Кеше Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жетекшілік етуімен жалпы отырыс өтіп, онда бірқатар халықаралық маңызға ие құжаттар ратификацияланды.
Сонымен қатар Үкімет басшысының атына жолдаған депутаттық сауалдарында сенаторлар Қытайдағы қандас бауырлардың бүгінгі жай-күйіне өз алаңдаушылықтарын білдіріп, судан келер қауіп-қатер мен оған деген тапшылықтың тауқыметін сөз етті. Ал сенатор Әли Бектаев болса мемлекетіміздің мүмкіндігі жете тұра әлеуметтік сала қызметкерлері жалақысының аздығына көңіл аудару қажеттігін айтты.
Күн тәртібіне сай Сенат депутаттары алдымен Қазақстан мен Сауд Арабиясы Корольдігі арасындағы ұстап беру туралы келісімді ратификациялады. Бас прокурордың орынбасары Андрей Лукин таныстырған бұл Келісім әрбір уағдаласушы мемлекеттің өзінің аумағында жүрген, ұстап беруге әкелетін қылмыстар үшін күдік келтірілетін, айыпталатын немесе сотталған кез келген адамды қылмыстық жауапкершілікке тарту немесе сот үкімін орындау мақсаттарында ұстап беруіне бағытталған. Сол себептен де Келісімде адамды ұстап берудің және одан бас тартудың негіздері көзделген. Сонымен қатар жиын барысында Қазақстан мен Сауд Арабиясы Корольдігі арасындағы сотталған адамдарды беру туралы келісім ратификацияланды. Құжат сотталған адамдардың азаматтығы жағынан тиесілі қоғамға қайта араласуына жәрдем көрсетуге, әлеуметтік оңалтуға, сотталған адам азаматы болып табылатын мемлекетте жазаны өтеуді жалғастыру мақсатында барынша ынтымақтасуды жүзеге асыруға бағытталған.
Келісімнің ережелеріне сәйкес, тараптардың әрқайсысы екінші тарапқа оның аумағында екінші тараптың кез келген азаматына қатысты шығарылған, бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны көздейтін, соттың заңды күшіне енген үкімдері туралы дереу хабарлауға міндеттенеді.
Сенаторлар талқылаған үшінші мәселе − Ұстап беру туралы конвенцияны ратификациялау. Конвенцияға 1933 жылғы 26 желтоқсанда Монтевидео қаласында (Уругвай Республикасы) қол қойылған. Конвенция айыпталушыларды немесе сотталған адамдарды әлеуметтік оңалтуға жәрдемдесу мақсатында оларды ұстап беру саласында ынтымақтастық орнатуды, сондай-ақ сотталған адамдар үшін жазасын өз елінде өтеу мүмкіндігін жасауды көздейді.
Заң жобасы жөнінде баяндама жасаған Бас прокурор орынбасарының түсіндіруінше бұл Конвенцияның ережесіне сәйкес, оған қатысушы мемлекеттер өздерінің аумағында жүрген айыпталушыларды немесе сотталған адамдарды қылмысы үшін қылмыстық қудалауды және сот үкімін орындауды жүзеге асыру үшін беруге міндеттенеді.
Айта кетейік, Конвенцияны ратификациялау кезінде Қазақстан Республикасы Конституциясының 11-бабына сәйкес Конвенцияның 2-бабы бойынша өздерінің азаматтарын ұстап бермеуі туралы, сондай-ақ 15-бабы бойынша іздестіріліп жатқан адамның мүліктерін тәркілеу және беру Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылатыны жөнінде мәлімдеме жасау ұсынылады.
Сондай-ақ Палата Инвестициялар және даму министрлігінің жауапты хатшысы Замир Сағыновтың таныстыруымен «Қазақстан Республикасы мен Азия Даму Банкі арасындағы № 2967-KАZ Қарыз туралы келісімге (Жай операциялар) (ОАӨЭЫ 2 Дәліз инвестициялық бағдарламасы [Маңғыстау облысындағы учаскелер] – 2-жоба) түзетулерге қатысты Қазақстан Республикасы мен Азия Даму Банкі арасындағы келісім-хатты ратификациялау туралы» заңды қабылдады. Құжаттың негізгі мақсаты ОАӨЭЫ 2 Дәліз инвестициялық бағдарламасының 1-қосымшасымен Маңғыстау облысындағы ұзындығы 73 шақырым «Жетібай-Жаңаөзен» жолын реконструкциялауды қаржыландыру болып табылады.
