Кеше Назарбаев Университеті Гуманитарлық және әлеуметтік ғылымдар мектебі қазақ тілі және түркітану департаментінің ұйымдастыруымен «Қазақ тілі мен түркітанудың өзекті мәселелері: ХХІ ғасырдағы рухани жаңғыру» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция жұмысын бастады.
Үш күнге жоспарланған жиынның алға қойған мақсаты жайлы көпшілікке таныстырған басқосу модераторы, танымал ғалым, университеттің қазақ тілі және түркітану кафедрасының меңгерушісі Юлай Шамилоғлы, аталмыш шараны тарихтың жаңа парағы ашылған күн деп атап өтті. Ғалымның олай айтуына себеп: халықаралық деңгейде беделі үлкен аталмыш университет қабырғасында бұған дейін қазақ тілі мен түркітану мәселесі талқыланбаған екен. Екіншіден, бұл басқосудың тағы бір тарихи маңызы – қазақ тілі мамандары мен оқытушылардың халықаралық қауымдастығын құрып, оның жарғысын бекіту мәселесі де конференцияның күн тәртібіне қойылып отыр.
Сонымен басқосудың мақсатына тоқталсақ, жиынға шақырылған қонақтар мен тіл білімінің ғалымдары өзара пікір алмасып, тәжірибе жинақтаумен қатар, қазіргі рухани жаңғыру барысында ұлттық сананың өзегі саналған қазақ тілін дамытудың бағыттарын айқындап, оны оқытудың академиялық әрі кәсіби негіздерін ойластырып, сондай-ақ үздік инновациялық технологияларды қолдану арқылы түркітануды жетілдіру мәселелерін қарастырмақ.
Жоғарыдағыдай талқыға түскен маңызды тақырыптар мен өзекті пікір алмасулардың шынайы жанашыры ретінде танымал Түркі академиясы халықаралық ұйымы да аталмыш шарадан тыс қалмады. Жиынға қатысушыларға аталған мекеме атынан жолданған құттықтау хат оқылды. Онда: «Бүгінде президенттік «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында әр алуан зор жұмыстар атқарылып жатыр. Осы бағыттағы көп міндеттердің бірі – елімізде кеңестік кезеңнен бері бай дәстүрге ие болып келген түркология ғылымын қайта жаңғырту, оның дамуына жаңа серпін беру болып табылады.
Қазіргі заманғы түркология өз дамуының жаңа сатысына көтеріліп, өресі кеңейіп, алтайтану саласымен ұштасып, екінші жағынан қазақ тілтанумен де етене жақындығы күн сайын айқындалуда. Түркі академиясы халықаралық ұйымы мен Назарбаев Университетінің алдына қойған мақсаты ортақ. Ол – біздің еліміздің ғылымына үлес қосып, жаңа дәуірдің талабына сай жас ұрпақтың тарих сахнасына шығуына ұйытқы болу» делінген.
Сонымен қатар конференцияның рухани-қоғамдық маңызы жайлы пікір білдірген Назарбаев Университетінің проректоры Адесида Илесанми мырза, тілдің ұлт үшін маңызы зор екеніне тоқтала отырып, бұл жолғы талқылаудың өзектілігі – ұлттың рухани жаңғыруына қатысты дегенді баса айтты.
«Сондай-ақ тіл дегеніміз – адамның жаны, демек адамның жаны тілі арқылы байланысады һәм белгілі бір топтың ішіндегі қарым-қатынасты күшейтеді. Сол себепті де, біз қазақ тілі мен түріктану кафедрасын ашып, қазақ тілін жаңғыртудың қажеттілігін қолға алып отырмыз», деді проректор мырза. Әрі қазіргі таңдағы қазақ тілінің латын әліпбиіне өтуі де дұрыс қадам екенін атап өтті.
Конференцияның алғашқы күні Польша еліндегі Адам Мицкевич университетінің профессоры Хенрик Яновский, Германиядағы Йоханнес Гутенбург университетінің ғалымы Юлиан Рентьшс, Назарбаев Университетінің профессоры Андрей Фильченко, Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының қызметкері, филология ғылымдарының докторы Айгүл Ісімақова, ҰҒА корреспондент-мүшесі Шерубай Құрманбайұлы бастатқан шетелдік және отандық ғалымдар баяндамалар жасаса, басқосудың келесі күні толықтай түркология тақырыбына арналды.
Бұл ретте түркітанушы ғалымдар тарапынан «ХХІ ғасырдағы түркітану мәселелері», «Түркітану және антропология», «Түркі тілдеріндегі космогониялық фразеологизмдер» қатарлы тақырыптар талқыға түсті.
Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»