Елбасы Н.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында айтылғалы бері қоғамда қызу талқыланып келе жатқан латын әліпбиі мәселесі әртүрлі пікір-көзқараспен ширатыла келе, түйінін тауып, ресми түрде жаңа бетбұрыс кезеңіне өтті. Бұл – тарихи шешім.
Қазақ еліне құтты болсын айтамын. Осымен үлкен жұмыс аяқталды деп есептемеу керек. Керісінше, қат-қабат, қыруар, маңызды жұмыстың басы деп қабылдауымыз керек. Келесі жылдан бастап тиянақты іске асыруға кірісеміз. Алда әлі жаңа әліпбидің іске асыру тетіктерін бағдарлау, ғылыми-әдістемелік жоспарын жасау, көпшіліктің кеңесін зерделеу секілді толып жатқан міндеттер тұр. Жұмыс басталды. Латын әліпбиіне көшкенде тіл ережелері қайтадан жасалады. Ең бастысы, тіліміздің бүкіл заңдылықтарын өзінің табиғатына сай жасап шығаруымыз керек.
Зиялы қауым өкілдері, тілшілер қауымы жаңа әліпбидің ережелерін, оқулықтарын, мұғалімдерін дайындау ісіне асықпай, науқандатпай жұмыла кіріскені жөн. Тіл білімі ғылымының заңдылықтары бойынша олқы тұстарын жетілдіріп, қолға алынуы тиіс маңызды кезеңдерін жүйелеп, тізімін жасап, жоспарлы түрде жұмыс істеуге ғалымдарымыз әзірлігін осы сәттен бастап кетуі керек. Халықаралық тәжірибені ескеріп, өз тіліміздің негізіне сүйене отырып, жаңа әліпбимен қазақи, төл дыбыстың заңдылықтарына сәйкестендіріп, бір тілдің табиғи ерекшелігіне бағындыру оңай шаруа емес. А.Байтұрсынов негізін қалап берген жап-жақсы, жан-жақты төл, ғылыми жүйемізге оралудың мүмкіндігі бұл. Сөзбен емес, білек сыбанып іс-қимыл танытатын кезең келді. Мемлекеттік маңызы зор бұл іргелі мақсатты орындауға Тіл білімі институты жұмыла кіріседі. Ең бастысы, мемлекеттік тілімізді бүкіл қоғамдық салада еркін қолданылатын дара, негізгі, әрі жұмыстың, әрі қарым-қатынастың құралына айналдыруымыз керек. Негізгі мақсат – Қазақстандағы әр азаматтың мемлекеттік тілді жетік білуіне жағдай жасау. Өйткені тіліміз еркін дамыған жағдайда Қазақстан тәуелсіздігі түғырына түседі деп есептейміз. Латын әліпбиін қабылдау да осы ұлы мақсат жолындағы басты қадам.
Ерден ҚАЖЫБЕК, А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының директоры, ҰҒА корреспондент-мүшесі, филология ғылымдарының докторы, профессор