Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Ж.Түймебаев барша отандастарды қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшуімен құттықтады. Бұл туралы әкім Астана мен Алматы қаласынан келген белді тарихшы, ғалымдар мен қоғамтанушылар қатысқан басқосуда айтты, деп хабарлады ОҚО әкімінің баспасөз қызметі.
«Кеше Елбасымыз қабылдаған латын әліпбиіне көшу туралы Жарлығын Қазақстан Республикасындағы ең үлкен оқиғаның бірі деп айтуға болады. Мұндай әліпбимен қазір дүниенің 90 пайызы деп айтуға болады пайдаланады. Осындай қауымдастықтың ішінде Қазақстан да жүруі керек. Бұл латын әліпбиін қолдануды біз жаңадан бастап жатқан жоқпыз. Өткен ғасырдан тәжірбиеміз бар. 1929-1940 жыл арасында біздің әкелеріміз бен аталарымыз осы жазуды қолданған болатын. Міне, Президентіміз осы қаріпке көшуді қайта жаңғыртып, ұсынылған латын әліпбиінің жаңа нұсқасын бекітті»,-деді аймақ басшысы.
Сонымен қатар, Жансейіт Түймебаев жаңа әліпбиді қолданысқа енгізу бойынша жүргізілетін жұмыстарда кедергілер болмайтынын айтып өтті.
«Біздің тарихымызда көне Түркі жазуы , араб жазуы, латын жазуы бәрі басымыздан өтті. Ал қазіргі жастарымыз ағылшын альфавитін жақсы меңгеріп алған. Сондықтан да бұл тәжірибені де біз игере аламыз. Бізде ешқандай қиындық туындамайды, үйренеміз. Бұл біздің еліміздің рухани жаңғыруындағы жаңа қадам деп есептеуге болады. Елбасымызға осы латын әліпбиіне көшу туралы бастамасы үшін алғасымызды білдіреміз»,-деп сөзін түйіндеді әкім.
Жиынға «Интеллект Орда» Халықаралық әлеуметтік-гуманитарлық зерттеулерді ықпалдастыру институтының бас директоры, тарих ғылымының докторы, профессор, академик - Саттар Мәжітов, Абылай хан атындағы Халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің педагогика ғылымдарының докторы, профессор, академик - Дина Жүсібалиева, Д.А.Қонаев атындағы Еуразиялық заң академиясының профессоры, филология ғылымының докторы, академик - Гүлмира Білялова, «Әлеуметтік зерттеулер жөніндегі әйелдер қауымдастығы» ҚБ президенті, Абылай хан атындағы Халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің кафедра доценті, әлеуметтік ғылымдарының кандидаты, академик - Тамара Климова, Т.Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясының , «Қазақстан тарихы және әлеуметтік ғылым» кафедрасының доценті, тарих ғылымының кандидаты - Мендығаным Шаймерденова және 12 сарапшылар мен ғалымдар қатысып отыр.
Сонымен қатар, кездесуде тараптар Оңтүстік Қазақстан облысында рухани жаңғыру бойынша арнайы жобалардың іске асырылуы мен оның қазақстандық және халықаралық деңгейде насихатталу жайын сөз етті.
Айта кетейік, Оңтүстік Қазақстан облысында «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының аясында іске асатын жобалар «Интеллект-эксперт» әлеуметтік-экономикалық зерттеулер орталығының өкілдерімен бірге жүзеге асатын болады. Олар облыста этносаралық қарым-қатынасты, рухани құндылық пен мәдениеттің табиғатын, өңірдің миграциялық, яғни көші-қон процестері мен қоғамдық сананы жаңғырту жолдарын халықаралық тәжірибеге сүйене отырып зерттеу және сараптау жұмыстарын жүргізетін болады. Өтетін іс-шараларға әлемдік және қазақстандық тәжірибелері мол ғалымдар мен сарапшылар және Оңтүстік Қазақстан облысының мамандары қатысады.