• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Аймақтар 27 Қазан, 2017

Қызылордада апатты тұрғын үйлердің мәселесі толығымен шешілді

380 рет
көрсетілді

Қызылордада тұрғын үйлері апатты деп танылған отбасыларға жаңадан салынған 305 пәтерлік 6 көпқабатты үй пайдалануға берілді. Баспаналы болғандардың ішінде зейнеткерлер, жас және көпбалалы отбасылар мен жұмыссыздар да бар. 

Облыс әкімі Қ.Көшербаев пәтер иелеріне кілттерін табыстап, тұрғындарды қоныс тойымен құттықтады.

«Біз мемлекеттік бағдарламалар аясында салынған үйлермен қатар, жыл сайын апаттық жағдайдағы үйлердің мәселесін де кезең-кезеңімен шешіп келеміз. Бұған дейін апатты деп танылған үйлердің орнына 204 пәтерлік 4 көпқабатты тұрғын үй пайдалануға берілген болатын. Бүгін осы игілікті істердің жалғасы ретінде Жаппасбай батыр көшесі мен Титов қыстағындағы жаңа мөлтек ауданда 305 пәтерлік 6 көпқабатты тұрғын үйдің кілтін салтанатты түрде табыстағалы тұрмыз. Нәтижесінде биыл қаладағы апаттық жағдайдағы тұрғын үйлердің мәселесі толығымен шешімін тапты деп айтуымызға болады. Осы игі істердің барлығы - Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың  сындарлы саясатының арқасында қол жеткізіп отырған ең басты жетістігіміз. «Өз үйім – өлең төсегім» деп, басында жеке баспанасы болуын армандамайтын адам жоқ. Үйлі болса, іші жанға толса екен дейді. Бүгін Сіздер сол армандарыңызға қол жеткіздіңіздер, енді іші сәбидің күміс күлкісіне толсын дейміз», - деді облыс әкімі.

Жаңа қонысқа қол жеткізген тұрғындар ризашылықтарын білдіріп, облыс басшысына алғыстарын жеткізді.

Айта кетуіміз керек, 2013 жылы Қызылорда қаласында 300-ге жуық отбасы тұратын 25 апатты үй болған. Бұл мәселені шешу үшін 6 көппәтерлі тұрғын үйдің жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп, өткен жылдары оның 4-еуі пайдалануға берілді. Соңғы 4 жылда Қызылорда қаласында 14 шағын аудан бой түзеп, тек осы жылдың өзінде 61 көпқабатты үйдің 24-і пайдалануға берілді. Ал соңғы 4,5 жылда өңірдегі құрылыс көлемі 3,5 есеге, облыс орталығында 8 есеге артты.