Егемендіктер өз оқырмандарымен шығармашылық байланыс жасауды ұдайы басты назарда ұстап келеді. Бұл игі дәстүр бүгін Алматыда жалғасын тапты.
«Егемен Қазақстан» газетінің басшылығы зиялы қауым өкілдерімен бірге Алматы қаласындағы Қоңыр Мандоки атындағы №154 жалпы білім беретін мектеп ұжымымен кездесті.
Есімі күллі түркі әлеміне кеңінен танымал, қазақ тілінің жанашыры, Еуропаның XX ғасырдағы аса ірі ғалымы Мандоки Иштван Қоңырдың есімімен аталатын білім шаңырағында өткен келелі кездесу мектеп ұстаздары мен жас шәкірттерді үлкен әсерге бөледі. Кездесуге «Егемен Қазақстан» газеті АҚ Басқарма Төрағасы Дархан Қыдырәлі, басылымның Алматыдағы тілшілер қосынының меңгерушісі Нұрғали Ораз, Венгрияның Алматыдағы бас консулы Ференц Блауманн, Қоңыр Мандокидың жары Оңайша Мақсұмқызы, Түркі Кеңесі жанындағы Ақсақалдар Кеңесінің мүшесі, белгілі ғалым Әділ Ахметов, Қырғызстандағы Манас түркі университетінің профессоры Қадыралы Қоңқабаев, Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының директоры Ерден Қажыбек сынды бірқатар зиялы қауым өкілдері қатысты.
Басылым басшысы Дархан Қуандықұлы кездесудің маңыздылығына тоқтала келіп, ғасырлық тарихы бар ата басылымда былтырдан бері педагогика саласына бірден-бір басымдық беретін білім беру ісінің қызметкерлеріне, ата-аналар мен оқушыларға арналған тәжірибе алмасудың ортақ алаңына айналған «Білім» және «Тәлім» беттерінің үздіксіз шығып келе жатқанын тілге тиек етті. Биылғы оқу жылынан бастап мектептерге енгізіле бастаған жаңа білім беру жүйесінің артықшылықтары, білікті ұстаздардың тың тәжірибелері мен танымдық материалдары, білім берудің жаңартылған мазмұнына сай зерделі зерттеулер, атқарылып жатқан басқа да көптеген игі шаруалардың газет бетінде үздіксіз көрініс тауып жатқанын, бұл өз кезегінде, ел дамуының негізгі күштерінің бірі саналатын жалпы орта білім беру саласына, ұстаздар қауымына басылым тарапынан көрсетіліп отырған қолдау екенін айтты.
Сонымен бірге аталған білім шаңырағының түркі дүниесінің толағай тұлғасы Мандоки Иштван Қоңырдың атымен аталуының тегін емес екенін, ол кісінің қайраткерлік жолы жас ұрпаққа үлгі екендігін айта келіп мектеп ұжымына «Халықаралық түркі академиясында» жарық көрген су жаңа кітаптар сериясын сыйға тартты.
Алқалы басқосуға келген зиялы қауым өкілдері мемлекет дамуы үшін жастарымыздың жан-жақты білімді зияткер ұрпақ боп қалыптасуы аза маңызды екенін тоқталып, жас шәкірттер мен мектеп ұжымына толайым табыстар тіледі. Мектеп өнерпаздарының мың бұралған биі мен күмбірлеген күйі кездесуге жиылған қонақтарды қуанышқа бөлеп, замандастары тарапынан Қоңыр Мандоки жайлы әсерлі естеліктер айтылды.
Кездесу соңында аталған білім шаңырағының директоры Қаламқас Алмасбаева зор қуанышын жеткізіп, келген қонақтарға алғысын білдірді.
Арман ОКТЯБРЬ, «Егемен Қазақстан» АЛМАТЫ