• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Футбол 28 Қазан, 2017

Стойлов: Енді «Ақжайықты» жеңу үшін барымызды саламыз

288 рет
көрсетілді

«Астана» футбол командасының бас бапкері Станимир Стойлов Қазақстан премьер-лигасының ХХХІІ туры аясында Алматының «Қайратына» қарсы ойыннан кейін баспасөз конференциясын өткізді.

- Біз бүгін жоспарымызды толықтай орындап, чемпиондықты шешіп қоюды ойлап едік. Бірақ қолымыздан келмеді, жоспарымызды орындай алмадық. Ойыншыларым үлкен қысымның астында ойнады. Оларға сенімділік жетіспегені көрініп тұрды.. Ал стандартты жағдайдан гол жіберуіміз... өкінішті-ақ. Бірінші гол соғылғаннан кейін өз ойынымызды жоғалтып алдық.  

- Алда «Маккабиге» қарсы маңызды ойын күтіп тұр. Логвиненконың жағдайы туралы пікір білдірсеңіз.

- Ол мұрнын сындырып алған сияқты. Алдағы екі ойынға қатыса алмайтыны анық.

- Биыл «Қайратқа» қарсы төрт ойынның үшеуінде жеңіліп қалдыңыздар. Алматының командасын жеңуге не жетпейді?

- Бұрын «Қайратты» жеңу керек болса, жеңетін едік. Бүгін қолымыздан келмеді. Бұл жолы бізге сенімділік жетіспегені анық. Өз кезегінде «Қайрат» та гол соққанға дейін айтарлықтай қауіп тудырмады.  Бүгінгі жеңілісімізді өз мойныма аламын. Дұрыс шешім қабылдамаған секілдімін. 0:0 кезінде ойын тең дәрежеде жүріп жатқан. Ешкімнің басымдығы білінбеген еді.

- «Қайрат» ойын соңына таман қарқынын күшейтті...

- Тағы да қайталап айтайын, бірінші голдан кейін біз өз-өзімізді жоғалтып алдық. Осының салдарынан ұйымшылдығымыз да жоғалды. Ал ары қарай... Міне, осыдан кейін «Қайраттың» да ойыны күшейіп кетті.

- Шымкентке екінші құрамды апарып, асығыс шешім қабылдадым деп ойламайсыз ба?

- Біз бірінші құраммен де жеңіліп қалуымыз мүмкін едік. Жоспарымыз басқа еді. Енді соңғы турдағы «Ақжайықты» ойлауымыз керек. Егер соңғы турада жеңіске жетсек осыған дейінгі құрған жоспарымыздың дұрыс болғаны. Ал егер кері жағдай болып жатса жыл бойғы алға қойған стратегиямыздың дұрыс болмағаны. «Ақжайықты» жеңу үшін қолымыздан келгеннің бәрін жасаймыз.

- «Маккабиге» қарсы негізгі құрамды апарсыз ба, әлде «Атлетикомен» өткен ойын секілді басты ойыншыларыңызға демалыс беріп, «Ақжайықты» ойлайсыз ба?

- «Қайратпен» ойын жаңа ғана аяқталды. Қазір ол туралы әлі ойланбадым. Жылдам шешім қабылдау қиын. Екі ойынды да жоғары деңгейде аяқтауға тырысамыз. Сондай-ақ көп нәрсе ойыншылардың жағдайына да байланысты болмақ.

Аян ӘБДУӘЛИ, «Егемен Қазақстан»