«Жоба Қазақстан мен Азия Даму Банкі арасындағы Қарыз туралы келісім аясында «Шетпе-Ақтау» жобасы бойынша үнемделген қаражат есебінен жүзеге асырылады. Сонымен қатар, Келісім-хатты ратификациялау Қазақстан автомобиль жолдарын дамыту және реконструкциялау бойынша шығындарды тиімді басқаруға бағытталған. Осы жобаның іске асуы Қазақстанда көлік дәліздерін дамытуға негізделген және көлікке жәрдемдесу саласындағы шараларды жақсартуға бағдарланған көлік саясатын қалыптастыруға ықпал ететін болады», деді З.Сағынов.
Қандастар күйіне алаңбызКүн тәртібіндегі мәселелер қаралып болған соң, Сенат депутаттары әдеттегідей өз құзыреттері шеңберінде Үкімет басшысының атына сауалдарын жолдады. Сенатор Нұрлан Қылышбаев Қытайдағы қандас бауырлардың бүгінгі жай-күйіне алаңдаушылығын білдірді.
«Қытай Халық Республикасының Шыңжан-Ұйғыр автономды аймағында тұратын қазақ ұлты өкілдерінің заңды құқықтары қысым көріп жатқаны туралы шілде айындағы Дүниежүзі қазақтарының құрылтайында көтерілген болатын. Содан бері ақпараттық кеңістік пен әлеуметтік желілерде Шыңжанда қоныс тепкен бір жарым миллионнан астам қандастарымыздың заңды құқықтарының шектелуі жөніндегі әңгіме кеңінен таралып келеді. Бұл ақпарат қаншалықты шындыққа жанасады және Сыртқы істер министрлігі мәселені зерделеп сараптау үшін қандай жұмыстар атқарды, дипломатиялық жолдар арқылы Қытай тарапымен келіссөздер не болмаса консультациялар жүргізілді ме?», деді Н.Қылышбаев. Ал өз кезегінде сөз алған депутат Ерік Сұлтанов Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстарында топтық су құбырларын қайта құру үшін қаражат бөлу қажеттілігін көтерді.
«Өткен ғасырдың 60-80-жылдарында салынған су тартқыштардың жалпы ұзындығы 2 920 шақырымды құрайды, бүгінгі күні олардың 965 шақырымының пайдалану нормативтік мерзімі бар, қалған 67%-ы немесе 1955 шақырымы өзінің нормативтік мерзімін 2 есе өткерген және толығымен тозған. 2012 жылдан бастап 4 топтық құбырлар бойынша 8 022 апат орын алған. Магистралды құбырлардың қатты тозуына байланысты тасымалдау кезінде суды жоғалтудың жалпы көлемі 65%-ды құрайды. Бұл жағдай суды өндірушілер мен тұтынушылар шығындарының ұлғаюына әкеліп соғуда және біздің мемлекетіміздің тұщы су сынды құнды және жаңартылмайтын табиғи ресурсын сақтау стратегиясына қайшы келеді. Аталған мәселенің әлеуметтік-экономикалық маңыздылығын ескеріп, Солтүстік Қазақстан мен Қостанай облыстарының топтық су құбырларын реконструкциялау үшін Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Қазсушар» ШЖҚ РМК-на қаржы бөлу мәселесінің оң шешілуіне ықпал етуіңізді сұраймыз», деді Е.Сұлтанов Премьер-Министр Б.Сағынтаевтың атына жолдаған сауалында.
Жаңа мамандық жарға жықпайдыӘріптесінің бұл ойын құптай түскен сенатор Дархан Кәлетаев болса, гидротехникалық қадағалауға қатысты және зілзаладан қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы проблемаларды шұғыл шешумен қатар, еліміздегі жоғары оқу орындарында жаңа мамандық иелерін даярлау қажеттігін алға тартты.
