Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің әскери бөлімдерінде 2016 жылғы күзде шақырылған мерзімді қызметтегі әскери қызметшілерді запасқа салтанатты шығару рәсімі өтті.
Белгіленген мерзімді өткерген және запасқа босатылатын әскери қызметшілер, әскери абырой, ар-намыс пен даңқтың символы – Жауынгерлік тумен қоштасты. Салтанатты сап түзеуде бөлім командирлері оларға сәттілік, ал отбасыларына бейбіт аспан тіледі. Бұдан кейін қызметтік жауынгерлік тапсырмаларды адал орындағаны үшін сарбаздар мақтау қағаздар, алғыс хаттар, қызмет туралы фотоальбомдар және естелік сыйлықтармен марапатталды.
Салтанатты рәсімде запасқа босатылған әскери қызметшілер соңғы рет өздерінің бөлімдерінің алаңқайында сап түзеп жүріп өтті. «Қызметімізді жылы сезіммен және жақсы әсерлермен еске алып отыратын боламыз. Біз үшін теңіз жаяу әскері туған үйімізге айналды, теңіз жаяу әскерінің жалыны жүрегімізде от болып лаулап тұрады. Бізге демеу болып, қолғабыс жасаған, оқытқан, бұл жолдан өтуге көмектескен баршаларыңызға алғыс білдіреміз», деді №25744 әскери бөлімі теңіз жаяу әскерлерінің сарбаздары атынан сөз сөйлеген қатардағы жауынгер Еркінбек Аңсар.
Десанттық-шабуылдау әскерлерінің жауынгерлері Виталий Родионов, Нариман Думанов пен Жәнібек Әбілдин Қарулы Күштердің ҚАЗБАТ бөлімшесінде қызмет еткендерін мақтан тұтады. Олардың айтуынша, дәл осы жерде, яғни әскерде ең жақсы адами және кәсіби қасиеттерді бойларына жұқтырған. «Адал қызметтерің үшін үлкен алғыс білдіремін. Сапта тұрған әрқайсыларың өздеріңнің қажырлы еңбектеріңмен аға буынның дәстүрін лайықты түрде жалғастыра отырып, Отанға деген адалдықтарыңды дәлелдедіңдер. Өмірдегі өз жолдарыңды табуларыңа тілектеспін. Бұған Десанттық-шабуылдау әскерлерінде жинақтаған тәжірибелерің септігін тигізеріне сенімдімін», деді салтанатты шара барысында Десанттық-шабуылдау әскерлері қолбасшысының орынбасары полковник Виктор Житник.
Еске салсақ, 2017 жылы барлығы 5 мыңға жуық мерзімді әскери қызметші запасқа босатылады.
Қайрат ЖҮНІСҰЛЫ