Бүгін Түркі академиясы халықаралық ұйымы (TWESCO) Алматы қаласында түркі әлеміне ортақ құндылықтарды саралау мақсатымен «Рухани жаңғыру: тұлғалар тағылымы» тақырыбында дөңгелек үстел өткізді
Орталық ғылыми кітапханада ұйымдастырылған келелі жиынға белгілі қоғам қайраткерлері, түркітанушы-ғалымдар және зиялы қауым өкілдері қатысты.
Дөңгелек үстелді жүргізіп отырған Академия басшысы Дархан Қыдырәлі шараның мақсатына тоқталды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасында көтерілген ауқымды мәселелер туралы айта келе, сол міндеттерді жүзеге асыру мақсатында әрі бауырлас елдер арасындағы ғылыми ынтымақтастықты арттыру үшін Академия тарапынан атқарылған іс-шаралар ретімен де таныстырып өтті. Сонымен бірге, көпшілікке ұйымның қызметі мен ғылыми жобалары жөнінде баяндады.
Бұдан өзге, кездесуде сөз алған Қазақстан Республикасының Ұлттық Ғылым академиясының президенті Мұрат Жұрынов, Түркі кеңесі Ақсақалдар кеңесінің мүшесі Әділ Ахметов, Қырғызстандағы Манас қырғыз-түрік университетінің профессоры Қадыралы Қоңқабаев және А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры Ерден Қажыбек құнды ойларымен, пайымды пікірлерімен бөлісті.
Шара барысында танымал академиктер, ғылым майталмандары Ш. Сарыбай, Ә. Қайдар және Р. Сыздықты Академия тарапынан арнайы марапаттау рәсімі де өтті. Сондай-ақ, 2014 жылы Түркі академиясының кітапханасына әйгілі мажар түркітанушысы Иштван Қоңыр Мандокидің 16 мыңнан астам жеке кітап қоры мен құнды қолжазбаларын тапсырған ғалымның жары Оңайша Мақсұмқызына сый-сияпат көрсетілді.
Айта кету керек, алқалы шара шеңберінде көпшілікке Академияның ғылыми жобалары негізінде жарық көрген жаңа еңбектер таныстырылып, кітап көрмесі ұйымдастырылды.