвенцияны ратификациялау кезінде Қазақстан Республикасы Конституциясының 11-бабына сәйкес Конвенцияның 2-бабы бойынша өздерінің азаматтарын ұстап бермеуі туралы, сондай-ақ 15-бабы бойынша іздестіріліп жатқан адамның мүліктерін тәркілеу және беру Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылатыны жөнінде мәлімдеме жасау ұсынылады.
Палата «Қазақстан Республикасы мен Азия Даму Банкі арасындағы № 2967-KАZ Қарыз туралы келісімге (Жай операциялар) (ОАӨЭЫ 2 Дәліз инвестициялық бағдарламасы [Маңғыстау облысындағы учаскелер] – 2-жоба) түзетулерге қатысты Қазақстан Республикасы мен Азия Даму Банкі арасындағы келісім-хатты ратификациялау туралы» заңды қабылдады.
Құжаттың негізгі мақсаты ОАӨЭЫ 2 Дәліз инвестициялық бағдарламасының 1-қосымшасымен Маңғыстау облысындағы ұзындығы 73 шақырым «Жетібай-Жаңаөзен» жолын реконструкциялауды қаржыландыру болып табылады.
Жоба Қазақстан мен Азия Даму Банкі арасындағы Қарыз туралы келісім аясында «Шетпе-Ақтау» жобасы бойынша үнемделген қаражат есебінен жүзеге асырылатын болады.
Келісім-хатты ратификациялау Қазақстан автомобиль жолдарын дамыту және реконструкциялау бойынша шығындарды тиімді басқаруға бағытталған. Осы жобаның іске асуы Қазақстанда көлік дәліздерін дамытуға негізделген және көлікке жәрдемдесу саласындағы шараларды жақсартуға бағдарланған көлік саясатын қалыптастыруға ықпал ететін болады.
Сенат отырысы барысында сенатор Н.Қылышбаев премьер-министр Б.Сағынтаевқа Қытайдағы этникалық қазақ ұлты өкілдері құқықтарының бұзылуы жөніндегі БАҚ-тағы ақпараттарға түсінік беру туралы депутаттық сауал жолдады.
«Қытай Халық Республикасының Шыңжан – Ұйғыр автономды аймағында тұратын қазақ ұлты өкілдерінің заңды құқықтары қысым көріп жатқаны туралы шілде айындағы Дүниежүзі қазақтарының құрылтайында көтерілген болатын. Содан бері ақпараттық кеңестік пен әлеуметтік желілерде Шыңжанда қоныс тепкен бір жарым миллионан астам қандастарымыздың заңды құқықтарының шектелуі жөніндегі әңгіме кеңінен таралып келеді», - деді Н.Қылышбаев.
Сенатор: «Бұл ақпарат қаншалықты шындыққа жанасады және СІМ мәселені зерделеп сараптау үшін қандай жұмыстар жүргізді, дипломатиялық жолдар арқылы Қытай тарапымен келіссөздер иә болмаса консультациялар жүргізілді ме?», - деп сұрақ қойды.
Сенат отырысында сондай-ақ Ерік Сұлтановтың - Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстарында топтық су құбырларын қайта құру үшін қаражат бөлу қажеттілігі туралы; Әли Бектаевтың - медицина қызметкерлерінің еңбек ақысын көтеру туралы; сенатор Владимир Волковтың - ТМД Парламентаралық Ассамблеясының тиісті үлгі заңдары мен ұсынымдарының нормативтік құқықтық актілерін әзірлеу кезінде «Құқықтық актілер туралы» заңға есеп жүргізуді көздейтін толықтыру енгізу мүмкіндігін қарастыруды ескеру туралы; Дархан Қалетаевтың - гидротехникалық қадағалауға қатысты және зілзаладан қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы проблемалық мәселелер туралы депутаттық сауалдары жария етілді.