• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Білім 26 Қазан, 2017

«Назарбаев зияткерлік мектептерінің» басшысы қазіргі балалардың қалай өзгергенін айтып берді

627 рет
көрсетілді

«Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ Басқарма төрайымы Күләш Шәмшидинова бүгінгі балалардың алдыңғы буынға қарағанда көп өзгергенін жеткізді. Бұл туралы «Білім берудің жарқын болашағына арналған құндылықтар, әл-ауқаттылық және инновация» тақырыбында IX халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясында айтылды.

– Жаһандану, технологиялық инновациялар, климаттық, демографиялық және басқа да өзгерістер адамдар мен қоғам тиімді икемделуі тиіс жаңа талаптар қойып, жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Әлемнің өзгеруі – балалардың өзгеруі. Қазіргі балалардың өмірі туа тіршілігіне дендеп енген қуатты технологияларға байланысты бұрынғы әлеуметтік маңызды институттардың бірі болған аулаларды жоғалтудан басталады. Олар әлеуметтік желілерде өздеріне тән талқылармен, әзілдерімен, сөйлеуімен өмір сүре бастады, – деді басқарма төрайымы. Осы ретте К.Шәмшидинова сарапшылар мен педагогтардың айтуынша, бүгінгі балалардың алдыңғы буындағы балаларға қарағанда көп өзгергенін жеткізді. Яғни, қабылдауы жылдамырақ, есте сақтауы азырақ, іздеу мен табуды білетін, аздаған ақпараттарды бөлісе алатын, ортаға тез қосылатын, ойын батыл жеткізуге қорықпайтын ұрпақ өсіп келеді. Сондай-ақ олар әлеуметтік желілерде қалай жақсы табыс табу туралы да жетік біледі. Осы іспетті өзгерістер заманында мектептер оқушыларды өмірге дайындап үлгере ме деген сауал тууы заңдылық. Бұл қоғамның да, жұмыс берушілердің де көкейінде тұрған мәселе.

Осы сияқты күрделі жәйттердің шешімін іздеудегі халықаралық зерттеулерді тілге тиек еткен Күләш Ноғатайқызы зияткерлік мектептердің мақсаты өзгеріске тез бейімделуге қабілетті тұлға тәрбиелеу екенін айтты. Қазіргі кезде зияткерлік мектептерде негізгі білім беру бағдарламасы қосымша элективті курстармен және сабақтан тыс тәрбие шараларымен толықтырылған. Бұл орайда «Туған елге – тағзым», «100 күйдің тарихы», «Екі апта ауылда», «Қазақ әндері» сынды жобалар сәтімен жүзеге асырылуда. Осы жобалар аясында өлкетану экспедициялары ұйымдастырылып, бес жылда 20-ға жуық маршрут бойынша тарихи-танымдық зерттеу жұмыстары жүргізілді. Оқушылар 300-ге жуық тарихи нысандармен танысты. Оның ішінде көне археологиялық мұралар, өндірістік кәсіпорындар мен табиғи қорықтар да бар.

Думан АНАШ,

«Егемен Қазақстан»