• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Әлем 30 Қазан, 2017

Сауд Арабиясында әйелдерге спорт стадиондарына кіруге рұқсат берілді

322 рет
көрсетілді

Сауд Арабиясының әйелдеріне келесі жылдан бастап спорт жарыстарын тамашалау үшін стадиондарға ерлермен бірге кіруге рұқсат берілді. 

Бір айта кетерлігі, өткен айда Сауд Арабиясының тәуелсіздік күніне орай өткен футбол матчын тамашалауға Эр-Риядтағы стадионға әйелдер де кіргізілген болатын. Ал енді келесі жылдан бастап барлық әйелдер спорт ойындарын стадионнан тамашалай алады. Сауд Арабиясының спорт органы әзірге дайындық Эр-Рияд, Джидда және Даммам қалаларындағы ең ірі үш стадионда басталатынын айтты. Қажетті инфрақұрылымдарды енгізу жұмыстары 2018 жылы аяқталады деп жоспарланып отыр. 

Сауд Арабиясының ханзадасы Мохаммед бин Салман корольдік бұрынғыдай барлық дінге түсіністікпен қарайтын мемлекетке айналу керек деп есептейді. Дәл осы мақсатпен 2 жыл бұрын Vision 2030 бағдарламасы қабылданған болатын. Бағдарлама бойынша жастар мен әйелдердің мүмкіндіктері мен құқықтарын арттыру басты назарға алынған. Сонымен қатар бағдарлама экономиканың мұнайға тәуелділігінен бас тартып, еңбек нарығына жастар мен әйелдерді көптеп тартуды көздеп отыр.

Негізі Сауд Арабиясындағы жүйе бойынша әйелдер оқуға түсу, жол жүру үшін әкесінің, ағасының немесе күйеуінің рұқсатын алуы керек. Ендігі даму бағдарламасында кейбір нормалар жеңілдетілген. Тіпті, исламның қатаң қадағаланауын бақылап, кейде қатыгездікке баратын діни полицияның да мүмкіндіктері шектеліп, олар үлкен қалаларда азайған. Естеріңізде болса, қоғамды жаңғырту бағдарламасы бойынша өткен айда әйелдерге көлік жүргізуге рұқсат берілген болатын. 

Дегенмен, бұл реформаларға қарсы пікір білдірушілер қатары да күн санап артып келеді. Әлеуметтік желілерде «Алдымен әйелдерге көлік жүргізуге рұқсат берілді. Енді стадиондар. Ары қарай не болады?» деп жазушылар қатары көп. Бірақ сарапшылар реформаларға қарсы консервативті ортаның кері реакциясы болатынын алдын ала болжаған болатын. «Батыл шешімдерге қарамастан, 1970 жылдан бері келе жатқан консервативті көзқарастың басымдығын аз уақытта жою мүмкін емес. Ультраконсервативті және радикалды элементтер жаңа бастамалараға қауіп төндіре береді", дейді Eurasia Group аналитикалық компания мамандары.

Гүлнұр Қуанышбекқызы,

"Егемен Қазақстан"