Бес күн бойы Алматы шаһары республикамыздың түкпір-түкпірі мен әлемнің әр шалғайынан жиналған ұстаздарды тоғыстырып, «Өзін-өзі тану – сүйіспеншілік пен шығармашылық педагогикасы» тақырыбындағы халықаралық форумына ұйытқы болды.
Бір жағынан педагогикалық форум мегаполистегі «Бөбек» ұлттық ғылыми-практикалық, білім беру және сауықтыру орталығының 20 жылдығына арналды. Жиын жұмысына «Бөбек» қорының президенті және «Өзін-өзі тану» адамгершілік-рухани даму бағдарламасының авторы Сара Назарбаева, Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек, Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев қатысты.
Сондай-ақ халықаралық деңгейде мойындалған мұғалімдер – адамның өзін өзі жетілдіруі мен психологиялық педагогикада өз әдістерін қалыптастырып, оқулықтар жазған ғалымдар Джумсаи Ат Онг (Таиланд), Шалва Амонашвили, Паата Амонашвили (Грузия), Мейер Марианна (Копенгаген-Франкфурт), Фон Калиновски Петра (Германия), Юлия Семендуева (Ресей) Джафар Маллаев (Ресей), Риза Халилов (Әзербайжан), Клара Мансурова (Ресей), Ангелина Могилевская, Дерижан Иске (Болгария) Екатерина Артамонова (Ресей), Галина Новикова (Ресей) сынды педагогика саласындағы танымал тұлғалар қатысып, шеберлік дәрістерін өткізді.
Аталмыш жиынның айрықшылығы да осында, «Бөбек» қорының президенті Сара Назарбаева атап өткендей, «...Біз әлдеқашан ұмытып, қаперден шығарып алған ғасырлар бойғы рухани-адамгершілік білімді қайта жаңғырту керек. Міне, қазіргі қоғамға жетісе бермейтін рухани діңгек осы болса керек», дейтін тұжырымы уақытпен үндесіп жатыр.
Осылайша алдымен ізгілік пен сүйіспеншілікті мұрат тұтқан адамгершілік пен мейірімділіктің ең ұлы қағидалары еліміздің «Бөбек» балалар қорының негізіне айналғанына 20 жыл толды.
«Бөбек» қорының президенті Сара Назарбаева орталықтың алғашқы күннен бергі аса маңызды міндеті – жоғары білімді, денсаулығы мықты әрі рухани дамыған тұлға қалыптастыру екенін атап өтті. Республика мұғалімдерін емен-жарқын, бүкпесіз сұхбаттар құруға шақырды. «Дұрыс ұйымдастырылған білім жалпы адамгершілік құндылықтарынан тұрады. Тек білім арқылы ғана біз қоғамда рухани байлықты қалыптастырып, әр адамның бойындағы ерекше қасиеттерді танимыз әрі жүзеге асырамыз, соның арқасында мемлекетке, барша адамдарға пайдасын тигізуге ықпал етеміз», дейді Сара Алпысқызы.
Не десек те, Қазақстандағы «Бөбек» орталығы құрамына балалар бақшасы, гимназия мен колледж енген жаңа типтегі айрықша білім кешені екенін атап өткен жөн. Әлемдік білім берудің бай тәжірибесі де қайтадан білім беру ісіндегі адамгершілігі жоғары және рухани жағынан дамыған тұлға қалыптастыру қағидасына оралып отыр.
Мәселен, Сара Алпысқызының «Біздер қандай ата болсақ та, алдымен балаларымыздың басқалардан артық, тапқыр, талантты болғанын қалаймыз. Алайда, қымбатты достар, бірінші біз бұл жайында емес, балаларымыздың жақсы Адам болғанын армандауымыз керек. Оның айналасына жақсылық жасауы, қоғамға зиянын емес, пайдасын келтіруі жайында ойлануымыз керек», дегенімен шәкірт тәрбиелейтін әрбір маман келіседі. Сонымен салтанатты түрде ашылған халықаралық педагогтар форумында Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев Қазақстан Премьер-Министрінің құттықтау жеделхатын оқып берді.
Үкімет басшысының жеделхатында «Бөбек» қоры құрылған кезеңнен бастап балалардың құқығы мен мүдделерін қорғау жұмыстарын атқарып келеді. Сара Алпысқызы, Сіз қор құрылған сәттен бастап балаларға адамгершілік, рухани тәрбие берудің және олардың жан-жақты жетілген тұлға болып қалыптасуының жаршысы болып келесіз», делінген.