«Бүгінде елімізде су гидротехникалық құрылыстарына (ГТҚ) бақылау жұмыстарын ешкім жүргізбейтіні анықталды. Қазақстанда қолда бар 1 665 гидротехникалық құрылыстың 392-і шұғыл жөндеуді қажет етеді. Осы күні шағын ГТҚ-лар үлкен проблемаға айналып отыр. Өйткені, олардың жартысы қараусыз қалған, иелері жоқ немесе пайдалану қызметі көрсетілмейді. Сол сияқты Қазақстанда жер сілкінісіне төзімді құрылыс саласында ҚазҚСҒЗИ және Сейсмология институты сияқты құрылымдар жұмыс істейді. Бұл институттар өз қызметін жекеленіп және қалдық қағидаты бойынша толық емес көлемде қаржыландырып жүзеге асырады. Қазіргі уақытта, «ҚазҚСҒЗИ» АҚ-тың инженерлік-сейсмометриялық қызметінің 12 стансасының 8 аналогты аспаптары ескірген. Жалпы, сейсмологиялық бақылаулар саласында 63 сейсмикалық стансалардан 57-сі жұмыс істейді. Осындай себептерден жер сілкінісі туралы деректер уақтылы өңделмей және ол туралы төтенше жағдайларды басқару органдарына шұғыл ақпараттар кешіктіріліп жеткізіледі.
Мәселен, жер сілкінісі кезінде төтенше жағдайлар органдары шетелдік дерек көздердің мәліметтерін пайдаланады. Өйткені олар 7 минут ішінде жедел және шынайы ақпаратты береді, ал біздің стансалар бұл ақпаратты 15 минуттан кейін алады. Осыған байланысты, мұндай институттарды жаңғырту үшін оларды қазіргі заманғы аппаратурамен бағдарламалық қамтамасыз ету және байланыс құралдарымен толық қайта жабдықтау туралы шешім қабылдау керек. Сонымен қатар сейсмикалық қауіпсіздік және геологиялық саланы білікті кадрлармен қамтамасыз ету мақсатында Қ.Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ-де «Сейсмология» мамандығы бойынша магистратура мен докторантура және «Геофизикалық іздеу әдістері және пайдалы қазбалар кен орындарын барлау» саласы бойынша маман даярлау ісіне көмек көрсету қажет», деді Д.Кәлетаев өз сауалында.
Әлеуметтік қорғау, денсаулық сақтау, білім беру салаларындағы медициналық, арнайы әлеуметтік мекемелерде қызмет жасайтын орта және кіші буын мамандардың жалақыларының төмендігін сөз еткен сенатор Әли Бектаев олардың арасында кадр тұрақтамайтындығын алға тартты. Сонымен қатар істеп жатқан орта және кіші буын мамандарының көпшілігінде білімі орта, категориясы жоқ, еңбек өтілі аз екендігі де айтылды.
«Біз әлеуметтік қорғау, білім беру, денсаулық сақтау мекемелеріндегі орта және кіші буын мамандар мен қызметшілердің еңбекақысын кемінде 2 есеге көтеру қажет деп есептейміз. Осы салаларда еңбек етіп, бар тауқыметті көтеріп жүрген 200 мыңнан астам орта және кіші буын қызметшілердің жалақысына тағы да 50 мың теңгеден қосылғанда шамамен 10 млрд теңгенің көлемінде қаражат қажет. Мұндай шешімге біздің мемлекетіміздің саясаты да тура келеді, мүмкіндігі де жетеді. Оған қоса бұл саладағы қызметкерлердің басым көпшілігі қыз-келіншектер мен аналар», деді Ә.Бектаев.
Оның айтуынша, бүгінгі таңда халықты әлеуметтік қорғау саласына қарасты әлеуметтік-медициналық мекемелерде 8 434, білім беру саласындағы арнайы интернаттарда 6 050, денсаулық сақтау мекемелерінде 194 089 орта және кіші сатыдағы қызметшілер жұмыс істейді екен.
Нұрлыбек ДОСЫБАЙ, «Егемен Қазақстан»