Қарап отырсақ, «Бөбек» өзінің даму жылдарында балалардың сауықтыру-бейімдеу орталығынан өзекті ғылыми-тәжірибелік, білім беру және сауықтыру жобаларын жүзеге асыратын көпбейінді кешенге айналды. Мұнда отандық білім саласы үшін жаңа стандарттар, оқу бағдарламалары мен әдістемелік әдебиеттер жасалады. Сара Назарбаеваның басшылығымен «Өзін-өзі тану» рухани-адамгершілік бағдарламасы бойынша барлық өңірлерде қанатқақты мектептер ашылды.
«Өзін-өзі тану» бағдарламасы еліміздің барлық мектептерінің оқу процесіне енгізілген. Алматыда бұл бағыт бойынша 8 қанатқақты оқу орны жұмыс істейді. Қаланың 817 педагогы «Өзін-өзі тану» пәнін оқытады, 525 арнайы кабинеттер бар, биылғы жылы осы бағдарлама бойынша 194 педагог білімдерін жетілдіру курстарында болды, дейді қала басшысы..
Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек қаланың білім беру көрсеткіштеріне теңдессіз үлес қосқан «Өзін-өзі тану» бағдарламасының маңыздылығын атап өтті. Алматылық оқушылар 6 жыл қатарынан ҰБТ тапсыруда көшбасшы болды. 15 жыл бойы республикалық ғылыми жобалық конкурстарда бірінші орынды иеленуде. Қала оқушылары 12 жылдан бері республикалық олимпиадада командалық бірінші орынды, ал 11-сынып оқушылары арасында өткен Президенттік олимпиадада төрт жыл қатарынан бірінші орынды жеңіп алды.
«Бүгінгі күні жалпы адамгершілік құндылықтар кей ретте тоқырауға ұшырай бастағанда «Өзін-өзі тану» бағдарламасы жан-жақты тұлға қалыптастырудың негізгі пәндерінің біріне айналды. «Өзін-өзі тану» нағыз адам болуға, айналадағы әлемді жете тануға және бағалауға, үздік, білімді, ашық болуға, Отанға риясыз қызмет етуге баулиды», дейді Алматы әкімі.
Шаһар басшысы білім берудің басты бағыттары туралы айта келе, мұғалімдерді шаттыққа бөлеген жақсы жаңалықты жариялады. Қалалық әкімдік жеке инвесторлардың демеушілігімен «Бөбек» қорының мерейтойына орай үздік ұстаздарға тағы да 5 пәтердің кілтін ұсынды. Және айта кетерлігі, бастауында Сара Алпысқызы Назарбаева тұрған «SOS Балалар ауылдары» да өздерінің 20 жылдығын атап өтті. «SOS Балалар ауылдары» балалар үйлерінің тиімді баламасына айналды. Мұнда ата- анасыз қалған балалар жаңа отбасына ие болып, үй жылуына бөленеді.
Қорыта келгенде, рухани-адамгершілік білім беру мәселелері бойынша өткен форумда «Жүрек сырын сүйіспеншілікпен ашу...» фильмі көрсетіліп, еліміздегі педагогика саласының ғалымдары сөз алды.
Философия ғылымдарының докторы Серік Нұрмұратов «Рухани жетілу – адам болмысы мен болашағының негізі» дейтін ізденістерімен бөлісті. Ал профессор Грета Соловьева «Ақпараттық технологиялар дәуіріндегі өзін өзі тану: мән-мағына табу» мәселесі тұрғысында сөз қозғаса, «Оқулық» республикалық ғылыми-тәжірибелік орталығы директорының орынбасары Әділхан Дүйсебек «Постиндустриялық қоғамға өту жағдайында білім берудегі парадигмалық трансформациялар» тақырыбын қаузады.
Кезегімен сөз алған Парамент Мәжілісі Төрағасының орынбасары Гүлмира Исимбаева осы жиырма жылдың аясында мыңдаған бүлдіршіндер «Бөбек» ҰҒПББСО-да айрықша білім алып, өзін-өзі тану дәрістері тұрақты өзгеріп отырған әлем жағдайында адамның толыққанды жолындағы жан-жақты мүмкіндіктерді қамтитын болашақтың білім беру моделінің негізіне айналғанын атап өтті.
Қазақстандағы БҰҰ (ЮНИСЕФ) балалар қорының өкілі Юрий Оксамитный да «Бөбек» орталығының өзіндік орнына тоқталып өтті. Пленарлық отырыста шетелдік ғалымдар қазіргі ізгілік педагогикасы, инклюзивті білім берудің рухани-адамгершілік аспектілері, отбасылық симфония мен отбасылық конституция жайында баяндамалар жасап, ой бөлісті.
Бес күнге созылған форум дүйсенбі күні салтанатты түрде жабылады. Халықаралық форумның жұмысы баяндамалар мен шеберлік сабақтарды ғана емес, концерттік бағдарламалар мен қошеметті марапаттауларды да қамтыды.
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ
Суретті түсірген Юрий БЕККЕР